«Қазақстанның болашағы – бүгінгі жастар.
Мұғалім оларға қалай білім берсе,
Қазақстан сол деңгейде болады.
Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр»
Н.Ә.Назарбаев
Қазіргі уақытта педагогика ғылымының бір ерекшелігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуы. «Педагогикалық технологиялар – бұл білімнің; басымды мақсаттарымен біріктірілген пәндер мен әдістемелердің; оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың өзара ортақ тұжырымдамамен байланысқан міндеттерінің, мазмұнының, формалары мен әдістерінің күрделі және ашық жүйелері, мұнда әр позиция басқаларына әсер етіп, ақыр аяғында оқушының дамуына жағымды жағдайлар жиынтығын құрайды».
Жеке тұлға дегеніміз – әлеуметтік қатынастар мен саналы іс-әрекеттің субъектісі ретіндегі индивид. Жеке тұлғаның басты белгісі – оның әлеуметтік мәнінің болуы және әлеуметтік функцияларды атқаруы.
Жеке тұлғаның ең маңызды белгілері – саналылығы, жауапкершілігі, бостандығы, қадір-қасиеті, даралығы.
Жеке тұлға – қоғамдық сананы алып жүретін адам, қоғамдық тірі жан.
Жеке адам деп – нақты адамды, қоғамның белсенді, саналы мүшесін, өмірге өзіндік белгілі бір көзқарастары бар, қарым-қатынастары бар, жеке моральдық талаптары, өзіндік психологиялық қасиеттері бар жан иесін айтамыз. Жеке адам көп саналы құрылымға ие.
Жеке тұлғаның белсенділігі деп – адамның іс-әрекеті үстіндегі жағдайын айтады. Тіршілік және іс-әрекеттері барысында адамның қарым-қатынас жасау, таным және өзін-өзі тәрбиелеу белсенділігі дамиды.
Жеке адамның бағыттылығы дегеніміз – сол адамның талғамы мен белсенділігін көрсететін ниеттер жүйесі.Осы жеке тұлғаны қалыптастырудағы инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану тиімді.
Инновациялық білім – іскерліктің жаңа түрі. Қазақстан мектептеріндегі басты мақсат – жедел дамып келе жатқан ортада өмір сүруге қабілетті, өзін-өзі дамытуға, өз ойын еркін айта білуге, өз қалаулары мен қоғам талабына сай өзін көрсете білетін, жоғары білімді, ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, отандық және әлемдік мәдениетті бойында қалыптастырған, бәсекеге қабілетті, шығармашылығы дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру.
Бүгінгі таңда еліміздегі білім беру жүйесінің ең басты міндеті – білім берудің ұлттық моделіне өту арқылы жас ұрпақтың деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізу. Ұлттық технологиялардың ең негізгі құндылығы – оқушының жеке тұлғасы, ал негізгі мақсаты – табиғи қабілеттеріне сәйкес тұлғаны дамыту және қалыптастыру.
Қазіргі заманғы ұлттық тәрбие берудің педагогикалық-психологиялық мәселелерін шеше отырып, білім берудің жаңа моделін негізгі қағидаларын шешу мақсатында елімізде инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр.
Жеке тұлғаны қалыптастыру оқушының өзі арқылы, оның іс-әрекетін ұйымдастыру арқылы, ойлау дағдыларын дамыта отырып жүзеге асырылады. Осындай өзекті мәселені шешу үшін әрбір педагог-психолог әр түрлі оқыту технологияларының оқу мазмұнын, әдістерін және құралдарын оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне орай таңдап, тәжірибеде сынап қарауда.
Жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді пайдалану – ұлттық білім сапасын арттырудың бірден-бір жолы, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге, интеллектуалдық дамуына көп әсері бар. Соның ішінде:
- Модульдік оқыту технологиясы
- Оқу мен жазуды сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы
- Сатылай комплексті талдау технологиясы
- Үш өлшемді әдістемелік жүйесі
- Зерттеу технологиясы
- Саралап деңгейлеп оқыту технологиясы
- Жобалық технология
- Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар
- Интерактивті тақтамен жұмыс т.б. көптеп қолданылады.
Интерактивтік, диалогтік, рефлексиялық тәсілдердің қолданылуы сабақ үрдісіне қатысушылардың белсенділігін, әдістемелік танымын арттырады және оның дәстүрлі оқытудан тиімділігі жоғары келеді.
Психологиялық қызметті ұйымдастыру барысында коррекциялық жұмыстарда СТО бағдарламасы да пайдалануда. Өйткені мұнда тұлғаның танымдық қызығушылығы, күрделі ойлау қабілеті, қоршаған ортаға көзқарасы, өмірдегі өзінің орны туралы ой-пікірінде өзгерістер пайда боларлық әдіс-тәсілдер қолданылады.
Тренингтік әдіс –тәсілдердің тиімділігі:
–оқушылардың арасында қарым-қатынас құзыреттілігінің қалыптасуы, әрбір жеке тұлғаның өз ортасында, өзге ортада еркін сезіне алуға мүмкіндік алуы.
Практика жүзінде меңгерген ұстаздар осы әдіс-тәсілдерді, қарым-қатынас жасау дағдыларын, ұжымдық ұстанымдарды бағалау әрекеттерін, өздерінің білім алу әрекеттерін кәсіби педагогикалық қызметінде пайдаланып, модельдей алатын болады.
Адамның өзін-өзі танып, өзгені түсініп, қоршаған ортамен қарым-қатынасты реттеп, позитивтік көзқарастар мен сенімді қалыптастырмайынша, білім беруді ізгілендіру мүмкін емес. Психологтың мұғалім ретінде оқыту процесіне араласуы оқушылармен, мұғалімдермен қарым-қатынас жасауын жақсартуына көмегін тигізетініне күмән жоқ. Осы себептерге байланысты психологияны пән ретінде енгізу – білім берудегі инновациялық қадам, жеке тұлғаның өзін-өзі дамыту үрдісі болып табылатын қадамның бастауы болуы сөзсіз деп сенеміз.
Оқыту технологиясының ерекшеліктері: оқушының белсенділіктерін арттыру; оқу материалында баланы қызықтыратындай құпиясы бар мәселе туғызу; материалды сезім мүшелері арқылы қабылдап қана қоймайды, білімге деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында меңгереді. Тірек белгілері арқылы технологияның негізін қалаған – В.Ф.Шаталов. Тірек белгілері арқылы оқыту технологиясы төмендегідей мақсатты көздейді: білім, білік, дағдыны қалыптастыру, барлық баланы оқыту, оқытуда жеделдету.
Бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастырудағы инновациялық технологиялардың рөлі мен маңызы зор.
Бүгінгі жаңа қоғамда мұғалімнің ішкі жан дүниесі де жаңаша, өйткені ХХІ ғасырда Қазақстан өскелең ұрпағынан үлкен үміт күтуде. Ал әрбір инновациялық технология мұғалімнен төмендегідей іс-әрекетті талап етеді:
-өз оқушыларының темпераментін, мінез-құлқын, көзқарасын, талғамы мен әдеп дағдыларының жеке ерекшеліктерін үнемі зерделеп, жақсы білуі;
-баланың ойлау ерекшелігін, қызығуларын, мүддесін, ұстанымы, бағытталуы,
өмірге, еңбекке көзқарасы, құндылық бағыттары, өмірлік жоспары сияқты аса маңызды тұлғалық қасиеттерінің нақты қалыптасу деңгейін қадағалап білуі;
-тәрбиелік әрекетке үнемі тартуы; мақсатқа жетуге кедергі келтіретін себептерді уақтылы айқындап жойып отыруы;
-оқушылардың дербес әрекетін, бастамашылдығын, әрекетшілдігін дамыта отырып, оқушыны табысқа жетелеу.
Осындай іс-әрекеттерді орындауға мұғалімге колледж психологы көмек көрсете алады. Өйткені, колледж психологы – мұғалімдердің мұғалімі;
-баланың қабілетін ашып, өз-өзіне сенімін күшейтіп, алға ұмтылдыратын үлгі-өнеге болатын тұлға;
-сезімтал, төзімді, байыпты, тыңдай білетін,мақсатқа жету үшін құпиясын ашуға көмектесетін жетекші;
-үнемі өз білімін толықтыру үстіндегі маман; бұл емші дәрігер секілді, бірақ тәннің емес, бала жанының шипагері;
-балаларға , олардың ата-аналарына дос, жолдас.
Ақыл айтып емес, мәселені бірлесіп шешуге көмектесетін қызықты серіктес.
Ендеше, жаңа дамып келе жатқан қоғамға жаңа білім алған, жаңа тұрмысқа, жаңа қатынастарға бейімделген, өзінің мүмкіндіктерін іске асыра алатын жоғары интеллектуалды тұлғаны қалыптастыруда қазіргі таңда педагог-психологтардың атқаратын міндеттері зор. «ХХІ ғасыр – бала психологиясының ғасыры болады» — деп, Э.Кей бекер айтпаған болса керек!
Сонымен қорыта келгенде, жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалды, кәсіптік адамгершілік, рухани азаматтық және де басқа көптеген адами келбетінің қалыптасуына әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үлгісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Сабақта қолданылатын әдістер көмегімен жеке тұлға ретінде жан-жақты дамыған, шығармашылық ойлау білімі меңгеріледі. Бұл проблемаларды шешуде жаңа технологиялардың атқаратын орны бөлек.
ХХІ ғасыр – жаңа технология мен ақпараттандыру ғасыры.
Тәуелсіз Қазақстанда сол ғасырға нық қадам басты. Ел өмірінің барлық саласы компьютерлендіріле бастады. Ендігі кезекте еліміздің ертеңі болар бүгінгі жас ұрпақ компьютердің қыр-сырын терең меңгеруі тиіс. Қазіргі кезде ақпараттық-коммуникациялық технологияны дамыту – білім беру саясатының ажырамас бөлігі болып табылады. Біз «ақпараттық жарылыс» дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Ғылыми білім мен ақпарат көздерінің мөлшері тез өсуде.
Алтын Сиражқызы Кимашева,
БҚО,Орал қаласы,
Жоғары аграрлық-техникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.