Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Жаңа оқыту технологияларын  қазақ тілін оқытуда қолдану тәжірибелері

Жаңа оқыту технологияларын  қазақ тілін оқытуда қолдану тәжірибелері

Қазақ тілін сапалы әрі тиімді әдістер арқылы оқыту жолдарын іздестіру күн тәртібінен ешуақытта түспейтіні белгілі. Қазіргі қазақ мектебінде қазақ тілін оқыту саласында инновациялық технологияларды қолдану туралы зерттеулер жүргізіліп, мектеп мұғалімдерінің тәжірибелерінде түрлі технологиялар тиімділікпен қолданылып келеді. Жаңа инновациялық технологиялардың қолданылуының түпнегізінде жататын маңызды дидактикалық заңдылық бар. Ол – мұғалім мен оқушының арасындағы субъект-субъектілік дидактикалық қатынасы құрылуы. Субъект-субъектілік дидактикалық қатынастың орнауы үшін орындалуы тиіс өзіндік талаптары бар, олар:

  • мұғалім мен оқушының сабақ үдерісінде өзара ынтымақтастық қатынаста болуы;
  • мұғалім сабақ үдерісінде ұйымдастырушы рөлінде болып, оқушының өз бетімен білім іздеу барысын ұйымдастыруы;
  • мұғалімнің оқушылардың субъектілік тәжірибесін қоғамдық тұрғыдан бағалай және өзара үйлестіре отырып, барынша анықтау және оқушының өзі оны пайдалануына қажетті мүмкіндіктер жасау;
  • оқушының жеке  тұлғалық функцияларын сабақ барысында белсендіру т.б.

Қазақ тілін оқыту үдерісінде жаңа инновациялық технологияларды қолданғанда қандай талаптар бойынша оларды іріктеуге немесе жүйелеуге болады?

Ғалымдардың еңбектерін талдау барысында алынған нәтижелерге сүйенсек,  ол талаптарды төмендегіше жүйелеуге болады деп ойлаймыз.

  • жаңа инновациялық технологияның интерактивтілік сипатты болу керектігі;
  • жаңа инновациялық технологияның іс-әрекет сипатты болу керектігі;
  • жаңа инновациялық технологияның оқушының жеке басын дамытуға бағытталған болу керектігі;
  • оқушының өз бетімен және еркін түрде шешім қабылдауына мүмкіндіктер беретін болу керектігі;
  • жаңа инновациялық технология оқу мазмұны мен оқыту тәсілдерін өзі таңдауға қатыса алатындай мүмкіндік беретін болу керектігі;
  • оқу барысының диалогтік сипатта болына негіз қалайтындай болу керектігі;
  • оқу материалын жаттаудан оны шынайы өмірлік жағдаяттармен байланыстыра меңгеруге оқушыға мүмкіндіктер жасайтындай болу керектігі.

Мұғалім белгілі бір инновациялық технологияны таңдауда жоғарыда көрсетілген жалпы белгілерімен қатар, әр технологияның өзіне ғана тән болатын ерекшеліктеріне  де баса назар аударуы керек. Ол ерекшеліктері мынадай:

  • мұғалім пән мен ішкі жекелеген тақырыптарға бөлінетін сағат санын білуі керек;
  • оқушылардың дайындық деңгейін жақсы білуі керек;
  • олардың жас және даму ерекшеліктерін жақсы білуі керек;
  • сабақта қолданылатын материалдық құрал-жабдықтардың мектепте толық бар екендігін білуі керек;
  • және ең бастысы, мұғалімнің өзі жаңа инновациялық технологияны меңгерген болуы және қолдануға дайын болуы тиіс.

Осы талаптардың кешенін қабылдаған қазақ тілі мұғалімі ғана жаңа инновациялық технологияны өзінің сабақтарында қолдануға кірісуіне болады.

Осындай жақсы нәтижелерге қол жеткізетін оқыту технологияларының бірі – соңғы жылдары белсенді қарастырылып және қолданылып жүрген ынтымақтастықта оқыту (Cooperative Learning) технологиясы.

Ынтымақтастықта оқыту үдерісінде сынып оқушыларын кішкентай топтарға бөліп, оқу міндеттерін шешуге жұмылдырады. Мұндай оқыту жүйесінде кішкентай топтар өзара байланыста болады және оқу материалымен танысып, оларға берілген оқу міндеттерін шешуде дербес  жұмыс жасай алады.  Осылай сыныпты кішкентай «әлеуметтік топтарға айналдыра отырып», мұғалім сабақ арқылы олардың арасындағы әлеуметтік байланыстарды жетілдіре түседі.

Ынтымақтастықта оқыту – оқушылардың топтарға бөліне отырып, бірақ барлығы біріге отырып, тақырыпты терең  танып-білу бағытында зерттеу жұмыстарын жүргізуді білдіреді. Бұл үдеріс оқу және танымдық әрекеттегі оқушылардың қауымдастығын білдіреді. Оқушылар танысып білген білімдерін өзара бөлісе отырып, тағы да өзара ізденіске түседі, нәтижелерін тағы да бөліседі. Осылай,  оқушылар ұжыммен біріге отырып, жаңа білімді дайын күйде мұғалімнен алмайды, іздене отырып, бірін екіншісі толықтыра отырып меңгереді.

