Home » Мақалалар » Жаңғыру – білім саласындағы жаңа баспалдақ

Жаңғыру – білім саласындағы жаңа баспалдақ

Жаңғыру – дамудың жаңаша жүйесіндегі ерекше бағдарлама. Қоғамның жан-жақты жетілуі, айталық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени өсуі, оның жоспарлы мақсаты. Бұған бүгінде әлем жұртшылығының қарыштап алға ұмтылуы, техникалардың жыл емес, ай кейде күн санап жаңаруы себеп болып отыр. Олай болса қазақ елінің де осы жетістіктерге лайық болуы заман талабы.

Елбасының болашаққа бағдар жасаған бағдарламасы да осыны меңзейді. Қараңыз: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» (Нұрсұлтан Назарбаев. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. www.akorda.kz).

Сөз жоқ, өзге елдермен теңесу үшін де жаманнан арылып, заманына орай икемделіп, жақсы нәрселерді игеруге ұмтылуымыз қажет. Олай етпегенде көш соңында қалуымыз бек мүмкін. Ал мұның барлығын қамтамасыз ету үшін білім керек. Ол қандай білім болуға тиіс? Бұл да жаңғырудың бағдарламасында жақсы айтылды.

Бірінші, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Соның негізінде әлем жұртшылығы бүгінде қолданылып келетін заманауи технологиялардың тілін меңгеру, коммуникацияның жаңа үдерістерін еркін игеру. Екінші, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды жетілдіру. Осы сала бойынша жастарға барынша білім беру. Сондай-ақ шетелдік білім берудің де үлгілерін пайдалану, бір сөзбен айтқанда, әлемдік оқулықтарды да оқуға жағдай жасау.

Бұл өз кезегінде жастарға жаңаша бағытта білім беруге жол ашады. Кешегі кеңестік заманда қалыптасып, қатып қалған жүйеден аралуға сеп болады. Ең бастысы, жастарымыздың әлемдік деңгейде білім саласы бойынша бәсекеге қабілетті маман болып жетілуіне мүмкіндік береді. Ал мұндай жетістіктер болашақта елімізде білім берудің әлемдік құрылымдарын басшылыққа алатын оқыту жүйесін енгізуді міндеттейді.

Елбасы осындай мақсаттарды егжей-тегжей саралай келе, әлеуметтік және гуманитарлық білім беруде қаланған ұзақ жылдар бойы шектеліп, бір көзқарасқа бағытталған білім беру үрдісіне де өзгерістер енгізу қажеттігін тілге тиек етті. Оның алғашқы бастамасының да елімізде құрылған «Болашақ» бағдарламасынан бастау алғандығын атады. Өйткені білімді жетілдіру мақсатында құрылған «Болашақ» бағдарламасы нәтижелі жүргізіліп, бүгінде өз жалғасын тауып келеді. Оның көрсеткіштері де жаман емес. Еліміздің жастары әлемнің танымал жоғары оқу орындарында білім алып, өз мамандықтарын таңдап, тәжірибеден өтуде. Сондықтан болса керек Елбасы: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас­тары­мыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» дегенді ерекше атады (Нұрсұлтан Назарбаев. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. www.akorda.kz).

Расында, халқымыздың қанында мұндай қасиеттер жетерлік. Айталық, техниканы меңгеруде жетістіктеріміз көңіл тынардай болса, тіл меңгеруде де алдымызға жан салмаймыз. Қай тілде сөйлесек те сол тілдегі азаматтарды шатастыруға шамамыз жететіндей. Тіпті өнер айдарында да бүгінде қазақ жастары әлемнің барлық танымал мәдениет үйлерінде өнер көрсетіп, түрлі аталымдағы сайыстардан жүлделі оралуда. Олай болса жаңғыру – жаңа баспалдақтың алғашқы баспалдағы іспетті. Мұндай баспалдақтан шалыс басып, шатасуға жол берсек, онда көштен кенже қалғанымыз. Ал сол баспалдақты адаспай дөп бассақ, онда асығымыздың алшысынан түскені.

Бұл ретте қазақ елі бүгінде жаңғыруды қолға алып, өзінің көнеден жалғасып келетін салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, тілін, дінін қайта қалпына келтіріп, жаңаша жандануды жүзеге асырып келеді. Онда тек қана дәстүр-жоралғыларды қайта қалыптастыру ғана межесі тұрған жоқ, сонымен қатар өскелең ұрпақтың жаңаша даму жолын көрсетіп, жаңғырудың әлемдік аренадағы алар орнын сипаттайтын бастаманы қалыптастыру қажеттігі тұр.

Мұндай қажеттілік те Елбасының 2018 жыл 10 қаңтардағы кезекті Жолдауында ерекше аталды. Жолдаудың Жетінші баспалдағында «Білім берудің жаңа сапасы» айдарымен ұсынылған: «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс». Бұл бастаманы жүзеге асыру мерзімі де аталды: «2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет» (Н.Назарбаевтың: «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауы. www.akorda.kz).

Еліміздің білім беру стандартындағы басты міндеттің бірі де осы баланың ойлау қабілетін дамыту болып табылады. Мұны жүзеге асырудың да түрлі жолдары ұсынылған. Мақсат – баланың өз бетінше оқуы және дағдысын қалыптастыру. Олай болса сәби кезінде баланың өз бетінше әрекет етуін қарастыру, сол арқылы белсенділікке тәрбиелеу, шеберлікке баулуды жүзеге асыру керек. Әрине, бұл үшін Жолдауда айтылғандай арнайы бағдарламаларды енгізу қажет.

Міне осындай игі бастамаларды қолға алған мемлекет қашанда дамып, кемелденіп, толығып отырады. Онда уақыттың талабына сәйкес әр ел өзінше жаңаша бір леп әкеліп, оның тиімділігі мен маңыздылығын ұсынады. Мұндай жетістіктер мен қоғамның кемелденіп, толығуы барлық салада негізгі басымдықтардың көрсеткішіне ие болуы керек. Яғни экономика, технология, өнеркәсіп, білім, мәдениет т.т. Сонда ғана жаңғыру дамудың жаңаша лебін құрайтын құрал ретінде танылады. Ол өз кезегінде қоғамның әр саласында қажетті саналатын негізгі тетіктердің бірі болады.

Сөзімізді түйіндей келгенде, өз ұлттық озық  дәстүрлерімізді жаңғырудың негізгі сипаты етіп, әлемдік сахнада өз-өзін таныта алатын әрі табысқа жетелей білетін игі бастамаларды жасай алатынымызды паш ету дамыған ХХІ ғасыр баспалдағында аса маңызды. Ол үшін біз білім беруді бала кезінен бастап, қолға алып, оның ойлау, оқу, тәрбие дағдыларын дмытуды жетілдіруіміз қажет. Ал осындай бастамаларымызда өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді басшылыққа алып, кемелдену мен ұлттық сананы өркениеттің жаңа сатысына көтере білсек, онда әлем жұртшылығына ұлы даланың біртұтас ұландары екендігімізді танытатын боламыз. Өйткені біздің озық дәстүрлеріміз сонау ғасырлар бойы қалыптасып, кемеліне жеткен ынтымақтастық пен бірлікті, тыныштық пен бейбітшілікті ұран еткен дала заңына негізделген. Дала заңының негізгі қағидасының бірі де – білім игеру.

 Райхан МАНСУРОВА,
бастуыш пәнінің мұғалімі,
Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.