«Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша сұхбат
«Мұғалім – ол өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімділігі де тоқтайды», — деп атақты педагог К.Д. Ушинский айтқандай, бүгінгі қоғамда білім беріп жүрген ұстаздарымыздың басты мақсаттарының бірі ізденіс. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз мұғалім атануды балалық балғын шағынан мақсат етіп, терең ізденіс арқылы биік белестерге жеткен тұлға. Ол 2012 жылы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, 2014 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің Білім беру факультеті бірлесіп әзірлеген Қазақстан Республикасы педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасы аясында «Бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру» курсындағы жоғары нәтижелері үшін Алғыс хатпен, 2015 жылы Облыстық Білім Басқармасының Мақтау қағазымен марапатталып, 2017 жылы облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасында өткізілген эссе жазу байқауында бас жүлдені иеленген Жамбыл облысы, Меркі ауданы Білім бөлімінің Ақкөз Қосанов атындағы №18 трек мектебінің ұстазы, директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Шаймерденова Гүлпиза Сатылғанқызы. Ендеше Жамбыл облысының білікті мұғалімімен жүргізген сүбелі сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз, қадірлі оқырман!
–Гүлпиза Сатылғанқызы, педагогика саласына келуіңізге не себеп болды? Қай оқу орнын бітірдіңіз?
–Ұстаздық – бала күнгі арманымның жемісі. Мектепте оқып жүрген кезімде сабақтан келген соң сарайлардың есігіне әкпен жазып, үй тапсырмасын орындап, мектепте мұғалімдерден көріп, білгендерімді өзімнен кіші сіңіліме, көрші балаларға үйретуші едім. Қыз боп қуыршақпен ойнап көрмеппін, менің ойыншығым бор мен тақтай, ескі кітаптардан қиып алынған суреттер болатын. Балалық шағымда ұстаздыққа еліктеуімнің тағы бір себебі ауылдағы ең әдемі әрі ақылды, сыйлы ұлы адамдар – мұғалімдер деп есептейтінмін. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Таубаева Рыскүл әкпейімнің білімі мен білік дәрежесін көріп пір тұттым. «Сен қазақ тілі маманы болуың керек, сенен жақсы ұстаз шығады», — деген Рыскүл әпкейімнің әсерлі сөздері арманға қанат қақтырып, мұғалім атануыма өз септігін тигізді. Бір ауыз сөз арманымды ақиқатқа жеткізді. Бой жетіп, ой толығып сол кездері берілетін мақсатты бағдарламамен 1988 жылы Шымкент қаласының М.Әуезов атындағы педагогикалық институттың «филология» факультетіне түсіп, «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шықтым.
–Жалпы, тәуелсіздік алғалы білім саласында жыл сайын көптеген өзгерістер орын алып жатыр, бұл туралы жеке пікіріңіз қандай?
– Иә, білім саласында өзгерістер өте көп. Бұл заңды құбылыс. Өйткені, қоғамдағы болып жатқан өзерістер: технология мен өнеркәсіп өркениетінің қарыштай дамуы адам санасының да даму мүмкіндіктерін айқындай түседі. Соған байланысты жаңғыру мен жаһандануға апарар жол — білім жолы. Баланы жеке тұлға ретінде танып, оның алған білімін өмірде пайдалана алатынына бағыттай білу, сындарлы оқыту қазіргі білім берудің басты қағидатына айналып отыр. Мен бұл өзгерістерді құптаймын. Өйткені, жүргізіліп жатқан реформалар өмір бойы оқу қажеттігінен туындап отыр деп білемін.
–Өз мамандығыңыз бойынша қандай жетістіктерге жетіп жатырсыз, жалпы мұғалім мамандығын арқалап жүргеніңізге өкінбейсіз бе? Мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?
–Мен ұстаз болғанымды мақтан тұтамын. Баламен жұмыс істеу бақыты тек мұғалімдерге бұйырған. Ұстаздық жылдарымда жеткен жетістіктерімнің ең жоғарғысы 8 оқушым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті, жаңашыл, белді мұғалімдері болды. Ал еңбегімнің нәтижесінде жеткен жетістіктер мен марапаттар жетерлік.
Мұғалім мәртебесіне келсек, «алты алаштың басы қосылып, төрдегі орын мұғалімдікі» болса, ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағының жарқын болатынына сенімдімін. Мұғалімнің беделін көтеру туралы көзқарастар қоғамдық ортада көп талқыға түсіп, тіпті мемлекет тарапынан қолдау көрсету жағы да қарастырылуда. Алайда мұғалім ретінде айтарым, ең бастысы қазіргі кездегі қағазбастылық пен мұғалім жүктемесінің көптігі — педагогтар арасында қызу талқыланып жатқан жалақы мәселесі. Бұл ертерек іс жүзіне асырылып, мұғалімге әлеуметтік қолдау көрсетілсе деймін.
–Оқушы және ата-анамен жұмыс жүргізуде мектебіңіз қандай іс-шаралар атқарып жатыр? Жалпы мектебіңіздің жеткен жетістіктері қандай?
– Мектебімізде оқушы және ата-анамен байланыс жақсы жолға қойылған. Ата-аналар үшін «Ашық есік» апталықтары үнемі жоспарлы жүргізіледі. Оқу-тәрбие үдерісінде ата-ана ықпалы үлкен роль атқаратыны белгілі. «Мектеп- оқушы-ата-ана үштігінің» үздіксіз байланысы жоғары нәтижелерге жеткізді.
