«Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді»,- деген Елбасының сөзін негізге ала отырып, бiлiмдi, жан-жақты, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздар қауымына артар міндет күн санап артып келеді. Жаһандану кезеңін бастан өткеріп жатқан елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алып келеді. Бұл жаңа заман талабына сай оқыту мен ұлттық тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр.
Елбасы бағытымен көш түзеп, жаңа заманауи технологиямен қамтамасыз етіліп, білім беруде инновациялық жобаларды іске асырып отырған әрі өскелең ұрпақты бәсекелестікке қабілетті етіп тәрбиелеуді мақсат ете білген білім ордаларының бірі киелі Созақ жеріндегі «Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясы. Қазіргі таңда білім ордасы толық құрамды ұлағатты ұстаздардың арқасында аудан мектептері арасынан оқ бойы озық келеді. Білім ордасының әрбір сыныбы ақпараттық құрал- жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушылардың жаңа ғылыми жобалар жасауына қолжетімді мультимедиалық және бірнеше лабараториялық дәрісханалар өз жұмысын атқаруда. «Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясы білім беру парадигмасын өзгертіп, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болды. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай ұлттық тәрбие мен білімді қатар беруде ұстаздар инновациялық іс-әрекеттің ғылыми-педагогикалық негіздерін қолдануда. Сонымен бірге, білім ордасы Шымкент қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен тең дәрежеде жаңа заман талабына сай ұстаздар мен шәкірттерін алмастыра оқытуды да қолға алған.
Білім кеңістігінде өз дәрежесінде бақ сынаған білімді шәкірттер мен шығармашыл ұстаздардың еңбегінің арқасында рейтинг бойынша «Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясы қатарынан 5 жыл бойы оқ бойы озық келді. Білімнің нағыз шыңы саналатын оқушылардың пәндік олимпиадасы бұл мектептің білім айнасы іспетті. Себебі, жылдар бойы облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларға шәкірт дайындау күн тәртібінен түскен емес. Атап айтқанда, 2017-2018 оқу жылының қорытындысы бойынша аудандық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадалардан информатика, қазақ тілі, математика, физика пәндері жоғары нәтиже көрсете білді. Әсіресе информатика пәнінің білгір маманы Роман Қадырқұловтың дайындаған шәкірттері республикалық пәндік олимпиадаларда «Ең үздік ауыл оқушысы» атанды. Ал қазақ тілі пәні бойынша облыс, республика көлемінде өткен пәндік олимпиада мен КАТЕV республикалық «Жарқын болашақ» олимиадасында жүлдегер атанған оқушыларымыз «Дарын» грамотасы мен мемлекеттік грант иегерлері.
Бүгінгі таңда елімізде жүзеге асырылып жатқан ілгерілеу саясаты қоғам өмірінің барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізуде. Күн тәртібінде қойылып отырған күрделі мәселелердің ішінде жас ұрпаққа білім беруді әлемдік деңгейге жеткізу үлкен орын алады. Сондай қоғамдағы түрлі бағыттағы өзгерістердің бірі- жаңартылған білім мазмұнындағы оқыту. Жаңартылған білім мазмұнындағы оқыту жүйесіне көшу бүкіл білім беру жүйесін жаңалауды, шығармашылық қабілеттеріне лайықтауды қажет етеді әрі ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес оқушының білімін терең, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын құзырлы тұлғаны қалыптастырады. ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша мұғалімдеріміз
курстардан өтуде. Жақсы мұғалім – бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби
деңгейі жоғары, интеллектуалды, шығармашылық әлеуеті мол тұлға екендігі
барлығыңызға белгілі. Қазіргі уақытта осы талаптарға сай білімді ұрпақ қалыптастыру жолында мектебіміздің ұстаздар қауымы жаңа оқыту
технологияларын меңгеріп, ақпараттық-коммунникативтік технологияларды жете меңгеру мақсатындағы жұмыстарын кеңінен жүргізуде. Осыған орай, мектебіміз Республика көлемінде 30 пилоттық жобасына қатысатын мектеп болғандықтан, жаңартылған білім мазмұнында апробациялық, дәлірек айтқанда алдын-ала дайындалған бағдарлама немесе жоба бойынша жүргізілетін арнайы ұйымдастырылған зерттеу жұмысын жүргізіп келеді. Мұндағы мақсат- педагогикалық сараптамаларға сүйенген және тексерілген мүмкіншіліктерді білім саласында қолдануға болатынын анықтау. Осы кезекте айта кететін бір жайт, биылғы оқу жылында 9 және 10 сынып оқулықтарын апробациялық зерттеуден өткізу мұғалім назарына ұсынылды. Түрлі баспадан шыққан оқулықтар мұғалім мен оқушының тікелей бірлесіп талдауына берілді. Мысалы, «Алматыкітап» баспасынан шыққан «Информатика» оқулығы еліміз бойынша жаңартылған білім мазмұны бағдарламасына негізделіп жасалды. Авторы өзіміздің жерлесіміз әрі мектебіміздің ғылыми істер жөніндегі орынбасары Қадырқұлов Роман. Созақ ауданы бойынша алғашқы оқулық авторы атанған әріптесім апробациялық зерттеуге биыл да 9,10 сыныптың «Информатика» оқулығын бағдарламаға сай құрастырып жазды. Әзірленген оқулықтардың әсерлігін бағалау, негізгі білім стандартына сәйкестігін, оның жағымды, жағымсыз жақтарын анықтау мұғалім құзіреттілігіне негізделіп отыр.
Қорытындылай келе, оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі.
Улымбаева Айсулу Кулыбековна
«Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясының директоры