Тәрбие сағаттың мақсаты: 1.1986 жылдың желтоқсанындағы адал да аңғал Қазақ жастарының бостандыққа қарсы жойқын бұлқынысы, бейбіт шеруге шыққан, тұңғыш рет Кеңес империясының зорлықшыл тас қамалына тайсалмай қарсы шыққан Желтоқсан құрбандарының ерлігін, жалынды жырларын оқушылар көңіліне ұялату. 2.Оқушылардың тіл байлығын, сөйлеу мәдениетін дамыту. 3.Оқушыларды адамгершілікке, Отанын сүюге, сыйластыққа, ұлтшылдыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Желтоқсанға шыққан жастардың фотолары салынған буклеттер, шарлар, нақыл сөздер.
Тәрбие сағатының барысы
- Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушыларды түгелдеу
- Дайындықтарын тексеру
- Негізгі бөлім
1 Жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар! Біз бүгін дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі 1986-ның желтоқсанына арналған «Желтоқсан желі – ызғарлы» атты тәрбие сағатын ашық деп жариялаймыз. Тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер.
16 – желтоқсан. Бұл ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет мидай араласқан әрі жарқын, әрі қаралы күн еді. Бұл қасіретті күн Қайрат, Қайыркелді, Түгелбай, Сәбира, Ербол, Ләззат сынды жүздеген, мыңдаған қыршындардың қанатын қиып түскен озбырлық күні, өктемдік үні еді.
2-жүргізуші: 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумында Д. Қонаевтың зейнеткерлікке шығуына байланысты Республика компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы міндетінен босатылды. Оның орнына Ресейден келген Г. В. Колбин сайланды. Төтенше өткен пленум 18 минутта аяқталды.
Асығыс өткен пленум шешімі дүйім Қазақ халқымен санаспаушылық болып табылды. Пленум шешіміне көңілі толмаған халықтың жүрегінде наразылық ұшқыны лаулай түсті.
Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Құшақ жая таныстым сан тіліммен.
Жаман үйді қонағы билейді де
Қала жаздап айырылып өз тіліммен.
Өзге тілге еліктеп ел болмайық,
Қазағымның артық жоқ өз тілінен.
Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын,
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,
Шарықтасам, қыран боп қырға шықтым.
Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым өмірге, қайта келдім.
Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске
Айта бергім келеді, айта бергім.
Ұлы аманат етейін еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін жер кіндікте
Аңсаймын мен сенемін туады ертең,
«Қазақ болу» зор бақыт күндер тіпті.
Мерей, Маржан, Жанар, Зейнеп, Ақнұр өлеңдері
Ән: «Желтоқсан ызғары»
Орындайтын: Лаура, Таңшолпан, Жұлдыз
1 Жүргізуші: Иә, аңғал сеніммен алаңға шыққан бейкүнә қыз – жігіттер «контрреволюционер» емес еді. Олардың ойы халықтың құқықтары мен проблемалары туралы сөз жүргізу еді. Алайда оларды бір қолында шоқпары, бір қолында қалқаны бар қарулы, сақадай сай әскерлер қарсы алды. Бейбіт шеруге шыққан жастардың бейбіт тілегі ағаш жаңқасындай быт-шыт болып ұшып жатты. Үкімет үйінде жастар шеруін қуғындау үшін астыртын «Құйын — 1986» деген оперативті жоспар құрылып жатты. Ал алаңдағы жастар жайбарақат еді, аңғал еді, алаңсыз еді.
Көрініс: «Студенттер алаңда»
1 Жүргізуші: Түн. Кәдімгі миллиондаған түндердің бірі, бірақ бұл түн өзгеше түн еді. Себебі бұл түнде қаланың кез-келген тұсынан ұсталған жастарды ұрып-соғып, өлімші халге жеткізді. Осындай қатігездікті көрген, оларға араша түсем деп жүргендердің бірі Қайрат Рысқұлов еді.
Көрініс: Қайраттың қысқа ғұмыры
2 Жүргізуші: Сол Желтоқсан оқиғасынан кейін оны «Савицкийді өлтірген қылмыскер» деп жала жауып «Аса қауіпті қылмыскерлер изоляторында» зорлық-зомбылық көрсетті. Небәрі 21 жас ғұмыр кешті.