Әріптестерім арасындағы жетістіктерді айтар болсам, 2017 оқу жылында аудандық «Жас маман – 2017» байқауына биология пән мұғалімі Ерназарова Амангүл қатысып, «Бас жүлде» иегері атанып, облыстық байқауға жолдама алды. Республикалық «Өнеге» оқу орталығының олимпиадасына қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі Рахметілдаева Жазира қатысып, ІІІ дәрежелі дипломмен мараптталды.
«Қазақстан ұстазы» қашықтықтағы олимпиадаға математика пәнінің мұғалімі Сейсенбаева Раушан ІІ дәрежелі диплом және алғыс хатпен марапатталды. «Ұлы дала ұрпағы» республикалық байқауда музыка пәнінің мұғалімі Дүйсекова Дариға ІІІ дәрежелі дипломмен мараптталды. Ал облыстық «Үздік өнер сабағы» атты сын сайыста еңбек пәнінің мұғалімі Теңізбаев Айдын жеңімпаз дипломмен марапаталды.
Облыстық Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған волейбол жарысына дене шынықтыру мұғалімдері Абдикеримов Ж., Қадырқұлов Н., Абдухалилов Р., Сыдығалиев А., Қалқамбаев М., Ақылбаев С., Макашев Б., Қалиев А., Құлмағанбетов Е., Ордабаев Ғ., қатысып, І орын иелепін марапатталды.
Аудандық құрама мүшелері облыстық волейбол жарысына дене шынықтыру мұғалімдері Абдикеримов Ж., Ақылбаев С., қатысып, І орын иелепін марапатталды.
Ал оқушылар жетістігіне келсек, облыстық «Шерхан оқулары» байқауында 11 «Б» сынып оқушысы Молдалим Таңшолпан І орын иеленді.
Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен XI-халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестивалінде 5 сынып оқушысы А.Қанибек ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Ал халықаралық «Русский медвежонок» байқауына қатысқан 1-4 сынып оқушылары 10 оқушы қатысып жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарды иеленді, сонымен қатар, халықаралық «Пони» байқауына 1-4 сынып оқушыларынан 47 оқушы қатысып, жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарға ие болды.
Республикалық ғылыми-практикалық орталық 3-10 сынып аралығында «Ақ бота» интеллектуалдық марафонын өткізеді. Осы марафонға мектептен 45 оқушы қатысып 19 оқушы жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарға ие болды. Облыстық «Тәуелсіздік – елімнің еркіндігі» атты облыстық шығарма байқауының жеңімпазы Жақсылық Саяжан, Алту Мадина ІІ дәрежелі дипломмен мараптталды. Ал жасөспірім мен балалар арасындағы «Ғұмыр дария» халықаралық байқауда 10 «А» сынып оқушысы Нұралбекова Нурия І орынды иеленді.
Ал спорт саласында облыстық «Мектеп лигасы» баскетбол іріктеу жарысынан 7 сынып оқушыларының ұлдары ІІІ орынға ие болды.
Міне, мұғалімдер мен оқушыларымыздың жетістіктері ұшан-теңіз! Шәкірттеріміз әр түрлі байқаулардан марапаттарға ие болып жатса, менің әріптестерімнің еңбегінің нәтиже бергені деп білемін.
– Елбасы ның «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласында, сонымен қатар биылғы Жолдауында білім саласына өте көп мән берілген, бұл туралы не айтар едіңіз?
– Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы ел мен жерді, ел тарихының өткені мен бүгінін, болашағын, ұлтты ұлықтайтын ұрпақ тәрбиесіне бағытталған құжат деп білемін. Елбасы айтқандай, «болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады». Сондықтан, өмір сүру үшін өзгере білу керек. Өзгеру үшін «білім салтанат құру керек» десек, құндылықтар негізінде білімімізді биік қоятын ұлт қана табысқа жететінін қажетті алғы шарттармен айқындап берді. Ал Елбасының кезекті Жолдауында білім беру саласына ерекше басымдық берілген. Атап айтсақ, оқушыларға берілетін тапсырмалар көлемінің азаюы, мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысының көбеюі, мұғалімдердің біліктілік деңгейінің жаңа категорияларының жасалуы, балалардың өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың жасалуы, жаратылыстану ғылымының жекеленген пәндерінің ағылшын тілінде оқытылуы, 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінің латын әліпбиіне көшуі, шалғайдағы елді мекендерге озық білім мен құзыреттілікке жол ашуының жолдары туралы өзгерістер айтылған. Бұл айтылған мәселелелер еліміздің білім кеңістігінің әлемдік стандарттарға сай болатын межеге жету жолы деп білемін. Біздің мектебімізде 1, 2, 5, 7-сыныптарда жаңа мазмұнда білім беруді бастап кеттік. Бұл жаңартылған білім мазмұны бойынша дайындалған бағдарламалар «оқушы үнін» естіп, нақты оқу мақсаттарына негізделіп жасалған, оқушыны бәсекеге қабілетті, өзіндік ой-пікірі бар жеке тұлға қалыптастыруға бағытталған сындарлы оқыту жүйесі. Оқушы еңбегін бағалаудағы критериалды бағалаудың енгізілуі оқушылардың даму дәрежесін бағалауға мүмкіндік береді және оқушыларға уақтылы қолдау көрсету, олардың оқудағы жетістіктерін қамтамасыз етуге, шәкірттердің ынталануына бағытталған.
Сұхбаттасқан Жансая Құрманғалиқызы,
Жамбыл облысы, Меркі ауданы,
«Білім айнасы»