Home » Мақалалар » ЖАҢА ЖОЛДАУ – ТИІМДІЛІК ТЕТІГІ

ЖАҢА ЖОЛДАУ – ТИІМДІЛІК ТЕТІГІ

Елбасы қазан айының басында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялаған болатын. Саяси құжатта елдің өмір сүру сапасын жақсартудың тетіктері қарастырылды. Алдағы уақытта барлық саланың серпін алуы үшін қандай қадам жасау қажеттігі айқындалды.

Саяси құжатта әсіресе, білім саласына ерекше басымдық берілгенін айта кеткен жөн. Мұнда Президент бұл сала бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыру қажеттігін ескертіп, мұғалім мәртебесін көтеру жайын да қоса қамтыды. Бұл өз кезегінде бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру жұмыстарын оңтайландырады. Жалпы Жолдауда Елбасы 5 жылда білім, ғылым және денсаулық салаларына жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жеткізу қажеттігін айтты. ҚР Президентінің бұл ойын өз басым тұшымды тұжырым деп білемін.

Елбасы саяси құжатта тек орта, арнаулы немесе жоғары оқу орынындағы білім саласын ілгерілету жайын ғана емес, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы қызмет сапасын да жақсартуға оң бағыт сілтеді. Расында, адамның ойлау, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеті бала кезден қалыптасады. Сондықтан, балабақшадағы білім беру жүйесін әлі де ширатудың маңыздылығын әрбір педагог сезінуі қажет.

Бізде орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер осыған дейін айқындалды. Ендігі міндет – солардың орындалуына аса назар аудару. Осы орайда Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы шарт. осындай қадамға бару арқылы біз мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңіне қадам басамыз.

Жолдауда мұнан бөлек білім алудың қолжетімділігі толық қамтылды. Сондай-ақ, төртінші бөлімде педагог мәртебесі жайында заң әзірлеп, оны қабылдау қажеттігі де айтылды. Бұл өз кезегінде мұғалімдер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызметкерлеріне артылатын жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұл сөзімізді саяси құжатта Елбасы да қуаттады. Біз оған әрине, қуанамыз.

Алдағы уақытта жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар да күшейтіледі. Бұл шешімнің барлығы елдегі білім сапасын ілгерілетуге және бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға мол мүмкіндік береді. Елдегі жоғары және арнаулы оқу орындарында гранттар саны осы күнге дейін көбейген болатын. Енді жауапкершілікке кезек беріледі. Бұл тұста жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу маңызды рөл атқарады.

Бір сөзбен айтқанда, биылғы жаңа Жолдауда барлық саланың ілгерілеуін қамтамасыз етуге арналған бағыттар айқын көрініс тапты. Енді тек жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға жұмыс жасасақ, мақсатымыз өздігінен орындалады деп ойлаймын. Бұл тұста жауапкершілікпен жұмыла жұмыс жасау бірінші кезекте болуы тиіс.

Бағлан ЖАЛҒАСҚЫЗЫ,
Алматы қаласы,
№102 ЖББ мектептің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.