Home » Мақалалар » ЖАҢҒЫРУ  ЖОЛЫНДАҒЫ  ЖАС МАМАН  РӨЛІ

ЖАҢҒЫРУ  ЖОЛЫНДАҒЫ  ЖАС МАМАН  РӨЛІ

«Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік

 революция және әлеуметтік

 салаларындағы  терең және қарқынды

 өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді»

                                                         Н.Назарбаев

Ел болашағына бағытталған  «Адами капитал – жаңғыру негізі» аталатын  құжаттың жетінші  бағытында  білім беру ісін жаңа сапаға көтеріп, бүгінгі қоғамның талаптарына сай жан-жақты , білікті мамандар тәрбиелеу қажеттігіне  ерекше  мән берілген. Мен мұғалім, ұстаз болғаныма қуанамын. Мұғалімнің тілі бал, жүрегі таза, еңбегі адал. Баланың қиялына қанат бітіретін, ойын өрістететін, шабытын шарықтататын, аңсаған арманын жақындататын жанның бірі. Мамандықтың жаманы жоқ, дегенмен, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін мұғалімнің орны бөлек. Мұғалім елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақты тәрбиелейді. Ал, жас өркеннің қалай болып өсуі ұстаздан алған тәрбиесіне байланысты. Ұстаз-мектептің жүрегі.

Менің педагог мамандығын таңдай отырып түйген ойларым, педагогикалық сенімім мынада — басқаға жақсылық жасау іштей жақсылық жасау, өзіңді қайта құру, үлкен күштерді шығындау. Әр адамда өзінің рухани шыңына көтерілу жолы, өзінің самғауы, өзінің шынығу сәті болу керек. Әрбір адамды осыған әкелу — міне тәрбие маңызы осында.

Өмірдің мәні — өмірдің өзінде, оны дұрыс түсінуде, дұрыс ұйымдастыруда, қоғамдық мақсат пен жеке мақсаттардың сәйкестігінде, Отан, мектеп, жақындары, ата-ана алдындағы нақты міндеттерді орындау, жеке бас бақыты, тұрмыс қуанышы.

Білім ордасы — жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие бере отырып, халықтың биік рухы мен ғасырлар бойы жинақталған мәдени мұраларын келешек ұрпаққа жеткізетін орын.  Жақсы мұғалімге тән қасиеттердің негізгісі — балаларға деген сүйіспеншілік сезімінің болуы. Мектепті білім тірегі десек, ұстаз тәлім-тәрбие берудің негізгі ұйытқысы. Жағдай мәжбүрлегенде ғана емес, баланың дәл осы сәттегі және алдыңғы мінезіндегі өзгерістерді көре отырып, жағдайдан озып отыру керек. Яғни, педагогикалық үрдіс балардың дамуынан алда және оптимистік болуы керек. Мұғалімнің өзінің шабыт көзі болуы қажет. Олар: балалар, әріптестеріміз, ізденіс.

Білім тәрбиелей ме?  Жоқ, ол өз-өзінен тәрбиелемейді. Дәннің өздігінен емес, құнарлы топырақ пен нұрлы күн шуағымен өсетіні тәрізді, білім емес, осы білімді жеткізуші адамдар тәрбиелейді. Оқушыны кім және қалай оқытады-тәрбиелей отырып білім берудің ең негізгі шарты осында. Сол себепті барлық ұстаз, ең алдымен шәкіртінің ішкі қасиеттерін анықтауға, дарынын шыңдауға, сол арқылы өздері көздеген тәрбие бұлағынан сусындауға жағдай жасайтын , білім нәрін санасы мен жадына емес, бірінші кезекте олардың жаны мен жүрегіне сіңіретін құнарлы топырақ, сәулесін шашатын күн болса. Бала жүрегі айнадай тап-таза, мөлдір. Сол айнадан баланы көру үшін оның жүрегіне үңіліп қарау қажет. Жақсы адам тек оны дұрыс тәрбиелегенде ғана қалыптасады.

М. Жұмабаев «Жас бала-жас бір шыбық, жас күнінде қалай исең, есейгенде сол иілген күйінде қалады» деп түйін жасайды. «Адам дегеніміз-қандай адам болғандығы емес, қандай адам бола алатындығымен маңызды» дейді. Ізгілікті тәрбиелік қызметте мына бағыттарға басты назар аударғанымыз жөн: баланы зерттеу, баланың өзін-өзі дамытуына тәрбиелеу, баланың іс-әрекетін ұйымдастыру, әрбір баланың қоршаған ортада, қоғамда өзін- өзі дұрыс сезінуін қамтамасыз ету.

Ендеше, педагог-мұғалімнің басты мұраттарының бірі: баланың үнемі даму үстінде болатынын ұмытпау, оны жазалауға асықпау. Ұстаз баламен шынайы құрметке лайық қарым-қатынас құра білсе ғана үлкен табыстарға қол жеткізе алады.

Мені өмірге әкелген анам да, алғаш рет әліппені үйреткен ұстаздарым да  қазір маған ұстаздық тәрбиені жалғастыруда. Сондықтан мен әлемдегі ең бақытты жандардың қатарынанмын. Ендігі алға қойған мақсатым — білікті ұстаздардың қатарынан көріну, білімді жастар тәрбиелеу. «Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек»- деп М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің міндеті деп ойлаймын. Қазір жас маманмын — болашақта ұлағатты ұстаз болу басты арманым. Мұғалім — мектеп жүрегі болса, оның беделі мектептің беделі. Ал, мектеп — мемлекеттің басты тірегі. Олай болса, қазіргі таңда мұғалім білікті әрі шебер, ұшқыр ойлы, қабілетті, өз пәнін жетік меңгерген болуы керек. Мұғалімдер қатарын толықтырып отыратын мен секілді жас мамандар да талмай үнемі ізденіс үстінде болып, әр пәнді жоғары деңгейде, сапалы етіп өткізсе шығар асуымыз алыс емес. Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында. Сондықтан әрбір мұғалім бұл жауапкершілікті сезінсе, біздің мемлекетіміздің қорғаны нығая түспек.

 

 

Китманова  Гүлшат  Ақманбетқызы
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы
Алмалы ауылы
№181 жалпы білім беретін қазақ орта мектебі
бастауыш сынып мұғалімі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.