ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен Маңғыстау облысында Батыс өңірінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің жедел-тергеу қызметкерлеріне арналған семинар-тренингі өтуде.
Семинар аясында облыстың белсенді жастарымен және қоғам өкілдерімен еркін форматта «Мемлекеттік қызметтегі парасаттылық. Жаңа формациядағы қызметкер» тақырыбымен бейресми кездесу ұйымдастырылды.
Елімізде Елбасының және мемлекет басшысының саясатын жүргізіп отырған мемлекеттік қызметшілерге қазіргі таңда артылар жүк жеңіл емес. Уақыт өте мемлекеттік органдардың халыққа қызмет көрсету сапасын көтеру, халықпен ашық әрі тығыз байланыс орнату бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қойылып отырған басты талаптардың бірі деуге болады. Ал осы талаптарға сай болу, басқаларға өзінің әділдігімен, іс-әрекетімен, сабырлығымен, бастысы қарапайымдылығымен, білімімен, тәжірибесімен ғана емес әдептілік, шыншылдығымен, отан сүйгіштігімен және өзін ортада ұстай білуі, көпшілік алдында сөз сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысымен де үлгі болуы керек.
Бүгінгі сұхбат алаңында еркін форматта осы талаптар жөнінде, сонымен бірге парасатты қоғам құру белгілері бойынша ашық әңгіме болды.
Кездесуге спикер ретінде шақырылған белсенді жастар Аббат Жәңгірxанұлы, Нұржігіт Хайруллаев, Бауыржан Тұяқов, Әсем Сартбаева, Абылай Фазылбек пен Мұқаш Бекенұлы өздерінің тың ойлары мен өткір пікірлерін ортаға салды.
Ал батыс аймақтан, оның ішінде Атырау, Ақтөбе, Орал және Қызылорда, Жамбыл облыстарынан келген өкілдер қызығушылықпен белсенділік танытып, өз ойларын тақырып аясында ашық білдіріп отырды.
ҚР Мемлекеттік қызметтік істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаменті басшысының орынбасары Бақдәулет Махмуд әр қатысушының, спикерлердің өткір пікірлері мен ойын тыңдады.
Белсенді жастардың тұшымды ойлары мен ұтымды ұсыныстарының бірқатарына тоқталып өтсек.
Аббат Өрісбаев, “Fortebank” АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры:
«Мемлекеттік қызмет саласын ашық және толықтай цифрландырса, ғимаратқа, қызмет орынға смартфон алып кіру мәселесі толықтай шешіліп, сонымен бірге, қазіргі таңда қолма қол ақшалай төлеу жүйесін толықтай электронды, яғни картамен төлеу жүйесіне көшірілсе, жемқорлықтың алдын алуға мүміндік болар еді».
Асем Сартбаева, «Маңғыстау» телеарнасының шеф-редакторы:
«Қызмет, мансап барлығы уақытша. Қарапайым халыққа жақын болу үшін ең бастысы адам бойындағы адамгершілік, қарапайымдылық пен мейірімділік. Ол мемлекеттік қызметші болсын, тергеуші болсын қандай маман иесі болса да алдымен қарапайымдылық керек. Халықпен ашық жарқын байланыс болса, ойын емін-еркін жеткізе алады. Түсінісу жеңіл болады»
Руслан Тілеп, Қызылорда облысынан: «Мемлекеттік қызметшілерге көрсетіліп жатқан қолдаулар мен үлкен көмектерді пайдалана отырып, жылдам сапалы қызмет етуге, барлық бастамалардың алды болуға шақырамын»
Бейнеу аудандық мәслихатының депутаты, Нұржігіт Хайруллаев:
«Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік қызмет саласындағы оң өзгерістер мен нәтижелер, мемқызметшілердің мәртебесі қазір өте жоғары деңгейге жетті деп айта аламын»
Атырау облысы, АМІЖ офицері Өмірбек Нажимов: «Журналистер қауымы, БАҚ өкілдері әрдайым негативті жаңалықтарды ғана іздемей, позитивті жаңалықтарды жариялап тұрса. Себебі, қазір қай ақпарат агенттіктерін, сайт беттерін ашса да, негативті жаңалықтар. Халықтың санасы мен пікірін, бізге деген сенімін БАҚ беттеріндегі ақпараттармен өзгерте аламыз»
