Home » Бастауыш » Жаңа мазмұндағы білім – жарқын болашақ кепілі

Жаңа мазмұндағы білім – жарқын болашақ кепілі

Бүгінгі  мемлекет  алдындағы  басты  міндет – білім  беру  жүйесін  жаңарту болып  отыр. Қазіргі  білім беру  саласында  оқытудың  жаңа  технологияларын  меңгермейінше  сауатты, жан-жақты   маман  болуы  мүмкін  емес. Әрине, маманның сапасы мұғалімнің біліктілігін арттыруына тікелей байланысты. Өйткені қай кезеңде, қай қоғамда болсын, жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстаздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сындарлы оқыту технологиясына негізделген бағдарламаның мақсаты өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, талпынатын, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын болумен қатар, қалай оқу керектігін білетін, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Осы бағдарламаны меңгере отырып, біз оқушының жан-жақты дамуы мен білім алуына себепші боламыз. Егер алдымыздағы оқушыға уақытында ізгі бағасын беріп, оқудың маңызын түсіндіріп, оны дұрыс жолға бағыттай білсек, ол оқушының өмірде адаспасы сөзсіз.

Бұған дейін бағалауды біз «баға қою» деп қабылдап, оны сабақтың соңында міндетті түрде жүзеге асыратын әрекет деп түсінетінбіз. Сонымен қатар оқушының түсіну деңгейін бағалауды тек мұғалім міндеті ретінде қарап, объективті түрде өз құзырлығымызбен бағалап жүрдік. Бағдарламаның жеті модулінің бірі – «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» модулінің негізгі идеяларымен таныса келе, өзімнің бағалау туралы көзқарасым мен түсінігімнің өзгергенін байқадым. Енді, бағалау – одан әрі қалай оқу керектігін бағдарлауға және оқушының түсіну деңгейін анықтауға бағытталған әрекет. Оқушыларды негізінен суммативті бағалап, одан әрі оқушылардың өздерін жетілдіруге еш мүмкіндік қалдырмайтынбыз. Яғни, тек оқуды бағалап жүрдік. Модульдің мазмұнын оқи отырып,  біз бағалаудың екі түрі болатындығын (формативті және суммативті) біліп және олардың арасындағы айырмашылықты да түсіндік.

Формативті бағалау оқушылардың  қай кезеңде, қай бағытта екенін анықтау және одан да зор жетістікке  қалай жету  керектігін  жоспарлау  үшін  қолданылады.

Суммативті  оқыту, керісінше,  оқушылардың  осы кезеңге дейін оқығанын қосып бағалау.

Бағалау не үшін қажет десек, бағалау – оқыту мен оқудағы қиындықтарды aйқындaуғa, білу, түсіну деңгейлерін aнықтауғa және дамуы мен мінез-құлқын межелеуге, соған қaрaй оқушыларды ынталандырып отыруға, мемлекет трапынан бекітіліп берілген  оқу стандартын орындауға керек оқытудың басты құралының бірі.

Сабақтарымда   формативті  бағалаудың  келесі түрін  қолданамын

— Өзін-өзі  бағалау;

— Жұпта бір-бірін бағалау;

— Топта бір-бірін  бағалау;

Формативті бағалау кезінде оқушылар өздерінің білімінің қай деңгейінде тұрғандығын, қай бағытта даму үшін еңбектену қажеттігін және керек нәтижеге қол жеткізу үшін не істеу керектігін анықтай алады. Мұғалімі мен сыныптастарының қолдауын сезіне отырып, өзінің қойған мақсатына қол жеткізуге талпынады. Формативті бағалаудың өзіндік  тағы бір ерекшелігі – бағалауды тек мұғалім іске асырмайды, оқушы өз білімінің қай деңгейде екендігін өзі бағалай отырып, сыныптастары тарапынан да бағалау алады. Оқушылар өз білімдерін жетілдіру мақсатында оқыту үшін бағалаудың мәні мен мазмұнын білуі қажет. Мұғаліммен кері байланыс жасау aрқылы немесе байланысқа түсе отырып, білім алушылар өзін-өзі, өзара бағалауды үйренуге мүмкіндігі арта түседі. Шығармашылықпен жұмыстана алатын ұстаз сонымен қатар критериалды бағалаудың оқыту мен оқудың ажырамас бөлігі ретінде енгізе алады. Мәселен, бұрын оқушыларға тапсырманы беріп, оны тексеріп бағалау  кезінде қиындықтарға тап болaтынбыз. Критериалды бағалаудың өзіндік ерекшелігін ұғына бастағаннан кейін, сабақ барысында орындалатын  тапсырмаға критерий дайындау арқылы біз оқушыдан нақты нені талап ету керектігін, оқушы нені білу керектігін анықтап белгілеп аламыз. Бұрын оқушылар жақсы бағаға жету үшін нақты не істеу керектігін білмей қиналса, енді критерий  алға қойылған мақсатқа қол жеткізудің бір  жолы екенін ұғынa бaстaды, ұқты. Белгілі бір өлшемдер мен критерийлерге бағына отырып жұмыс жасау, оқу арқылы оқушылар өз-өздерін жинақтауға, реттеуге, жүйелі түрде білім алуға,  оқуын жақсы деңгейге көтеруге  тырысады.

