Еліміздің қарқынды дамуы сан түрлі қажеттіліктерге сәйкес ұлы мақсаттарды айқындап отыр. Оның ең бастысы – еліміздің тұғырын берік ұстап тұра алатын, оны одан әрі дамытып, көркейтетін ұрпақ дайындау. Қоғамды дамытушы күш мектептен басталатын болғандықтан, оның бойында ұлы істі жүзеге асыра алатындай күш- қабілет болуы керек. Ол күш – білімде, тәрбиеде, іс-әрекетте.
Қазақстандық білім беру мен ғылым жүйесін жаңғыртудың қазіргі заманғы кезеңі әрбір адамның сапалы білімге қолжетімділігін, жаңа кәсіби дағдыларды алу, зерттеу және шығармашылық құзыреттерін дамыту мүмкіндіктерін көздейді. Жаһандық сын-тегеуріндер кезеңінде өмір сүрген қазіргі қоғамдағы оқушыларға білім жолындағы қабілеттілік пен адами капиталды дамыту басты мақсатта.
Аталған талаптарға сәйкес, қазіргі уақытта мұғалімдер өз жұмысын бастап та кетті. Біздің мектепте эксперименттік алаңға биология пәнінен ағылшын тілінде оқыту енгізілді. Биікке шығу үшінде баспалдақтың төменгі сатысымен көтерілгендей, эксперименттік алаңға да мен ағылшын тілін кезең-кезеңімен ендіруді жөн көрдім. Осы тәжірибе бойынша ағылшын тілі пән мұғалімдерімен бірлескен шығармашылық топтың жұмысы атқарылды. Ағылшын пән мұғалімінің жетекшілігімен оқушылардың биологиялық терминдерді ағылшын тілінде қатесіз айтып және жаза білуі негізге алынды. Сондай-ақ, биология пәнін ағылшынша оқып-үйренудің тиімділігі халықаралық білім стандарттарына сәйкес, ағылшын тіліндегі биологиялық мәліметтердің жеткіліктілігі.
Қазіргі заман талабына сай, мен ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа инновациялық технологияларды өз сабақтарымда күнделікті пайдаланып, оқушыларды жаһандық жаңалықтармен таныстырып, сабақты тартымды да, қонымды, тиімді өткізуге тырысамын. Жаңа білім беру жағдайындағы жаңалық оқушылар үшінде қызықты, әрі тартысты. Әр сабақ барысында оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігін арттыру үшін биологиялық термин сөздер және сабақта айтылатын қолданбалы сөздермен (Мысалы, Good morning! – Қайырлы таң!, May I come in? – Кіруге бола ма?, May I go out? – Шықсам бола ма? Today we will start a new topic – Бүгін бізде жаңа тақырып) ағылшын тілінде диалогқа түсу, өз идеяларын тиімді қорғай алуға қалыптастырады.
Пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдісіне (CLIL) негізделген сабақты жоспарлауда пәнді екінші немесе үшінші тілде оқытудың бастапқы кезеңінде оқушы бірінші тілде сөйлесе, оған екінші немесе үшінші тілде жауап беру әдістері үнемі қолданылып отырды.
Мен жаңа сабақты шолу жасау кезеңінде ғана түсіндірме жұмысын оқушыларға жеңіл болу үшін қазақша жүргізіп, тек тақырыпқа сәйкес биологиялық терминдерді ағылшын тілінде көрсеттім.
Мысалы,
«Құстардың көбеюі және дамуы» (Reproduction birds) тақырыбын алдыңғы тақырыптармен байланыстыра қазақ тілінде түсіндіріп, құрылымдарын (ас қорыту жүйесі, қан айналым жүйесі, тыныс алу және зәр шығару жүйесінің сызба нұсқасын) үш тілде айта білуге дағдыландырдым.