Батыс Қазақстан облысы, тергеуші Ілияс Сәрсенғалиев: «Қандай да бір өзгерісті бір адам жалғыз енгізе алмайды. Ол үшін барлығының қолдауы қажет. Көп біріксе ғана үлкен өзгеріс болады және кез келген мемлекеттік қызметші, құқық қорғау қызметінің адамы болсын, барлығы қателеседі. Бірақ сол уақытқа дейінгі атқарған қызметің мен жасаған жұмысың бір қателік үшін жоққа шығып жатады. Қоғам, басшылық немесе БАҚ өкілдері соны ескерсе»
Жастар ресурстық орталығының директорының орынбасары, Мұқаш Оралбаев:
«Мемлекеттік қызметшілер әмбебап маман болу қажет. Сонымен бірге, кез келген ортада сөйлеу мәдениеті жоғары болу үшін сөздік қорын дамытса, өзін-өзі шыңдап, жан-жақты, адамдармен диалог құруда қарапайымдылық таныту қажет. Сонымен қатар, қазіргі уақытта жас мемлекеттік қызметшілерге көп көңіл бөлу керек секілді. Олардың біліміне, тәжірибесіне, жоғарыда айтып өткендей адами құндылықтарына. Себебі президент Қ. Тоқаев та билік басына жастарды тарту жөнінде сөз қозғаған болатын. Жас мемлекеттік қызметшілер жаңа формацияға, өзгерістерге тез бейімделеді»
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаменті басшысының орынбасары Бақдәулет Махмудов: «Агенттік төрағасының алдымызға мақсат етіп қойған «Өзгерістерді өзіңнен баста» ұранын әрдайым ұстанып, жаңа формациядағы қызметкерге лайықты болу үшін оң өзгерістердің бастамасында жүруіміз қажет. Қарапайым, қызметте адал болу — барлығы парасатты мемлекеттік қызметкердің белгісі. Өзге өңірден келген семинар қатысушыларына сәттілік тілеймін»
Мемлекеттік қызметшінің ұжымдағы өзара қарым-қатынас мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын арттыру, әдептілік мінез-құлқын және кәсіби имиджін көтеру бүгінде өзінің өзектілігін жоғалтпай келе жатқан түйткілді мәселелердің бірі. Осы орайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова былай дейді:
«Кез-келген мекеме басшысы кабинетте отыра бермей, қарамағындағы қызметшілердің кабинеттерін аралап шығып тұрса, іштегі ахуал әлдеқайда жақсара түсері сөзсіз. Меніңше басшы кабинетте отырып алып, қызметшілерді үнемі біртіндеп қабылдағаны дұрыс емес. Керісінше, кей жағдайда қызметкерлердің жұмыс орнына өздеріңіз барсаңыздар, олармен тең дәрежеде пікір алмасып, проблемаларды бірге шешу жолдарын іздесеңіздер, сіздерге деген құрмет, ыстық ықыласы, сенімі арта түседі. Яғни, алдымен өзгерістерді басшылар өздерінен бастағаны дұрыс. Ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі қағидалары мен әдістемесін құжаттардан танысып, білу жеткіліксіз. Оны ұжымда қолдану жолдарын үнемі жетілдіріп отыру — әрбір басшының міндеттерінің бірі болуы заңдылық»
Әр өңірден келген қатысушылар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің жедел-тергеу қызметкерлері де ашық, жарқын кездесу үшін алғыстарын айтып, ақ маржан қала Ақтаудың, қарт Каспийдің сұлулығына, көңілдері толғандарын жеткізді.
Нәтижесінде барлық ұсыныс, пікірлер Агенттіктің қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілерге қойып отырған талаптарымен, берік ұстанымымен ұштасады. Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, парасатты қоғам құру — жаңа заманға сай, озық білімді және мол тәжірибелі мемлекеттік қызметшілердің абыройлы міндеті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Маңғыстау облысы бойынша департаментінің
баспасөз қызметі