Home » Білім және тарих » Жаңа заманның қаруы – атом емес, білім

Жаңа заманның қаруы – атом емес, білім

Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңістерінің бірі – қырық жыл бойы қазақ топырағының тозаңын шығарып, аузынан ажал шашқан атом бомбасының жарылуына мәңгілік тосқауыл қойғандығы. Семей полигонының жабылғанына биыл – 25 жыл.

Қазаққа зор қайғы-қасірет әкел­ген­ полигон 1991 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен жабылып, 1995 жылы соңғы ядролық қару қазақ жерінен аластатылды. Адамзаттық ауқымдағы үлкен ой алыбы, ақын Олжас Сүлейменовтің бастамасымен құрылған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы ұлы күрестің алғашқы қадамын жасап, ядролық қару таратпаудың халықаралық жүйесін нығайту үшін орасан зор еңбек сіңірді. «Невада-Семей» идеясымен біріккендер нағыз халықтық қозғалысқа айналып, төңірегіне миллиондарды топтастырды. 1989 жылдың наурызында бар болғаны екі аптаның ішінде 2 000000 қол жиналған. Жоғарыдан бұйрық болмаған. Нұсқау келмеген. Бұл халықтың өзін өзі құтқару жолындағы қалауы, еркіндік аңсаған ұлттық рухының оянуы еді.

Алматыдағы С.Асфендияров атын­­дағы медицина университетінің сту­дент­терімен кездесуге келген қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес қозғалысының құрылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған кездесудегі әңгімесін осыдан бастады. Ақын әлі тәуелсіздік таңы атпай тұрғандағы жылымық кезеңде қозғалыс құрудың қиындығы, мақсат-мұраты туралы әңгімеледі. «1991 жылы 29 тамызда Президент Жарлығымен Семей полигоны жабыла сала, Америкадағы, Англиядағы, Қытайдағы полигондар біртіндеп жабыла бастады. Мұндай алып әскери өндірістік кешендер сиам егіздері сияқты болады, бірінің қолы ауырса, екіншісінің аяғы сырқырайды. Адамның біртұтас ағзасы секілді, бір-бірімен тығыз жалғасқан бүтін дүние. Семейдегі аждаһаның басы жұлынған соң, басқаларының да үні өше бастады», деді. Осының бәрі ертегідей естілетін жастарға ақын бұған тек халық қолдауының нәтижесінде ғана қол жеткізгенін тереңірек түсіндіруге тырысты. Қазір де әлем мазасыз күй кешіп отыр. Солтүстік Корея ядролық қару шығаруын тоқтатпай келеді, Израиль мен Пәкістан, Үндістан жасырын атом арсеналын ұстап отыр, мұсылман мемлекеттерінің көпшілігінде бейбітшілік баянды емес. «Сіздер болашақ дәрігерсіздер, мұны медицина тілімен түсіндіріп айтар болсам, әлем тағы да соғысқа жүкті. Әлем үшінші ядролық соғысқа толғатып жатқандай үрейлі».

Ақынмен кездесудің медициналық жоғары оқу орнында ұйымдастырылуы да тегін емес. Әлемдік қарулану бәсе­ке­сінің салдарынан Кеңес Одағының сынақ алаңы болып құрылған Семей полигонының аумағы оған көрші жатқан Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарын да қамтығаны белгілі. 1949-1989 жылдар аралығында 456 сынақ жүргізіп, 616 жарылыс жасаған радиациялық «тәжірибеден» 2 млн-нан астам адам зардап шегіп, қатерлі ісік, иммундық жүйе, қан құрамының бұзылуы секілді түрлі ауруға ұшыраған. Осы зардаптарды жойып, ауыр сырқатқа шалдыққан полигон құрбандарын емдеу ісінде еліміздің дәрігерлері өлшеусіз көмек көрсетті. Қазақстанның медицина ісін дамытуға үлес қосып жүрген белгілі ғалымдардың көпшілігі «Невада-Семей» қозғалысының құрамында болды.

Кездесуде студент жастар ақын өлең­дерін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жатқа оқып, әсерлі әңгімесі үшін рахмет айтты. Адамзаттың пайда болу тарихынан, мәдениеттерді жақындастыру мәселесінен, діндердің қарым-қаты­на­сы жайынан екі сағаттан астам уақыт тамылжыта сыр шерткен Олжас Сүлейменов жастарға сенім артатынын айт­­­ты. «Невада-Семей қозғалысының жаңа дәуірі – сіздердің қолдарыңызда. Біз­дің қайраткерлік, күрескерлік ісімізді жалғастыратын – сіздер. Жаңа заманның қаруы атом емес, білім мен бостандық екенін ұмытпаңыздар», деді ақын.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

АЛМАТЫ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.