Home » Мақалалар » Жаңа модификациялық үлгідегі кабинеттердің білім сапасын арттырудағы рөлі

Жаңа модификациялық үлгідегі кабинеттердің білім сапасын арттырудағы рөлі

ҚР Президентінің «Қазақстан — 2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ең дамыған отыз елдер қатарына ену мақсаты анықталған. Осындай болашаққа жету үшін білім саласында оқушылар әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктердің түзілуіне ықпалын тигізетін түбегейлі шаралардың қабылдануы қажет.

Қоғамда болып жатқан жедел де, қарқынды өзгерістер білім беруге қойылатын талаптарды жаңа бағытта түбегейлі өзгертуде. Әлемдік білім беру кеңістігінде жеке тұлға мен қоғамның қажеттілігін қанағаттандыратын көп деңгейлі үздіксіз білім беру қалыптасуда. Қазіргі білім концепциясының басты мақсаты – өзінің және қоғамның мүддесіне өзін-өзі белсенді етуге дайын, күнделікті бәсекеге қабілетті және шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — өзгермелі әлеуметтік және экономикалық жағдайда өмір сүруге ғана емес, болып жатқан өзгерістерге қатысып, оны жақсартуға ықылас етіп белсенді, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, ой-өрісі кең, сауатты, танымдық әрекетке қызығуы мол оқушы тәрбиелеу.

Бұл үрдіс, ең алдымен, жаңа мазмұнмен және уақыт талабына сәйкестікте толықтырылған білім беруді ұйымдастырумен байланысты.

Нәтижеге бағытталған білім беру жүйесінің сапалық критерийі ретінде білім алушылардың ақпараттық құзыреттілігі қарастырылады. Оқыту технологиялары арқылы оқушының ақпараттық құзыреттілігін жетілдіру – күтілетін нәтижеге бағытталған жаңа білім беру жүйесі білім мазмұнын меңгеру үрдісінде оқушылардың құзыреттіліктері мен өмірлік дағдыларының қалыптасуын, оларды әлеуметтендіруді қамтамасыз етеді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, оқушылардың әлеуметтік және қоғамдық өмірдегі, сонымен қатар қызметтегі өзгерістерге мектепте алған білімдері негізінде бейімделу қабілетін тек ең жаңа, заманауи ақпараттық-технологиялық құралдармен жабдықталған мектеп қана қамтамасыз ете алады.

Орта білім мазмұнын жаңарту «Назарбаев зияткерлік мектебінің» (НЗМ) тәжірибесін еліміздің жалпы білім беретін мектептерінде тарату және балалардың оқуға қызығушылығын тудыратын оқытудың заманауи технологияларын пайдаланумен тығыз байланыста жүзеге асырылады, бұл болса оқытудың формалары мен әдістерін жетілдіру жолымен қамтамасыз етіледі. Оқу үрдісінің интерактивті, инновациялық, жобалық-зерттеушілік, санды технологияларды пайдаланумен ұйымдастырылуы оқушыларды жаппай оқытудан білім алушыны оқу қызметіне тартуға өту үшін жағдай тудырады.

Осындай жағдайда балаларға артық теориялық білім мен тапсырмалардың берілуіне жол берілмейді. Оның орнына оқу үрдісінің икемділігі мен практикалық бағытталуы пайда болады.

Оқушының өз бетінше білім алуы өзіндік ой пікірін калыптастырып, қорытынды жасай алуын, өз білімін өзі бағалай білуін, қисынды ойлау қабілетін, шығармашылық іс-әрекетін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ақпаратты өз бетімен табу, талдау және іріктеу жасау, қайта қарау, түрлендіру және тасымалдау, өзінің оқу қызметін жоспарлау жүзеге асады. Кез-келген теориялық білімді практикамен ұштастыра отырып білім беру оқушының түсінігінің қалыптасуын, нақты мәліметтерді есте сақтауын, шығармашылық ойлау қабілетін жетілдіреді.

Білім беру мақсаты – жалпы білім беретін мектептерде «Назарбаев зияткерлік мектебіндегі» оқыту деңгейіне қол жеткізу» екендігін негізге ала отырып сабақ сапасын жақсартудағы жолдарды іздестіру қажет. Сондай әрекеттің бірі — мектептерде модификациялық кабинет мүмкіндігін пайдалану.