Егер оқушыларға өз ойларын еркін білдіруге, бірін-бірі бағалауға, жақсы жақтары мен жетілдіру тұстарын айтуға мүмкіндік беретін болсақ, біздің оқушыларымыздың өзіндік ой-пікірлері қалыптасып, бір-бірінен үйреніп, оқуларын жақсарту үшін тырысар ма еді. Сонымен бірге бағалау үшін көрнекі құралдарды (жұлдыз, стикерлер, смайлик, жапсырма суреттер, т.б) көбірек қолданатын болсақ, оқушылардың пәнге деген қызығушылықтары артып, сабаққа жауапкершілікпен қарайды деп ойлаймын. Сабақтың әр бөлімінде оқушыларға «жарайсың, қолыңнан келеді» деген сөздерді айта отырып, сенімділік ұялаттым. Джон Хэттидің пайымдауынша «Жетістіктерді ұлғайтатын анағұрлым пәрменді құрал – кері байланыс болып табылады, ол сонымен қатар білім беру сапасын арттырудың ең қарапайым жолы» екендігін атап кеткен. Хэттидің пікірін ескере отырып, және оның зерттеуіндегі кері байланыс оқушыға ең жоғары әсер ету мөлшері болғандықтан мен тәжірибемде  бағалаудың «блоб ағашы», «білімнің биік шыңы» түрлерін пайдаланамын.

Оқушылардың  тақырыпты қаншалықты игеріп, меңгергенін анықтау үшін, жалпы сабақта не біліп,үйренгені, қандай қиындыққа тап болғанын білу үшін бессаусақ, «3,2,1» рефлексиялық өзін-өзі бағалау парақтарын пайдалануға болады. Бұдан біздің жетер жетістігіміз оқушылар өзін өзі  дамыта отырып, өз білімін жетілдіріп, қабілетті тұлғаға айнала отырып сабақ бойынша өздерінің білімін бағалай алады.

Оқушының оқу жетістіктерін жақсарту мақсатында сабақтарда маршруттық картаны, кеңейтілген тапсырманың 12 түрін  пайдаланған жөн деп ойлаймын. Себебі, маршруттық картада оқушылардың өзін-өзі реттей, бағалай, бағыттала отырып жұмыстануы үшін бағалау критерийлері қоса беріледі. Маршруттық картаның тапсырмалары үш деңгейлі болды. Критерийлерге сүйене отырып жұмыстану барысында, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтар саны да аз болды. Үшінші тапсырманы орындаса жақсы бағаға ие болатынын білген оқушы уақытын үнемдеп, шапшаң, талпынып жұмыстанып жатқанын да байқауға болады. Маршруттық картаны беру арқылы оқушылардың өзі-өзі реттей алу деңгейлерін байқап, оларды өз бетімен жұмыстануға, өздерін бағалауға, кездескен кедергілер мен қиындықтарды анықтауға бағыттай аламыз.

Ойымды қорытындылар болсам, бағалау баға қою еместігін, оның оқушы дамуындағы атқарар рөлінің зор екендігін білуіміз керек.

Баға – оқыту үдерісіндегі қозғаушы күш. Сыни тұрғыдан алып қарасақ, оқушылар өздерінің білімінің толығуына көмектеседі, пәнге деген қызығушылығы артады, осыған қарап біз өзіміздің жұмысымыздың нәтижесін көреміз. Осыдан біз білім берудегі басты қозғаушы күш екенімізді естен шығармауымыз керек.

 

 Жайнагуль Меңдіғалиқызы Мешерова,
Жайық жалпы білім беретін бастауыш мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Зеленов ауданы, БҚО

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.