Home » Мақалалар » Жеке тұлғаны жан-жақты дамыту

Жеке тұлғаны жан-жақты дамыту

Тәрбие — адамның жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнері мен мәнін, ой өрісін қамтиды, адамға оң мен солды, жақсы мен жаманды танытады.
Кезінде К.Д. Ушинский тек педагогикалық ережелерді жаттап алу тәрбие процесінде оң нәтиже бермейтіндгін, керісінше тәрбиенің ғылыми заңдылықтарын жете танып білудің қажеттілігіне баса назар аударуға кеңес берген. Сондықтан да тәрбие заңдылықтарын жетік білмейінше тәрбиені жетілдіру, дамыту мүмкін емес.
Педагогика ғылымында тәрбиенің заңдылықтарын ашып көрсетуді негізгі міндет ретінде қарастырмайды, керісінше оның заңдылықтары негізінде қандай принциптерді қарастыру қажеттілігіне көптеп көңіл бөледі. Сол себептен де кейбір жағдайларда тәрбие принциптері оның заңдылықтары ретінде қарастырылады.

Педагогтың тәрбиелік іс — әрекетіндегі басты мақсат – жеке тұлғаның өзіндік дамуына көмектесу, оның шығармашылық потенциалын жүзеге асыру, оқушының әлеуметтік – экономикалық мұқтаждықтары мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, оқушыларды жеке даралыққа үйретіп, өз проблемаларын шешудегі белсенділіктерін арттыруға қажетті және жеткілікті жағдай жасау.

Педагогтің тәрбиелік функцияларының мазмұны — педагогикалық процесті басқару функциялары негізінде анықталады.

 

«Педагогика ғылымы тәрбиенің мақсатын жеке адамды жан-жақты дамыту, әділетті қоғамды өз қолымен құратын және оны қорғай алатын азамат етіп тәрбиелеу деп қарастырылады. Тұлғаны жан-жақты жетілдіріп, дамыту ұғымы-оқу мен жастардың практикалық еңбегінің  тікелей байланысы, дененің және ақыл-ой дамуының біртұтастығы»

Жеке тұлғаны жан-жақты дамыту идеясы ертедегі Грек мемлекетінде пайда болып, өткен дәуірдегі алдыңғы қатарлы прогресшіл ойшылдары терең толғантқан. Педагогикалық және философиялық еңбектерден «жан-жақты дамыту» идеясы туралы көзқарастар қайта өрлеу дәуірінен  бастау алған /XV-XVIғ.ғ/. Олардың негізінде дене және рухани сұлулықтың үйлесімді дамуы, жетуі-тек адамдардың өнермен, гимнастикамен айналысуы.

Аристотельдің көзқарасында — дене, адамгершілік және ақыл-ой тәрбиесі тұлғаның жан-жақты дамуы ретінде қарастырса, қайта өрлеу дәуіріндегі гуманистер Витторино да Фельтре, Ф.Рабле, М.Мантень, Э.Роттердамский жан-жақты идеясын дамыта отырып, тұлғаның «эстетикалық дамуы» қажеттілігіне назар аударды. Кейіннен жеке тұлғаның жан-жақты үйлесімді дамуы жайында пікірлер социал-утопистер Томас-Мор, Т.Кампанелла, Р.Оуэн, Сен-Симон еңбектерінде де дұрыс көзқарасқа әрі толық мазмұнға ие болды. Олар қоғамның барлық мүшелері қатысқан «еңбек пен оқытудың бірлігін» жан-жақты даму деп қарастырды. Бірақ та қанаушы тапқа бөлінген қоғам жағдайында бұл ойды жүзеге асыру мүмкіндігі болмады. Сондықтан да бұл арман «утопистік» сипатта қала берді.

XVIIғ француз философ-ағартушылары Гельвецию және Дидро еңбектерінде бұл ойдың негізіне «ақыл-ой мен адамгершілік тәрбиесін» қарастырады. Ж.Ж Руссо бұл пікірге терең талдау жасап, табиғатпен дұрыс қарым-қатынас жасай білетін барлық балаларды еңбекке тарту қажеттігі жайында өз пікірін уағыздайды.

Жан-жақты дамыту идеясын орыстың революцияшыл-демократиялық педагогикасының негізін қалаушылары Н.Г Чернышевский мен Н.А Добролюбовтар да қолдады. Н.Г Чернышевский тәрбиенің мақсаты жайлы-қоғамдық идея жағынан ұстамды, күрес адамын, революционерді тәрбиелеу, халық мүддесін ойлайтын «азаматтық істерге» араласа алатын, адал ниетті адамдар тәрбиелеу деп жаңа қоғам үшін күрескерлерге қажетті қасиеттер жөнінде өз көзқарасын білдірді.

Маркстік философияның негізін қалаушылар К.Маркс пен Ф.Энгельс тұлғаның жан-жақты дамуы жайлы пікірлерінде «ақыл-ой» тәрбиесімен «дене» тәрбиесін бірлікте қарастырып, жастардың практикалық қызметін «техникалық оқумен» ұштастырды. Тәрбиенің мақсатын қоғам дамуымен бірлікте қарастырып, қоғамдағы өндіріс күштерінің даму заңдылықтарына терең талдау жасап, қоғамдағы еңбек бөлінісінің біржақтылығы, адам баласының біржақты дамуына әсер еткенін, еңбек тәрбиесі мен ақыл-ой тәрбиесінің  алшақтығы таптық қоғамда тәрбие мақсатының сипатында екі жақты айырмашылықтың болғанын өз дәуірінде ғылыми түрде дәлелдеп берді. Сонымен қатар, олар барлық жастағы адамдарда қабілет, талант немесе дене тәрбиесі біркелкі дамымайтындығын айта келе, ол үшін жас өспірімдерге бірдей жағдай туғызу қажеттігіне аса назар аударды.

К.Маркс пен Ф.Энгельстің пікірлеріне терең талдау жасап, Ленин адам баласының бойындағы таланттың сырын ашып, оған жағдай жасайтын күш «мектеп» екендігіне, тұлғаны жан-жақты дамытуда мектептің негізгі құрал болатындығына көз жеткізе дәлелдеді.

Қорыта айтқанда, тұлғаның жан-жақты дамуына арқау болатын М.Жұмабаевтың айтқан «Тәрбиедегі мақсат — адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару» деген пікіріне қосыла отырып, ол үшін әрбір тұлғаның өзіне тән адами қасиеттерін қалыптастырып, дербес ерекшеліктерін жан-жақты әрі үйлесімді дамыту қажет.

Мырзалиева Шыныкул Бейсенбайқызы,
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы
№12 колледж МКҚК
физика пәнінің мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.