Анасының оқыған хаты
Жалалы боп, қатты батты жаныма,
Жазалаушы қағаз алдым қолыма .
Жігіттер – ай айтып – айтпай не керек,
Жазған екен маңдайыма, сорыма.
Біріншіден мен анамды сағындым !…
Екіншіден бұл Қудай ға не қылдым?!
Бостандықта еркін жүрген жан едім,
Енді, міне, абақтыға жабылдым.
Әкетай – ау, пайғамбар дай жасың бар,
Туа бермес сіз секілді асылдар.
Қартайғанда жүрегіңді жаралап,
Кесір болды – ау біз секілді « масылдар »
Айналайын ағалармен женгелер,
Бұл өмірде сіздерге кім тең келер.
Сүмірейіп сот алдында отырған,
Бауырыңды енді кімдер ескерер.
Өздеріңе аман — саулық тілеймін,
Өздеріңмен бірге болсын тілегім
Өздеріңе тіл қата алмай, достарым,
Қайғы – мұңлы өмірімді бастадым.
Айналайын қарындасым, қарағым,
Қолда кісен, мен айдауға барамын.
Қайғы шегіп, азап тартқан ағаңды,
Айтшы жаным, қандай жанға баладың?…
Айналайын інішегім, құлыным,
Сені ойласам , үзіледі жұлыным.
Сенің ерке ақ жүзіңді қөре алмай,
Кетіп барам мен айдауға, құлыным.
Асыл анашым мына хат сендердің қолдарыңа жетер, жетпесін кім біледі? Егерде жетсе сендерді жақсы көретінімді айтқым келеді. Сенің ақ сүтіңді ақтай алмай кететініме өкінемін. Әттең сенші маған анашым. Жаман еш нәрсе жасағаным жоқ. Менің айыбым ұлтымыздың намысын таптатқым келмегені. Алаңға шыққан әрбір қызды өзімнің қарындасымдай көрдім. Оларды мұзға отырғызып, шаштарынан жұлып, үстеріне су шашқанда ағатайлар көмектесіңдер деп құлын дауыстары шыққанда ет – жүрегім езілді. Уақыт өтер бәрі өзгерер әлі. Еліміз егемендікке қол жеткізсе, бейбіт заман орнайтынына сенемін. Қош бол, анашым. Қош бол, қарындастар. Қош бол, халқым менің!
Қайрат Рысқұлбековтың анасының жоқтауы:
Елім, елім, елім деп, Ар-намысын сақтаған.
Бұйырғанда өлімге, Кірпігін де қақпаған.
Батыр бабаң Бауыржан, Қолдады ма, қарағым,
Желтоқсанның шыдадың, Толғағына, қарағым.
Айналайын Қайратым …..
Арман, арман, арман көп, Айтылар теңеу қалған жоқ,
Қысқа ғұмыр сүрсең де, Таң қалдырған қарағым!
Алатауға абиыр, Алып берген қарағым!
Ерлік жолын халқыңа, Салып берген қарағым!
Мамық болсын қара жер, Жатқан жерін жарық боп,
Бақұл бол, бақұл әй, көкем, Тәубе, тәубе, тәубе етем!
2 жүргізуші: Кінәлі ме, ақын Қайрат, ер Қайрат,
Ауа жетпей атып шыққан алаңға.
Қылғындырған қиянатқа көнбеді ол
Тапталғысы келмеді оның табанға.
Әсте естен шығармайды жыр мұңы,
Айтады ылғи домбыраның күмбірі.
Аты аталса күрсіндірер жылатып,
Желтоқсандық азамат пен құрбыны.
Жатыр бүгін Мойынқұмның бауырында
Қара өлеңнің ерте солған бір гүлі.
Айналайын, ағайындар ақ жүрек,
Жолың түссе, басына бар, тағзым ет
1 – Жүргізуші: Иә, Қайраттың бала үнінен, Махамбеттің арынын, Шәкәрімнің қайғысын, Мағжанның махаббатын, Мұқағалидың арман – сағынышын, өкініш – күрсінгенін сезгендей боласың. Орталықтың қара түнегіндей найзағай боп жарқылдап, жыр нөсермен күн шұғыласындай жалпақ әлемге танылған әрбір Желтоқсан құрбандарының отбасысында осындай жағдайлар орын алып жатқан еді.
