Жуырда Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің халыққа кезекті Жолдауын арнады. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты ресми құжатта ел дамуының тетіктері айқындалып, келешек Тәуелсіз елдің бағыт –бағдары белгіленді. Еліміздің басты байлығы –оның азаматтары екенін ескере отырып, Ұлт көшбасшысы өз халқының өмір сүру сапасының жақсаруын алдыңғы қатарға қойып отыр. Күні бүгінге дейін күрделеніп, түйіні тарқамай келген түйткілді мәселелердің әрқайсына жекелей тоқталған Президент оның шешілу жолдарын да атап берді. Еліміздің ішкі – сыртқы саясаты, мәдениет, спорт, денсаулық, білім мен ғылым, ел тұрғындарын баспана және жұмыспен қамту, экономика,экология, өңірлерді дамыту, туризм салалары жайлы нақты міндеттер мен тапсырмалар тиісті министрліктер мен сала басшыларына жүктелді.
Жолдауда айтылған әр сөзге терең мән бере отырып, келешек қазақ елінің тұлғаларын даярлап жүргендіктен, Елбасымыздың әсіресе білім саласына қатысты айтқан пікірлерін қолдайтындығымды айтқым келеді. Өйткені, ел дамуының темірқазығына айналған дәстүрлі Жолдау әр жыл сайын өзінің мәні мен маңыздылығы жағынан ерекшеленіп отырады. Биылғы Жолдауда айтылған әр ұсыныс, тапсырма ертеңгі күніміздің қалай боларынан ой салады. Осы ретте, Президент бізге балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізуді тапсырып отыр. Осы арқылы оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. «Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы. Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты», -деген Елбасы орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезде солардың орындалуына баса назар аударған жөн деді. Сонымен бірге, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай үлгі болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады», — дегені Зияткерлік мектептерде еңбек ететін ұстаздар жұмысының жоғары бағаланғаны деп ойлаймын. Тағы бірі ерекше атап өтетін жаңалық, келер жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау керектігі жайлы тапсырма беруі қоғамдағы ұлы мамандық иелерінің мәртебесін көтеруге ерекше ықпал етеді деп сенемін. Бұл ұрпақ, ел келешегін тәрбиелеу жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына осы бір сөздер ерекше әсер етері сөзсіз.
Жастар жайы – Жолдауда айтылған тағы бір өзекті мәселе болды. Жыл сайын өскелең толқынға қолдауын аямайтын Нұрсұлтан Әбішұлы келер 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы еліміздегі талантты, дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер ашарына күмән жоқ. Ал мектептерде әскери-париоттық тәрбиенің рөлін күшейту мен «Өз жеріңді танып біл» атты мектеп туризмін жандандыруға қатысты айтылған тапсырмалары оқушылармыздың туған жері мен еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі деп ойлаймын.
Бағдан Қайыржанов,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры