Home » Білім және өнер » ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА — ЖАҢА ОҚУЛЫҚТАР

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА — ЖАҢА ОҚУЛЫҚТАР

+Оқулықтар жайлы БҮБІХАНИә, мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап баланы білімге шақырып, өмірді танытатын да кітап. Енді санаулы күндерден соң оқушылар сөмкелерін асынып, мектеп табалдырығын аттайды. Әрине, баланы киіндіру мен құрал- жабдығынан бөлек кітаптармен қамданатын уақыт та жетті. Қазір еліміздің барлық мектептерінде жаңа оқу жылына дайындық, оқулықпен қамту жұмысы қызу жүріп жатыр. Осы орайда биылғы жаңа оқу жылында білім ордалары қандай жаңа оқулықтармен толығатынын білу мақсатында «Алматыкітап» баспаның маркетинг басқармасының бастығы Шәкиева Бүбіхан Баратқызын әңгімеге тартқан едік.

— Бүбіхан Баратқызы ең алдымен «Алматыкітап» баспасының тарихы жайында қысқаша тоқталып өтсеңіз?

— Әрине, алғашқы жылдары өте қиын болды. Себебі, баспа саласы елімізде кенжелеп қалған еді. Екіншіден, полиграфияға қажетті материалдар өндірілмейді. Бар қиындыққа қарамастан, еліміз ұлттық жаңа бағдарлама жасап, «төл» оқулықтарымыз дүниеге келді. Бұл салада «Атамұра» және «Мектеп» баспаларының жанкешті еңбектерін атап айту қажет. Ал «Алматыкітап» баспасы тұңғыш рет балабақшаларға арналған оқу-әдістемелік кешендерді дайындады. Әуелгі тарихынан бастасам, бұрынғы кітап сауда ұйымы болған «Қазкітап» республикалық бірлестігінің Алма-Ата облыстық кітап сауда конторынан бастау алады. 1988 жылы мамыр айында «Алматыкітап» Алма-Ата қалалық кітап сауда конторы болып атауын өзгертті. 1993 жылы желтоқсан айында «Алматыкітап» ашық акционерлік қоғамы құрылды. 2004 жылы шілде айында «Алматыкітап» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып аталды. 2007 жылдан бастап Қазақстан нарығында «Алматыкiтап баспасы» ЖШС атауымен белгілі еліміздегі ірі баспаның бірі.

— Баспаның шығарып жатқан өнімдерінің ерекшелігі жөнінен де айта кетсеңіз?

— 2003 жылдан бастап баспа 12 жылдық жалпыға білім беретін мектептің эксперимент сыныптарында өз оқулығының сынақтан өтуіне жолдама алды. 2008 жылы баспа қазақстандық білім саласында алғаш рет 11 жылдық білім беретін бастауыш мектепке арнап балама кітаптар әзірлеп, шығарды. Бұл — әлемдік тәжірибе. Бір пән бойынша бірнеше оқулықтар әзірленіп, ұстаздар қауымына таңдауға мүмкіндік берілді. Бұл қадам біріншіден, нарықтағы оқулыққа деген монополияны жойды, екіншіден таңдау болған жағдайда сапаның жақсаратыны анық. Сөйтіп, балама оқулықтары қолданыста болған 8 жыл ішінде оқулықтар сапасы биік деңгейге көтерілді деп нық сеніммен айтуыма болады. Бұл — барша ұстаздар қауымының да пікірі. Біздің баспаның кітаптары білім беру ұйымдарының оқу үрдісінде пайдалануға рұқсат етілген, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына енгізілген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер тізіміне жыл сайын еніп келеді. «Алматыкітап баспасы» оқушы денсаулығына көңіл бөле отырып, төменгі сынып оқушыларына арналған оқулықтар дайындауда озық тәсілді, санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкес беріктігін жоймайтын заманауи мұқабаны пайдаланады. Кітапты біршама жеңіл етеді. Оқулықтармен қоса оқушылар мен мұғалімдердің шығармашылық қызметіне кең жол ашатын, мазмұны бай, тамаша көркемделген жоғары сапалы кітаптар басып шығарады. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен мектептерге арналған оқулықтар және оқу құралдары, көркем әдебиеттер, сөздіктер, анықтамалықтар мен мектепке дейінгілер үшін әдебиеттер шығарылуда. Ата-аналар тарапынан сұраныс көп болуда.

— Бүбіхан Баратқызы, оқу жылының басталуына санаулы-ақ күндер қалды. Жаңа оқу жылында қандай тың өзгерістеріңіз, жаңалықтарыңыз бар?

— Иә, дұрыс айтасыз, білім саласын көптеген өзгерістер күтіп тұр. Жаңа оқ у жылында 380 мыңнан аса бала бірінші сыныпқа барады. Олардың барлығы 5күндік оқыту жүйесіне өтіп, жаңа бағдарламаның негізінде білім ала бастайды. Қалған сыныптар бес күндік оқу бағдарламасына 2019 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіріледі. Қазір білім берудің жаңартылған бағдарламасына кезең-кезеңімен көшу аясында 1-сынып үшін жаңартылған бағдарламаға сай жазылған оқулықтар беріледі. Бұл бағдарламада түбегейлі жаңартылған, жаңа технологиялар, жаңа талаптар, тиімді әдіс- тәсілдер ұсынылады. Баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыруы, өз ортасында шәкірттің еркін дамуына, ой қорыту, пікір айту, алған білімін өмірде қолдана білуге жетелеу басты мақсат.

Өткен 2015-2016 оқу жылында аталған бағдарлама еліміздің 30 пилоттық мектептерінде сынақтан (апробациядан) өтті. Биыл 1-ші сыныптарда бір ғана базалық оқулық болмақ. Ал сол оқулықтар сараптама қорытындысы бойынша: математика, дүниетану, жаратылыстану пәндерін дайындау (қазақ-орыс тілдерінде) Назарбаев зияткерлік мектебіне; сауат ашу, көркем еңбек пәндерін дайындау «Атамұра» баспасына; «өзін өзі тану» «Бөбек» орталығына; обучение грамоты, қазақ тілі орыс мектептеріне, орыс тілі қазақ мектептеріне, музыка (қазақ-орыс-ұйғыр тілдерінде) пәндерін дайындау біздің «Алматыкітап баспасына» тапсырылды. Оқулықпен қамту мәселесі Үкімет пен Білім және ғылым министрлігінің жіті бақылауында тұр. Бұл — өте маңызды мәселе. Біздің баспа 20 шілдеге дейін барлық оқулықтарды дайындап үлгерді. Қазір барлық облыстардың тасымалдаушылары кітаптарын әкетіп жатыр. Баспа қызметкерлері ұзартылған күн тәртібіне көшіріліп қызу жұмыс үстінде,-дейді Бүбіхан Шәкиева.

Иә, «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», — деп Ұлы Абай жырлаған баға жетпес қазына кітаптан білім алар күнде таяу қалды. Бар білімнің патшасын тек кітаптан табарымыз да анық. Олай болса, Құрметті Бүбіхан Баратқызы! Оқулық жайында берген сұхбатыңызға рақмет айтамыз! Еңбектеріңіз жемісті, жарыққа шығып жатқан жаңа оқулықтарыңыз құтты болсын демекпіз! Білімді жас ұрпағымыз көп болсын ағайын!

Дидар НҰРЖІГІТ.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.