Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда ел президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі –саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.
Рухани жаңғыру — қазақстандықтардың салт – санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласын оқып шығып, осындай ой түйдім. Оның айтуынша, бұл ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаhандық жаңашылдыққа жетелейтін жол. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім – білімге ұмтылып, жан – жақты жетілген жөн.
Аймағымыздағы келер ұрпақтың алдындағы ардың ісін арқалап жүрген зиялы қауым Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ықыласпен түйсіне оқығаны анық. Олай дейтінім, мақалада «Ұлттық салт – дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары хақ.
Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасын қолға алу ұсынысы жас ұрпақты тәрбиелеуге дәл және уақытында айтылған нақты тапсырма деп білемін. Әрбір адамның жүрегінде кіндік қаны тамған жеріне, өскен ауылына, туған жеріне деген сүйіспеншілік, құрмет болмайынша – Отан деген Ұлы ұғымға адал қызмет ету, жан дүниесімен беріле сүю екіталай.
Мақалада: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», — делінген. Балабақшада балдырғандардың бойына да ұлттық қасиеттерді сіңіріп өсіру үшін еңбектенудеміз.
Расында, жастайынан дін мен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Салт – дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ.
Елбасы өз мақаласында қазіргі жаhандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, өркениеттің жақсысын алып, жаманынан жирену жөнінде өте құнды пікірлер айтты. Ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету. Ең бастысы – бағыт – бағдарымыз анық, жолымыз жарқын. Тәрбие бастауы балабақшадан басталады. Біздің балабақшада жас ұрпаққа тәрбие берудегі басты мақсат – отансүйгіш, жоғары адамгершілік құндылықтары бар, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, ұлтжанды азаматты тәрбиелеу. Ұйымдастырылған оқу қызметіндегі білім беру құндылықтары зияткерлік жеке тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған. Президентіміздің бағыт – бағдарына орай балабақшамызда педагогтар «Тәуелсіздік тұғырым», «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде», «Тәуелсіздік ынтымағымыз», «Тәуелсіздік ел — тілегі», тақырыптарында ашық ұйымдастырылған оқу қызметтерін өткізді. Өткізілген оқу қызметтері балаларға өз отанын сүюге, бойларына адамгершілік қасиетін дарытуға, патриотизмді қалыптастыруға, туған жерін, ата-анасын қадірлеуге бағытталған. Сондай-ақ мерекелік ертеңгіліктер: «Біз тәуелсіз елдің ұрпағымыз», «Елімнің еркіндігі — Тәуелсіздік», «Тіл-ұлттың жаны, халықтың үні», тақырыбында өткізді. Ертеңгіліктерде балалар Қазақстан, Астана, Президент, Бәйтерек туралы тақпақтар айтты. Патриоттық тақырыпта әндер айтып қазақтың ұлттық билерін биледі.
Балабақшада 60 пайызы өзге ұлт балалары болғандықтан, балалар екі тілде тәрбие білім алады. Тәрбиеленушілер қазақтың ұлттық ойындарын ойнап, қазақтың салт-дәстүрлерін жатқа біледі. Мемлекеттік тілді меңгерту үшін тәрбиешілер көп еңбектенуде. Балабақшада ата-аналар өткізілетін іс-шараларға қатысып, өздерінің қазақтың салт-дәстүрін құрметтейтіндігін көрсетті. Күнделікті оқу –тәрбие жұмысында инновациялық технологиялар мейлінше қолданылады. Атап айтсақ, интербелсенді тақтадан балалар қызықты қазақтың ұлттық ертегілерін, анимациялық фильмдерін көріп тамашалайды.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қоғамды рухани жаңғыртудың басымдықты идеяларын педагогтар арасында кеңінен насихаттау болып табылады. Қазақ елінің абыройын асырып, мерейін үстем етер, әлем таңғалар, талай-талай жаңалық ашар білімділер керек. Сол білімділерді тәрбиелеп, алғашқы білім уызын беру-біздің яғни балабақша педагогтарының басты міндеті деп білемін.
Балабақша ұжымы үнемі елімізде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермей, хабардар болып отырды. 21.11.2018 күні елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен балабақша ұжымы танысып, дөңгелек үстел өткізді. Болашаққа бағдар ретінде «Ақ көгершін» балабақшасының педагогтарқұрамы, осы балабақшада тәрбиеленіп жатқан тәрбиеленушілеріміз бен ата-аналар Елбасының осы сөздерін өздерінің алға қойған өмірлік мақсаттарына енгізе отырып, еліміздің рухани тұрғыдан дамып, интеллектуалдық дәрежесінің жоғарылауына үлесін қосады деген сенімдемін.
Сөзімді қорытындылай келе, мен өз балабақшамда ізденімпаз педагог ретінде балабақша бүлдіршіндердің құзіреттілігін арттырып, оны әрі қарай шыңдап, бүгінгі заман талабына сай етіп, жеке тұлға қалыптастыруда аянбай еңбек етуге бар күш жігерімді саламын. Мен өз кәсібімнің, жасап жүрген білім ошағын беделін арттыру мақсатында өзіндік қадамдарымды жасап келемін. Мектепке дейінгі ұйым педагогы жан-жақты болуы керек. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» мақаласында қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар ауадай қажет деп көрсеткен болатын. Осы бағытта алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар мен міндеттер көп.
Мағжан Жұмабаев атамыз өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген: «Баланы тәрбиешінің өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайықтап дайындау керек». Иә, Мағжан атамыз айтқан даналық ой бүгінгі күнгі білімді ұрпаққа қаратылып айтылғаны көрініп тұр. Өйткені елдің ертеңгі тірегі – балабақшадағы тәрбиеленіп жатқан балдырғандарымыз. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс деп есептеймін.
Аширбекова Шолпан Серікқызы,
Түркістан облысы, Кентау қаласы
Жаңа Иқан ауылы.
«Ақ көгершін» балабақшасының әдіскері