Оқушылардың өз бетімен білім алу әрекеттері ынтымақтастықта оқыту технологиясының басты ұстанымдарының бірі болып табылады. Мұғалімнің дәстүрлі рөлі  өзгереді. Бұл оқыту технологиясында мұғалім оқушылармен біріге отырып жаңа тақырыпты ізденетін тұлғаға «айналады». Ал кейде, мұғалім оқушыларға дұрыс бағыт сілтеу үшін, кеңес берушінің рөліне кіріседі.  Ынтымақтастықта оқытудың ұжыммен оқыту, жеке-топтық тұрғыдан оқыту, ұжымдық-ойын тұрғысынан оқыту деген бірнеше түрі белгілі. Олар түрліше аталса да, олардың барлығының ұстанар бағдарлары ортақ болып келеді.

  • Қазақ тілін оқытуда бұларды қалай қолдансақ та, олардың барлығында оқушылар бірігіп жұмыс жасап, оқу материалын ортақ ізденістер арқылы біріге отырып меңгереді.
  • Қазақ тілі сабақтарында әрбір оқушының жеке орындаған тапсырмаса мен «ашқан өзіндік жаңалығы» ұжымдық оқу әрекетінің құраушы бөлшегі болып саналады.
  • Топтық жұмыстың нәтижесін бағалауда оқушының жеке бағасы топтың бағасымен бірдей болады. Яғни тұтас топқа баға қойылып, топтың барлық мүшесі бір баға алады.
  • Топтың әрбір мүшесі топтың қалған барлық мүшесінің жетістігі

үшін жауапкершілікте болады.

  • Бұл технологияда топтың мүшелірінң өзара тіл қатыса отырып тіл табысуы, ортақ мәмілеге келе білуіне үлкен назар аударылады.
  • Топтың жұмысың жалпы бағалануы топ мүшелерінің өзара тіл табысып сөйлесуі мен оқу мәндеттерін шешуде қол жеткен жетістіктеріне қарай жүреді.

Ынтымақтастықта оқыту технологиясында оқушылардың  коммуникативтік құзыреттерінің дамып, жетілуіне зор зейін қойылады.

Тағы бір тиімді инновациялық технология ретінде «Жобалау әдісін» қарастырып өтеміз. «Жобалау әдісі» – оқушылардың оқу және танымдық қызығушылықтарынан туындайтын, соларды жетілдіруге бағытталатын, кешенді оқыту әдісі. Осы әдіс арқылы оқушылардың өз бетімен оқу міндеттерін орындауда, оқу мақсатын қол жеткізуде «жүретін жолын» жоспарлауға, ұйымдастыруға, өткізуге, қол жеткізетін нәтижелерін болжауға, қадағалауға, бағалауға  өзі де қатысып оқу-танымдық үдерістің қатысушысы да, басқарушысы да болуы мүмкін етіледі. «Жобалау әдісінің» нәтижелері –барлық уақытта көзбен көріп, қолмен ұстайтындай өнім түрінде бағаланатын нәрсе болуы керек.

«Жобалау әдісінің» түп негізінде оқушылардың қазіргі ақпараттар тасқындаған заманда өздеріне керекті мәліметті тез және дәл іздеп таба алатын бағдарды ұстанатын, өзінің ізденіп жүрген тақырыбы бойынша жинаған білім мазмұнын модельдей алуына, сыни ойлай білуіне керекті дағдылар қалыптастыру мақсаты жатады.  «Жобалау әдісі» тек қана оқушылардың  жеке болсын, топтық болсын, ұжымдық болсын,  белгілі бір уақыт шегінде өз беттерімен жұмыс жасауына бағытталған. Сонымен бірге, «жобалау әдісінің» алдында қарастырып өткен «ынтымақтастықта оқыту» жүйесімен ұқсас тұстарын барын да атап кеткіміз келеді. Өйткені,  «жобалау әдісі» жүйесімен жұмыс жасайтын оқушылар, қалай болғанда да бірімен екіншісі оқу-танымдық коммуникативтік қарым-қатынасқа түсіп, ортақ оқу мақсаттарына біріге қол жеткізуге ұмтылады.

Қазақ тілін оқытуда қолданылатын «жобалау әдісінің» түрлі жіктемелері бар. Олар: қолданатын әдісіне қарай; орындалатын бағытына қарай; орындаушылардың байланысу түріне қарай; орындаушылардың санына қарай; жобаның орындалу ұзақтығына қарай бөлінеді.

Сонымен қатар «Жобалау әдісі» арқылы орындалатын оқу жұмысының кезеңдері де алдын ала белгіленеді:  I кезең – жобаның  сыныпта орындалуы, II кезең – жобаның сыныптан тыс жерде орындалуы, III кезең – сыныпқа қайтып оралу, IV кезең – жобаның нәтижесін презентациялау,
V  кезең – жобаны бағалау.

Қазақ тілін оқытуда жаңа оқыту технологияларын қолданудың теориялық та, тәжірибелік те формада жинақталған мол ресурстары бар. Мұғалімдер осыларды өзінің мақсатына сай қолданып,  әрдайым тәжірибесіндегі жетістіктері туралы ойларын бөлісіп отыруы дұрыс деп ойлаймыз.

Әдебиеттер:

  • Полат Е.С. Метод проектов на уроках иностранного языка. Иностранные языки в школе, 2000,   № 2, 3.
  • Құрман Н.Ж., Әбішәріп Ә. Оқытудың инновациялық технологиялары. Астана. 2014. – 160 б.

 

   Байшагирова Аманкуль Примжаровна
Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.