Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығы «Facebook» әлеуметтік желісінде латын әліпбиін оқыту мақсатында айына екі бейнесабақ жариялауда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте аталған орталықтың әдіскері Әсемгүл Қарсабаева баяндады.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың жаңғыруына жол ашады», – деген болатын.
«Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» 2018 жылдың 6 желтоқсанында қазақ жазуын латынға көшіруге байланысты Ұлттық комиссия отырысында тыңдалып мақұлданса, ал 2-рет 2019 жылдың 18 қаңтарында Емле ережелері толықтырылып, қоғамдық талқылаудан, сарапшылар сұрыптауынан өтіп барып мақұлданды.
Осы орайда, