Home » Мақалалар » Жеке  тұлғаны «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы аясында тәрбиелеу

Жеке  тұлғаны «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы аясында тәрбиелеу

Қазіргі таңда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсіп жүр. Осы мақсатта біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар екендігін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  паш етті. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Қазақстан Президенті қашанда ел ертеңі білімді ұрпақтың қолында екенін айтып, ұдайы білім беру саласын қолдап отырады. Ендігі мақсат — Мемлекет басшысы Жолдауында келтірілген, алдымызға қойылған міндеттерді басшылыққа алып, жұмыс атқару.

Елбасымыз Мәңгілік Елге бастайтын, абыройлы әрі мәртебелі жолды жалғастыратын жастарға сенім артып отыр. Өйткені, Отанымыздың болашағын баянды етіп, аға буын салып кеткен сара жолды жалғастыратын – Жастар! Сондықтан, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену жолында аянбай еңбек етіп, Қазақ Елін төрткүл дүниеге таныту – тікелей жастардың қолында! Ұлт Көшбасшысының, ел ертеңі – жастарға көбірек жүгіне сөйлеуі – осының айшықты дәлелі.

Егеменді еліміздің алғы шарттары өркениетті елдер қатарына ену керек болса, өркениетке жету үшін жан – жақты дамыған, рухани бай тұлғаны өсіру керек. Жас ұрпақтың бойындағы қабілетін көру, оны жетілдіру, ізденгіштік қасиетін дамыту мұғалімнің ізденушілік,  шеберлік қабілеттеріне байланысты.  Ж.Аймауытов «сабақ беру үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер»-деген, яғни, оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіруге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға негізделуі қажет.

«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруда  ерекше назар аударатын тағы бір мәселе -ұлттық тәрбие. Тәрбие тал бесіктен басталады десек, ұлттық тәрбие отбасынан бастау алуы керек. Отбасылық тәрбие мәдениетті тұлғаларды қалыптастыруды басты мақсат ретінде ұстануы керек. Бұл жолда үлкенді құрметтеу мен ата-ананы сыйлауды, ар, намыс, ұят сынды құндылықтарды жастар санасына сіңдіруді басты идеологиялық ұстанымға айналдырудың маңызы зор. Қазақ болашағы тектілік пен кісілікті, бірлік пен татулықты, білім мен адамгершілікті ұштастыру негізінде жүруі тиіс. Отбасы мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі қажет. Отбасы болашақ жастарды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелей отырып, олардың санасына патриоттық сезім ұялатуы тиіс. Сонымен бірге, әйел-ананы қорғау, құрметтеу, жетім мен жесірді қорғау қоғамның ұлы жолдағы басты құндылығы ретінде мойындалуы тиіс.

«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру үшін бүгінгі жастар өз Отанын сүйетін ұлтжанды, патриот болулары керек. Патриотизм біздің қазақстандық жастар үшін этностарды бөлшектейтін, жіктейтін, бір-біріне қарсы қоятын күш емес, керісінше, біріктіретін күш ретінде мойындалуы тиіс және олардың ментальдық болмысында қағида ретінде қалыптасуы қажет. Ел мәртебесі, оның асқақтығы мен биіктігі, тұтастығы мен мызғымастығы тек әділеттілік пен өзара ынтымақтастық пен сыйластық негізінде қол жеткізілуі қажет. Қысқасы, бүгінгі қазақстандық жастарды осы аталған позитивті бағытта тәрбиелеудің маңызы зор.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа жолдаған жолдауында «Біздің міндет жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалана отырып, білім мен бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу» деп ұстаздар қауымының алдына жаңа міндеттер қойды. Жаңа оқыту технологияларының басты мақсаттарының бірі баланы оқыта отырып, оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Баланы қызықтыра тәрбиелеп, басқару оқушының білімге, ғылымға деген құлшынысын күшейтеді, өркендеуіне өте қажет шығармашылық қасиеттерін ашады. Мәңгілік ел педагогы өзін – өзі ұстай білуі, ілтипаттылығы, алғырлығы, сөзге шешендігі, төзім мен сабырлылығы және жан-жақты болу қасиеттерімен қатар сенім болуға тиіс.

Мәңгілік ел ұрпақтары ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін: оқушылардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру, жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту, ана тілі мен дінін, оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларды қастерлеу, жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру сияқты міндеттерді орындағанда ғана басты мақсатқа жетеміз.

Мектеп қабырғасында тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақтарға білімді өз бетінше ізденуіне, ұлттық тәрбиені сіңіріп, оның ерекшелігін терең білуге, құрметтеуге, үйретуге тиіспіз. Қазақ халқының салт-дәстүрінің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі аса зор, мәні үлкен. Ендеше ата-аналарымызға, ұстаздарымызға, оқушыларымызға білім беру барысында ұлттық салт-дәстүрлерді пайдалану олардың ұлттық рухты қалыптастыруға мол үлесін қосу қажет. Мектеп оқушыларының санасына халқымыздың тәрбие негізі, асыл қазынасы – салт-дәстүрлерін дұрыс жеткізе білсек, ертеңгі күні олардан ұлтжанды қазақ азаматы  шығатынына кәміл сенуге болады.

ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Жалпы жаңа ғасыр мұғалімі алдында үлкен жауапкершілік бар.

Келешек ұрпaқ–Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Сол Мәңгілік қaзaқтың пeрзентіне дұрыс тәрбие мен білім беруде ұстаздaр қауымының үлестері зор.

Мәңгілік Ел-жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Астанада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы «Мәңгілік Ел» идеясының мемлекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар…

«Мәңгілік ел» — ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы байқуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Қазіргі таңда бүгінгі қазақстандықтар осынау асу армандардың жүзеге асып, ақиқатқа айналғанына куә болып отыр.

Қаленова Гульзахира Сапарғалиқызы
 «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтының қызметкері

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.