«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жібектей сусыған өмірде кейде жаныңда жүрген жайдары жандардың игі істерін де елемей жататынымыз рас. Өнегелі адамдарды ардақтап, олардың қабілеттері мен дарындарын ұрпаққа үлгі етіп отыратын халқымыз «жаныңда жүр жақсы адам» деп көкірегі ояу, рухы биік, жүрегі таза тұлғаларды қашанда қолдап, мерейін арттырып отыруға игі ықпал еткен.
Осындай жаны жайсаң, көңілі ашық, білім саласында аянбай еңбек етіп, ерекше сымбатымен, білімімен ел мәртебесін асқақтатып жүрген, ортасына сыйлы, мейірімді де қайырымды, өз тілін ерекше сүйген жан – Смағұлова Қазиза Ғабдоллақызы.
Қарқаралының қара көз ерке қызы Қазиза Ғабдоллақызы 1991 жылы Қарағанды облыстық білім беру басқармасының шақыртуымен облыстық мұғалімдер білім жетілдіру институтының қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Біліктілікті арттыру институтына келген күннен бастап Тәуелсіз Қазақстанның жаңа білім беру стандартын жүзеге асыруда, әсіресе оқу орыс тілінде жүретін білім ұйымдарындағы мемлекеттік тілді оқытуды сапалық деңгейге көтеруге бағыттауды басты мақсат етті. 2006-2013 жылдары біліктілікті арттыру институтының қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеген кезде оқу орыс тілінде оқытатын мектептерде мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту мәселесін көтеріп, осы жобаның облыс мектептерінде жүзеге асыруына басшылық жасады. 2013 жылдан бастап «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы ретінде жұмыс жасап келеді.
Қазиза Ғабдоллақызы – «Еңбек ардагері» медалінің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, І және ІІ Республикалық педагогикалық оқулардың жеңімпазы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Абылай ханға 300 жыл» алтын медалінің иегері, Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы филолог-мұғалімдерінің І Съезінің делегаты, Халықаралық Шығармашылық бірлестігінің «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері, «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі.
Ұстаздардың ұстазы болған Қ. Смағұлова өзінің өнегелі ғұмырында мол асуларды алды. Осындай дәрежелер мен құрметтерге ие болуы тек өз білімі мен беделінің және айналасына деген жылы лебізі мен қамқорлығының нәтижелері деп білемін.
Қ. Смағұлова Қарағанды облысы бойынша білім беру ұйымдарында «Балабақша – мектеп − колледж − ЖОО» Мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту жүйесін енгізуге байланысты оқу-әдістемелік кешен құрастырып, оны біліктілікті арттыру курстарында нәтижелі қолданып келеді.
Мемлекеттік тілді оқытуда халқымыздың әдебиеті, тарихы, мәдениеті тығыз бірлікте қарастырылатыны сөзсіз. Қ. Смағұлова – 2000 жылдан бері Абай-Шәкәрім кесенесінде дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан Республикалық Абай оқуларын облыста тұнғыш ұйымдастырушылардың бірі, әрі Республикалық оқудың қазылар алқасының тұрақты мүшесі.
Қазиза Ғабдоллақызының әрбір ісінде – мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, оның қоғамның әлеуметтік-саяси, мәдени өмірінде кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету мүддесі тұрады. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде кеңінен қолданылуына қажетті жағдай жасауға, оның қоғамдық аясын кеңейтуге үлес қосып, туған тіліміздің дамуына қызмет жасап жүрген тұлғалардың бірі.
Ол мемлекеттік тілдің қолдану аясын дамыту үшін ұйымдастырылып жүрген “Жарқын болашақ” республикалық KATEV қазақ тілі олимпиадасының өтуіне үлкен үлес қосуда. Осы еңбегі үшін бірнеше рет “KATEV” Халықаралық қоғамдық қоры президентінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Қ. Смағұлова мемлекеттік тілді уйретуді дамыту мақсатында білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Он-лайн семинарлар, вебинарлар, шеберлік сағаттар, медиа сабақтар, педагогикалық шеберхана сияқты жұмыс түрлерін кеңінен жүргізеді.
2016 жылдың өзінде Қ. Смағұлованың басшылығымен «Тілдік мақсаттарға жетуге жетістік критеий қолдану» он-лайн семинар, «Үш тілді білім беруде оқу сауаттылығы» тақырыбында вебинар өткізілді. Қазақстан Республикасының Тәуелсідігінің 25 жылдығына арналған жалпы республикалық «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының мамандарымен бірлесе отыра Балқаш қаласында Ы.Алтынсариннің туғанына 175 жылдығы аясында қазақстандық этнопедагогиканы қалыптастырудағы бірізділік пен тұтастықты қалыптастыруға арналған педагогикалық слет ұйымдастырды.
2016 жылдың маусымында Павлодар қаласында өткізілген «Білім берудегі инновациялар мен іс-тәжірибелер: заман талабы» атты II Республикалық педагогикалық оқуға Қарағанды облысы атынан қатысып, жеңімпаз болған ұстаздарға жетекшілік жасады.
2017 жылдың қаңтар айында Қарағанды облысы әкімінің мақтау граммотасын алды.
Қазиза Ғабдуллақызы бүгінде «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім беру қызметтерін көрсету тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына – «Өрлеудің» 25 даму инновациялары жобасын жүзеге асыру жағдайында жүргізіліп отырған іс-шараларға белсене қатысты.
Орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілін жаңаша оқыту әдістемесі 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енді. Қ. Смагулованың Қазақстан Респубикасы білім және ғылым министрлігі “Оқулық” Республикалық ғылыми-практикалық орталығында осы жаңартылған білім мазмұны бойынша жасалған базалық оқулықтардың сарапшысы ретінде нәтижелі жұмыс жасағанын ерекше атап өтемін.
Айта берсек, жеткен жетістіктері мен сіңірген еңбегі қаншалықты көп болса да асқақтамай, «Биік таулар, биікпін деп шіренбе!» деген өлең жолындағыдай, үнемі қарапайым қалпын сақтаған, қашан көрсең жарқын жүзімен күлімдеп баурап алатын Қазиза Ғабдоллақызы – осындай жан.
Туған елге, ағайын-туысқа, бірге өскен ауылдастарына деген ықыласы мен махаббаты арқылы бойына адамгершілік пен қатар қайтпас қажыр-қайратты жинаған әріптес апама деген жылы лебізімді «Жанымда жүр жақсы адам» деп аяқтауды жөн көрдім.
Шарбат Жүнісова
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша
БАҰИ Академиялық бөлімнің бас маманы