Home » Бес сауал » Білім беру саласындағы жаңа тәртіптің жүзеге асу процессінен

Білім беру саласындағы жаңа тәртіптің жүзеге асу процессінен

  № 66 мектеп-лицей директорының бастауыш сыныптар бойынша оқу-ісі жөніндегі орынбасары Шокубасова Мария Амангельдиновна:

Жаңа оқу жылындағы оқу бағдарламасына енгізілген жаңа тәртіп бойынша сіздердің мектептеріңіз 40 минуттық сабақ үдерісіне көшті ме?

Қазіргі уақытта біз жаңа өзгерістердің мектебімізде жүйелі жүзеге асуы үшін жұмыс жасап жатырмыз. Сабақтар 40 минуттан өткізіліп жатыр. Бірақ, шынымды айтсам, нәтижесі қалай болатынын әлі өзіміз де білмейміз. Бір тоқсан өткеннен кейін немесе бір жарты жылдықтан кейін мүмкін байқалатын шығар.

Бастауыш сынып оқушылары неше күн оқып жатыр?

Біз, негізі, әдістемелік нұсқаулық хатпен жұмыс жасаймыз. Нұсқаулық бойынша, мектептің қуаттылығы ондағы бала санына байланысты дейтін болсақ, екі ауысымда, үш ауысымда жұмыс істейтін мектептер бар, бұл мәселені әр мектептегі әкімшілік ұжымға және қамқорлық кеңесінің құзырына беріп отыр. Ал біздің мектептің бастауыш сынып оқушылары толықтай бес күндікке көшті.

Сабақ уақытының 40 минутқа қысқартылуы сіздерге, ұстаздар қауымына қалай әсер етуде?

Өткен жылдан бері бұл тәртіп бастауыш сыныптарға енгізілген. Жеке менің өзіме өте ыңғайлы. Мен өзім осы жұмысты мектепте ұйымдастырып отырмын. Себебі, жалпылықтан нақтылыққа көшкен сияқтымыз. Бастауыш сыныпқа берілетін жеті пәннің бәрінде ортақ тақырып бар. Мысалы, «Менің отбасым» деген тақырып басқа пәндерде де кездеседі, сонда бұл тақырыпқа біз жан-жақты қырынан қараймыз. Сонымен қатар, үштілдік сипатына да жақсы әсер етеді. Бағалау жүйесі де өзгеріске түсті. Біз бұрын баламен комуникативті қарым-қатынас кезінде оған «Отырыңыз, үш» деп бағалай беретінбіз. Ал қазіргі жүйе бойынша баллмен, бағамен емес, баланың жұмысы туралы толық көзқарасты білдіріп, ұтымды жақтарын мадақтап, ұтымсыз тұстарын кемшілік ретінде ескертіп, арнайы тапсырмалар береміз. Сол кезде оқушыға кемшілік те жайлы естіледі. Осы қалыптастырушы бағалар маған осы тұсы қатты ұнады. Негізі, жаңашылдық болғаннан кейін оның кемшілігі де, артықшылығы да болады ғой. Сосын бағалаудан кейінгі модерация шынайылықты білдіреді. Модерацияда баланың жауабы тексерілгенде оның аты-жөні көрсетілмейді, бірнеше адамның талқылауы арқылы баланың таным деңгейі анықталады. Ата-аналарға жинақтық бағалау жүйесін қолданамыз. Балалардың жұмысына қарай отырып, ата-анаға да арнайы айдар арнап отырамыз.

Бұл жүйе жоғарғы сыныптарда қандай  көрініс алып жатыр?

Жоғары сыныптарға да бұл өзгерістер енгізілді. Дегенмен, әлі толық үйренісе қойған жоқ. Аздаған уақытты қажет ететін шығар.

Сіздердің мектептеріңізде қамқорлық кеңесі бар ма? Қамқорлық кеңесі қандай жоспарлар жасап отыр?

Осы жылдың сәуір айында ата-аналар жиналысы болды. Сонда әр мектеп өзінің қамқорлық кеңесін сайлады. Мұғалімдер де, ата-аналар да өз ойларын білдіріп, ақылдаса отырып сайлады. Қамқорлық кеңесі мектептегі сабақ процессіне де қатысты көптеген мәселелерді шешуге қатысады. Осы жылға арнайы жоспарлары жасалған. Жүзеге асыру үшін жұмыс жасап жатыр.

Сұхбатыңызға рахмет!

«Білім айнасы» газеті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.