Home » Жаңалықтар » Жаңа форматтағы педагогикалық кеңес

Жаңа форматтағы педагогикалық кеңес

Жуырда Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде кезекті ерекше педагогикалық кеңес өтті. Оқушылардың үй тапсырмаларын, яғни жалпы жүктемелерін жеңілдетудің жолдарын қарастырған кеңес «БҰҰ моделі» форматында ұйымдастырылды. Рас, жасыратыны жоқ шәкірттер үшін мектеп бағдарламасын меңгеруде қиындықтар кездесіп тұрады, әр оқушының материалды қабылдауы мен оны меңгеруі, оқу дағдылары, тіптен үлгерім қабілеттерінің әртүрлі екенін екінің бірі жақсы біледі. Бірақ, пән бойынша қорытынды сынақтың талабы барлық балаға бірдей екені белгілі. Сол себепті пән мұғалімдері оқушылардың білім деңгейін бағдарламаға сай жеткізуге тырысады, ол үшін әртүрлі әдістерді пайдаланады. Соның бірі оқушы білімі мен дағдысын үй тапсырмасы арқылы бекіту, оларды өздігінен жұмыс істеуге қалыптастыру. Осы орайда ата-аналар тарапынан балалары үй тапсырмасын орындауға көп уақыт жұмсайтыны туралы пікір айтылып жатады. 

Осыған орай үй тапсырмасы   жөнінде ұстаз, шәкірт, ата-ана үштігі бірлесе отырып, түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін педагогикалық кеңесте бас қосты. Яғни, тараптар бір үстел басында бірлесе отырып, оңтайлы шешім шығарудың алғышарттарын ақылдасып талқыға салды.

— Біз педагогикалық кеңестерді әртүрлі интерактивті форматта өткізіп келеміз. «БҰҰ моделі» форматында ұйымдастырылған кеңес барлық қатысушылардан алдын ала дайындықпен келуін қарастырады және олардың белсенді әрекеті арқылы өтеді, демек, сонысымен құнды. Бұл педагогикалық кеңестің ерекшелігі сонда,  оқушылардың өзі төрағалық еткен түрлі секцияларда жұмыс жасады. Бұл секциялар оқушылар үшін өзекті деген сұрақтарды көтеріп, оған мұғалімдер мен ата-аналардың да үн қосуына мүмкіндік берді. Демек, бұл оқушының үй тапсырмасын орындауда қандай проблемалары бар, соны анықтап, оны шешуге бір кісідей атсалысудың жолдарын қарастырды. Біздің тәжірибеміз бойынша дәл осындай бірлескен кеңес өткізу өте пайдалы, — дейді директордың бейінді экспериментальдық жұмыстар жөніндегі орынбасары Райгүл Қайыркенова.

Түпкі мәні оқушылардың оқу сапасын жақсартуды көздеген педагогикалық кеңесте бірнеше тақырыптағы өзекті мәселелер көтерілді. Мәселен солардың қатарында «Оқытушылар мен оқушылардың жұмыс жүктемесін ескере отырып, мектептегі уақытты басқаруды ұйымдастыру үшін қандай принциптерді басшылыққа алу керек?», «Үй тапсырмасының пайдасы», «Оқушы еңбегінің өнімділігіне әсер ететін факторлар», «Оқушы жүктемесін ескере отырып, оқу бағдарламасын меңгеруде неге басымдық беруіміз керек?», «Үй тапсырмасын орындауда әлемдік іс-тәжірибедегі қандай идеяларды мектебімізде жүзеге асыра аламыз?», «Білім алу барысы мен үй тапсырмаларын орындауда ата-ананың ролі», «Оқушы жағдайына қарай үй тапсырмаларын оңтайландыру» бағытындағы секция жұмыстарына шәкірт, ұстаз, ата-аналар белсене қатысты.

Жоғарыда аталған тақырыптар бойынша бірнеше секцияға бөлінген  оқушылар, ұстаздар, ата-аналар үштігі орта мәселе де ой қорытып, көлденең кедергіні шешудің жолдарын қарастырды. Жасырары жоқ, кейбір сұрақтар төңірегінде пікірлер қарама-қайшы келіп, әр тұлға өз ұстанымын дәлелдеуге тырысты. Соңынан педагогикалық кеңестің шешімі бойынша атқарылуға тиісті бірнеше міндеттер айқындалып, мектеп әкімшілігі мен ұстаздар, ата-аналар осы бағытта жұмыс істеуге кірісетін болды. Мектеп басшылығы дәл осындай шараны алдағы уақытта жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр.

 

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.