Құстар – птицы – birds. Тұмсық – клюв – bill. Қауырсын – перо – feather
Қанат – крыло – wing. Тырнақ – коготь – claw. Жүрек – сердце – heart
Жұтқыншақ – глотка – pharynx. Өңеш – пищевод – esophagus
Қарын – желудок – stomach. Жұмыртқа – яйцо – eggs
Сары уыз – желток – yolk. Ақ уыз – белок – eeg white
Қабық – скорлупа – shell. Балапан – цыпленок – chick
Қарапайым көрсетулер оқушыны өз бетімен ізденуге, танымдық және шығармашылық икемділіктерін дамытуға бағыттайды. Сонымен қатар, алған білімі өмірге деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында меңгерілуі қажет екендігі оқушы санасына сіңіріледі. Ең бастысы оқушының ағылшын тілін меңгерудегі сөздік қоры толығады, сөйлеу дағдысы қалыптасады.
Осы мақсатта шығармашылық деңгейде жұмыс жасау үшін құс жұмыртқасынан ұрықтың дамуы ағылшын тілінде берілді.
Міне, оқушыға ағылшын тіліндегі мәліметтерді ұсыну арқылы тақырыптың нақты құрылымдарын үш тілде үйрету арқылы, есте сақтау қабілетіне ықпал жасауға болады. Бұл жұмыстар сабақ барысында оқушы бойындағы табиғи мүмкіндіктерді (тілге икемділік, ғылыми қызығушылық) ашуға, оқушының танымдық іс-әрекеттерін қалыптастыруға, оқушы тарапынан белсенділік танытып, дербестік көрсетуіне, өзіне деген сенімділігін қалыптастыруға көмектеседі. Тақырыпты қорытындылап, бекіту тапсырмаларында да терминдік сөздіктерге баса назар аударып, айта, жаза, оқи алуына назар аударамын. Сабақта оқушының жеткен жетістігін баса көрсетіп, оның пәнге деген қызығушылығын арттырып отырамын. Оқушыларды өз бетімен ізденіп жұмыс істеуге баули отырып, шығармашылық қабілеттерін шыңдаймын.
Жүргізілген жұмыс қашанда жалғасын табуға міндетті. Биылғы оқу жылына қойған негізгі мақсатым биология сабақтарын ағылшын тілімен кіріктіре оқытудағы терминологияны ұтымды пайдалана отырып, тақырыптың маңызды бағыттары бойынша диалог жүргізе білу.
Биологиялық сөздерді үш тілде беру арқылы өткізген сабақтарымда біріншіден оқушылар көңілді, шаршамай жұмыс жасайды, екіншіден ізденіс жұмыстарына мәліметтердің жеткіліктілігі, үшіншіден оқушылардың менің пәніме деген қызығушылықтары сөзсіз артады.
Биология пәнін ағылшын тілінде оқыту оқушылардың сөздік қорын кеңейте отырып, жаңалық ашуға, әртүрлі бақылаулар, тәжірибелер жүргізуге құлшындырады. Сондай-ақ, халықаралық білім стандарттарына сәйкес ізденуге, танымдық және шығармашылық икемділіктерін дамытуға бағыттайды.
Жаһандық сын-тегеуріндер кезеңінде халықаралық білім беру жүйесі жаңа форматта дамығандығын және қазіргі жас буынның шет елдерде білім алуға басымдық танытуы, үш тілде білім берудің пайдалылығын және оның тек Қазақстанда ғана емес әлем деңгейінде жарамды болғандығы дәлелденіп отыр. Осы негізде кезең-кезеңмен жұмыс жүргізіп, оқушыларымызды үш тілде біліммен қамтамасыз етер болсақ, шәкірттеріміз халықаралық білім жүйесінде өздерімен қатар шетелдік құрдастарына мықты бәсекелес бола алады деген сенімдемін.
Бақыт Гүлнәр Сағидуллақызы,
Қызылорда қаласы,
«Қызылорда облысының білім басқармасының
Е.Әуелбеков атындағы № 4 облыстық дарынды
балаларға арналған мектеп-интернаты»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі»,
биология пәнінің мұғалімі.