Биология сабақтарында зертханалық жұмысты тиімді пайдаланып, оқушылардың теориялық білімін практикамен ұштастырудың маңызы өте зор. Себебі күнделікті өткен бірсарынды баяндау, сұрақ-жауап секілді әдеттегі сабақтар оқушыларды жалықтырып, шаршатады. Сондықтан биология сабақтарында әрбір мұғалім зертханалық жұмысты тиімді пайдаланса, оқушылардың пәнге қызығуы артады. АКТ қолдана отырып әр мұғалім сабақта жаңа үлгідегі кабинетті барынша толық пайдалануға мүмкіншілік алады. Пән мұғалімінің уақытын үнемдеп қана қоймай, оқушының пәнге қызығушылығын, ал ол оқушының ізденісі мен білім сапасының жоғарылауына әкелетіні сөзсіз.

Жаңа модификациялық үлгідегі биология кабинеті мүмкіндіктерін пайдалану және «PASCO» компаниясының «SPARK» және «Xplorer GLX» бағдарламалық жабдықтамасы арқылы зертханалық жұмыстарды орындаудың оқушылардың білім сапасын арттырудағы ролі ерекше.

Зерттеушілік жұмысқа бағытталған зертханалық тапсырмалардың негізін құрайтындар ақпарат пен компьютерлік аспаптар болып табылады. Датчиктерді, мәліметтерді талдау мен графиктермен бірге модельдер құру аспаптарын қолдану, симуляциялар және аспаптармен жұмыстардың барлығы ғылыми зерттеулерге көмек береді. Жаратылыстану ғылымдары бойынша зертханалық тапсырмаларды орындау оқушылардың теориялық және практикалық дағдыларының , сонымен бірге күрделі ғылыми зерттеулерді орындауға көмектесетін ғылыми зерттеулер үдерісі мен аспаптарын басқару іскерлігін дамытуға жәрдем береді. Әрбір зертханалық тапсырма оқушыларды өз деректерін жинауға , талдау мен бағалауға және деректерде байқалатын тенденцияларды түсіндіруге үйретеді.

Зерттеу әдісі оқытудағы басты үдеріс болып табылады. Зерттеулермен айналысқан оқушылар сұрақтар құрып, олардың жауаптарының нұсқаларын ойластырады. Олар мәліметтерді жинап, оларды қалай көрсету керек екенін шешеді, мағлұмат алу үшін мәліметтерін біріктіреді, сонымен қатар алған білімдерінің дұрыстығын тексереді. Оқушылар өз міндеттерін анықтайды, сын тұрғысынан және логикалық ойлауды қолданады, сондай-ақ альтернативті түсініктерді қарастырады. Осылайша, оқушылар ғылымды түсінуін ғылыми білімдері мен ой жүгірту және ойлау дағдыларын қиыстыра отырып белсенді дамытады.

Жаратылыстану ғылымдары бойынша зертханалық тапсырмалар оқушылар зерттеулерін аяқтай алатындай, білімдерін жетілдіруіне қарай ғылыми зерттеу үдерісін үйренетіндей және ең соңында күрделірек зерттеулерді дайындап орындай алатындай құрастырылады. Бұл тапсырмаларды орындау барысында оқушылар сын тұрғысынан ойлау (сауатты сұрақтарды құру, тәжірибелік стратегиялар жасау, бар қателерді табу мен тіркеу), үдерістегі біліктілік (жабдықтарды калибрлеу, мәліметтерді жинау), жобалар мен құрылымдарды білу (құрал-жабдықтарды жинақтау, қауіпсіздік шараларын сақтау, ерітінділерді араластыру) және аналитикалық ойлау (графиктер құру, модельдеу, статистика) сияқты дағдыларын дамытады.

 

Куракова Роза Нсангалиевна

«Өрлеу» БАҰО»АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,

«Инновациялық технологиялар және жаратылыстану (гуманитарлық) ғылымдары пәндерін оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы,

PISA және Жобалау пәні тренері,

ҚР Білім беру ісінің үздігі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.