2 – жүргізуші: Алматының Чайковский атындағы музыкалық училищесінде қобызшы мамандығы бойынша оқып жүрген Ләззат Алтынайқызы Асанованың 16 жылдық қысқа ғұмыры ерте үзілді. Ол Ақжүніс пен Құртқа, Әлия мен Мәншүк секілді қазақтың ер жүрек қыздарының ерлігін қайталады. Туған елінің азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы қазақ жастары көтерілген 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде қайсарлық пен ерлік көрсетіп, құрбан болды.
19 желтоқсанда ауруханаға бас сүйегі мен миынан жарақаттанған, энергетика институтының 2-курс студенті Ербол Сыпатаев әкелінді. 23 желтоқсанда есін жимастан қайтыс болды. Ербол – бір үйдің жалғыз баласы еді. «Құйын – 86» операциясының құрбаны болды.
1 – жүргізуші. Сабира Мұхамеджанова Алматыдағы жастар шеруін жұдырықтай жүрегімен қолдап, Өскемен қаласының студенттерімен бірге Ушанов алаңына қарай өлең айтып, шеруге шықты. Оны дүрбелеңге үн қосқаны үшін айыптап, тәртіпсіз деп бағалаған. Училищеден жазықсыз шығарып жіберген қорлығына шыдай алмай Өскемен педагогикалық училищесінің І курс студенті Сабира Мұхамеджанова жатақхананың өзі тұратын бөлмесінің терезесінен секіріп қаза тапқан еді.
Сабира Мұхамеджанованың анасының жоқтауы:
Қазаққа да еркіндік
Тиетін күн бар ма екен?!
Өтеміз бе, қарағым,
Еркіндікке жарымай
Өжет едің, өткір ең
Жалтақтығың жоқ білем.
Боташым – ау Сабирам…
Көз жасым мынау парлаған
Даусым ащы сарнаған
«Аман қыл!», − деп ел-жұртты,
− Тәңірден медет сұрайын
Айналайын Құдайым,
Тыныштық бер еліме
Ғұмыр бергін жасыма,
Енді қайғы төндірме,
Қартайғанда басыма!
Ләззат Асанованың анасының жоқтауы:
Желтоқсанның анаға,
Ызғары көп, қарағым,
Намыстан өлген қазақтың,
Қыздары көп, қарағым.
Бота көзің боталап,
Қиянаттан қаталап.
Дәл он алты жасыңда,
Жан адам жоқ қасыңда.
Қыршыныңнан қиылдың,
Айналайын Лаззатым
Қара жерге бұйырдың.
Заманыңа қақайып,
Қарсы тұрған, боташым.
Алтын сақа асықтай,
Алшы түскен, қарағым.
Дәл өзіңдей қыз тапқан,
Мен де арман бар ма екен,
Қайтейін, құдай, қайтейін?!
Ербол Сыпатаевтың анасының жоқтауы:
Батыр атаң Әтікей,
Батыр бабаң Нұржеке ер.
Қара бұлттай түйіліп,
Сары бүркіттей шүйіліп.
Сары жебедей ысқырып,
Дұшпанға қан құстырып.
Тұлпар мініп шайқалып,
Жаудың бетін қайтарып.
Қара нардай қайыспай.
Соққыдан белі майыспай.
Көңдей илеп дұшпанын,
Тілгілеген қайыстай.
Бабасына ұқсаған,
Айналайын Ерболым!
Баба аруағы демеген,
Ер боп туған енеден.
Алын баулы ақсұңқар,
Биік тұғыр болмаса.
Аласа астаудан жем жемеген,
Жас болса да бас болып.
Батырға басын теңеген,
Айналайын, құлыным.
1 — Жүргізуші. Жазықсыз жапқан жалалар-ай,
Жылай, жылай соқыр болған анадай.
Әр түп ағаш бір қобызға айналды,
Өксігіне тұншығып.
