Home » Білім және тұлға » Жер бетіндегі ең таза жер – балабақша

Жер бетіндегі ең таза жер – балабақша

 

Адам бойындағы ең ізгі қасиет –  кеңпейіл бола білу. Шындығында мұндай қасиетке ие адамдардың өзгелерден айырмашылығы білініп тұрады. Бұны бүгін балабақша есігін қаққанда байқадым. Сол мәртебеге ие ерекше есімнің иесі – Шакирова Курбанкул Утеповна.

Шакирова Курбанкул Утеповна  24 наурыз 1967 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген.  Бала кезінен-ақ қоғамдық жұмысқа белсене қатысқан екен.  Оқу озаты болғанын да мақтанышпен атап өтті. Мамандығы – мақтанышы.  Неге десеңіз, Курбанкул Утеповна өмір атты жағалауда жүрек қалауымен жүріп келе жатыр. 1984 жылы 10-сыныпты бітіріп, Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педучилищеге  «Мектепке дейінгі даярлық» бөліміне оқуға түскен. Бұл  оқу орнын 1987  жылы бітіргеннен кейін, құрбыларымен бірге Қазалы ауданындағы Түктібаев деген елді-мекендегі балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа кіреді. Кейін бір жылдан соң өзі туып өскен жердегі №17  «Жадыра» балабақшасына  меңгеруші болып тағайындалады. Маман етіп қалыптастырған, өсірген ортасы, су ішкен құдығы  осы жер екенін ерекше атап өтті. Тұрмыс құрғаннан кейін 1995 жылы жолдасының жұмыс бабымен Алматы қаласына қоныс аударады. Ал Алматыдағы еңбек жолын Алматы қаласы № 104 бөбекжай балабақшасында тәрбиеші болып бастайды.

Бүгінгі  күні  Алматы қаласы, Жетісу ауданы  № 97 балабақшаның меңгерушісі. Бұл туралы өзі:  «2014 жылдың басынан осы балабақшада меңгеруші болдым. Балабақша 6 топтық, 140 орынға арналған. Осы жыл аралығында да  ауыз толтырып айтарлық жұмыс жүргізілді» – дейді. Бұған себеп болып отырған мынандай айтулы іс-шаралар:

03.12.2014  жылы  «1-желтоқсан  Қ.Р Тұңғыш Президенті күні тақырыбында аудан көлемінде меңгерушілердің қатысуымен семинар болды.

25.04.2017 жылы  Алматы қаласы  Білім басқармасының мектепке дейінгі бөлімі және қала тәрбиешілеріне  «Бірегейлік және бірлік» тақырыбында мектепке даярлық «Балдырған» тобы тәрбиешісі Г.Ф Лаханованың  ұйымдастыруымен өтті.

13.12.2017 жылы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде  Қ.Р Тәуелсіздігінің мерекесіне орай «Мен өз елімнің болашақ патриотымын» тақырыбында аудан көлемінде  «Балауса» ересектер тобының бүлдіршіндерімен тәрбиешісі Г.Қ.Кусайынованың  ұйымдастыруымен семинар болып өтті.

Ал, жеке жетістіктеріне тоқталатын болсам:

2012 жылы Республикалық «Балалық шақ» орталығының директорының Құрмет грамотасымен;

2015 жылы Жетісу АББ басшысының арнайы  «Мадақтамасымен»;

2015 жылы  Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік даму жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін Ғылым және білім министрлігінің  «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Ескі жылды қуанышпен еске ала отырып: «2017 жыл біздің балабақша үшін ерекше жыл болды. Балабақша педагогтарымен, тәрбиешілердің іс-тәжірибесімен жинақталған «Ұрпақ-тәрбиесі ұлт мүддесі, тәуелсіздік тірегі» атты әдістемелік құралымыз жарық көрді. Бұдан жас тәрбиешілер өзіне керекті әдіс-тәсілдерді, пайдаланып қолданады деген сенімдемін» — деп ілтипатын білдірді.

Басшылық қабілет кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Белгілі бір мекеме орнынан мінезі жұмсақ басшы  сирек кездестіретініміз рас. Соның бірі осы Шакирова Курбанкул Утеповна. Осы орайда образын ашу үшін мінезі туралы білгім кеп сұраған едім. Сонда өзінің кешірімшіл жаман әдеттен қашық, жақсы әдетке асық екенін айтып өтті. Бүгінде қызметпен қатар отбасын алып жүрген бір жанұяның ұйытқысы. «Қызметте көтерілуім, еңбекте еш кедергісіз алға жылжуым үйдегі жолдасым Мараттың арқасы. Ол кісі мені қашанда қолдап отырады» —  деп ілтипатын білдіріп өтті. Иә, жақсы жұмыс орны, жақсы жолдас кез-келген әйел затының арманы. Осы жағынан жолы болған Курбанкул ханымның бүгініне шүкіршілігі, ертеңіне сенімі берік. Отбасылық ұстанымы ардақты ана, адал жар, аяулы әже болу болса, педогогикалық ұстанымы саналы білім, сапалы беру. Қорытынды сөзін «Жер бетіндегі ең таза жер- мешіт деп айтады ғой, ал мен екінші таза жер – балабақша деп айтар едім. Өйткені балабақша  кішкентай періштелердің мекені. Менің мойынымдағы міндетім де мамандығымның киесі де, қиындығы да осы періштелерді үлкен өмірге дайындау.  Тағдырдан артық шебер, Өмірден артық ұстаз жоқ. Мақсатым: осы ұстанымдарды жүзеге асыру. Мен үшін ұстаз болу – сезімнің ақылдылығы, адамның асылдығы, мінездің жайлылығы» –деп аяқтады.

Байқағаным, ізденіс жолында, кідіріссіз қозғалыста болу Утеповнаны басқаларға үлгі етті. Енді тек сіз бен бізбірге ары-қарай қанат қағып, құрметінің  артуын тілейік!

                                                                                           Жадыра Бағашар,
 Білім айнасы,
Алматы қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.