Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың тірілдім мәңгі өлмеске,
Айте бергім келеді , айта бергім! – деп Тұманбай Молдағалиев ақынымыз жырлағанындай биыл тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл толып отыр. Аллаға шүкір, бүгінде шаңырағымыз биік, өзге елдермен тереземіз тең тәуелсіз, егеменді мемлекетпіз. Бұрынғы Қазақстанды, қазіргі жаңарған Қазақстанмен салыстыруға келмейді десек қателеспейміз. Осы күнді барша қазақстандықтар тойлайды. Тәуелсіздік күнінде желтоқсан жайлы жырламаған ақын, толғанбаған жүрек, толқымайтын адам жоқ шығар. Бірақ осы тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ…
Тарих беттерінің парақтарын ақтарсақ, сонау «Ақтабан шұбырындыды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, қойша қырылған «репрессия » жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең далада өмір сүруі қауіпі тұрды. Бүгінде тарих беттерінде алтын әріптермен жазылған
1986 жылғы 16 желтоқсанның мұзға жаққан алау, тәуелсіздік таңын тудырды. Желтоқсан десе — сол оқиғаға қатысқан ұлтымыздың ұлдары мен қыздары көз алдыма келеді. Өйткені қаншама жалындап тұрған жастарымыз өз өмірлерін тәуелсіздік үшін қия білді. Солардың арасынан Қайрат, Сәбира, Ләззат есімді аға-әпкелеріміздің есімдерін айтпай кетуге болмайды. Бұл біздің білетіндеріміз ғана. Ал аты аталмай кеткен аға-әпкелеріміздің саны қаншама?
Жеріміз азат болсын — деп, басшымыз қазақ болсын — деп желтоқсанның ызғарына қарамай , тәуелсіздік үшін жас жандарын құрбан еткен қазақтың батыр ұлдары мен қайсар қыздар ел есінде мәңгілік жатталып қалмақ.
Тәуелсіздік тарихын шолып, азаттықтың алғашқы уағын саралағанда, одақтан отауын бөліп, бөлек бағытын айқындаған қазақ халқы үшін
1992 жылдың орны ерек. Егемендігімізді қабылдап, төбемізге көк байрағымызды байлап, елтаңбамызды таңбалап, әнұранымызды әуелетіп, елбасымызды сайлап жас балаша қуандық.
Тәуелсіз болған 26 жылдың ішінде Қазақстан бағындырған биік асулар аз емес. Соның бірі кеше ғана өткен Экспо – 2017. Бұл жетістіктеріміздің барлығы – Тәуелсіз елдің президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі.
1 – желтоқсан Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті күніне орай, Красный Яр №1 орта мектебінде салтанатты сап түзеулер мен ашық сабақтар, әртүрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Әр іс – шараның негізгі мақсаты: Өз отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілікті арттыра отырып, өз ана тілін, әдет – ғұрпын, салт – дәстүрін сақтай білуге патриоттық сезімге тәрбиелеу.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» — дегендей, өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беріп келе жатқан ұстаздар қаумының еңбегі зор. Бүгінде16 –желтоқсан Тәуелсіздік күніне ерекше дайындалуда.
Ендеше мереке қарсаңында барша қазақстандықтарды 16- желтоқсан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Тәуелсіз елдің айдыны тасып, айбыны арта бергей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, тәуелсіздігіміздің көк туы аспанымызда желбірей берсін! — демекпін.
Красный ЯР №1 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:
Догдархан Гүлсара