Күңіреніп өтуге,
Омырауы даладай.
Ән: Желтоқсан құрбандары:
Орындайтын: Лаура
2 жүргізуші: Жауқазын ерте көктемде қар астынан шығытын нәзік гүл. Қар еріп, күн қатты қызғанда, тез қурап кетеді. Желтоқсан құрбандарының да өмірлері осы жауқазынның өміріндей қысқа болды.
Алматыда Республика алаңы,
Есіме ылғи жолтоқсанды салады.
Салады еске қыршын кеткен әпкені,
Салады еске опат болған ағаны,
Қаскүнемдер жас өркенді жайратты,
Қасыретті қанымды сан қандатты,
Жауыздыққа болмасын деп, куәгер,
Құртты, тынды Рысқұлбеков Қайратты.
Бірақ, бірақ халқым менің айбатты,
Көк аспанда күнін қайта жайнатты.
Бостандықтың бұлбұл құсын сайратты,
Төбесінде желбіретті байрақты.
Монолог: Мардан, Рахат
1 Жүргізуші: Желтоқсан оқиғасы Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжанова, Ләззат Асанова батырларымыздың бар екенін дәлелдеп берді. Ендеше, сол Желтоқсан құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алайық.
Үнсіздік
Желтоқсан жұлдыздары Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы»атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі «Алтын жұлдыз» тапсырылды. Сәбира, Ләззаттарға ақтау жөніндегі анықтама қағаздары берілді.
2 жүргізуші: Желтоқсан оқиғасы:
Бұл ерліктің тарихы
Желтоқсан оқиғасы
-Республикадағы халқымыздың рухани жеңісі
Желтоқсан оқиғасы
-Тәуелсіздіктің алғашқы беті
Осы оқиғадан кейін арада 5 жыл өткенде 1991 жылдың желтоқсан айының 16сы күні Қазақ елі шынайы тәуелсіздік алды. Биыл, міне тәуелсіздікке 26жыл, Желтоқсан оқиғасына 31 жыл толып отыр.
Аружан, Ақерке, Таңшолпан, Зейнеп, Гулзат
1 жүргізуші: Қазір бұл күн Қазақ халқы үшін ұлы күн, әрі қайғылы, әрі бақытты күн. 1986 жылғы Желтоқсан оғиғасы Қазақ халқында бұрын болмаған ең ауыр да, әділетсіз көтерілістің бірі еді.
Осы көтерілістің нәтижесінде 1991 жылы біздің еліміз өз алдына егемендік алып, тұңғыш президентімізді сайлап, тәуелсіз егеменді ел болдық.
Ән: « Жүрегім — Қазақ»
2 жүргізуші: Тәуелсіздік таңы атты,
Азаттықтың күні атты.
Тәуелсіздік алған ел
Егемен Қазақ халқы
Би: Қыздар – ай тобы
Хор: Қазақстаным Елім мен
1 жүргізуші: Еліміздің тәуелсіздік күні баршаңызға құтты болсын. Бабалардың арманы, аналардың тілегі болған бақыт – тәуелсіздік ХХ ғасырдың аяқталар тұсында біздің маңдайымызға дарып, алақанымызға қонды. Азаттық деген осынау қасиетті ұғымды жақындату үшін талай ерлердің жаны қиылды! Мемлекеттік тәелсіздік – ұлттық қауіпсіздікті және Қазақстандықтардың рухани әл-ауқатының өз күшіне, еркіне, қуатына сеніп, бар мақсаттарын жүзеге асыруының Қазақстандағы ұлттық келісім мен тыныштықтың кепілі. Мемлекетіміздің өсіп – өніп, шыңға жетіп өркендеуі – біздің жетістігіміз, халайық!
2 Жүргізуші: 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнімен сіздерді шын жүректен құттықтаймыз! Азат елдің, білікті, білімді, жігерлі азаматтары болыңыздар! – деген тілекпен тәуелсіздік мерекесіне арналған «Желтоқсан желі – ызғарлы» атты ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.
Нуржамал Аскаралиевна,
«Атбұлақ» жанында интернаты бар жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі,
Қазығұрт ауданы, Атбұлақ ауылы