Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев жолдауында айқындай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін — білім». Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде. Қазіргі заман талабына сай оқыту үшін мұғалім тұлғасына түбегейлі өзгеріс қажет. Технология мен техниканың қарқынды дамыған мына заманда алған білімін қолданысқа енгізе алатын, жаңашыл ойланып, ел өркендеуіне өз үлесін қоса алатын сауатты азаматтар қажет.
Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосатын жастар болғандықтан елбасымыздың да жүргізіп жатқан саясаты жастарды жаңаша тәрбиелеу мақсатында болмақ. Осы мақсатқа жету жолында ұстаздардың алатын орны ерекше. Себебі, кез-келген саланың жетік маманы тек ұстаздан ғана бағыт-бағдар алып,тәрбиеленеді. Жаңа педагогикалық технологияның ерекшеліктері — өсіп келе жатқан жаңа тұлғаны жан-жақты дамыту.Кез-келген жаңа білімді бала сезініп, түйсініп қабылдайтындай етіп беруіміз қажет. Дәстүрлі оқытуда оқушы тек тыңдаушы, орындаушы болса,ал қазіргі оқушы – өз пікірі, өз тұжырымы бар, өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз қажет.
Қазіргі болып жатқан саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік өзгерістер халыққа білім беру жүйесінің барлық буындарында білім беру ісін жаңа сатыға көтеруді талап етіп отыр. Орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал әдістемелері арасында сындарлы оқыту теориясына негізделген тәсіл кең тараған. Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде кез-келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Оқушыны сын тұрғысынан,ойлауға үйрету мұғалімнің басты міндеттерінің бірі болуы тиіс.
Нәтижесінде қадағалау, интерпритация, талдау, қорытынды жасау, бағалау, түсіндіру, метатануды меңгерген тұлға қалыптасады. «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім,ал оқу мен ізденуді тоқтатқанымен оның мұғалімдігі де жойылады» — деп орыс педагогы К.Д. Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай,әрбір мұғалім өз білімін жетілдіріп,жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса,сабақ тартымды да, мәнді, қонымды әрі тиімді болары сөзсіз. Еліміздің болашағы жас ұрпақтың қолында. Мұғалімнің шеберлігі мен жетістігі – сапалы білім және жақсы тәрбие алған шәкірттерінде. Қорыта айтқанда «мұғалім» деген атқа лайық болу үшін тоқтаусыз еңбек ету – әрбір ұстаздың міндеті екенін ұмытпайық.
Кері байланыс
Қандай екі нәрсе табысты болды
- Мұғалім жан-жақты іздену қажет.
- Оқушының жүрегіне бойлай білу
Қандай екі нәрсе білімді жақсарта алады
- Мектеп талапқа сай болған жағдайда
- Мұғалім,,оқушы,ата-ана тығыз байланыста болғанда
Мұғалім шебер көшбасшы болу, тәрбиені басшылыққа ала отырып мектептерде білімді жақсарту. Келешекте оқушылар пікірін көп тыңдау.
Халиева Бағила Ермековна,
Шымкент қалалық білім бөлімінің әдіскері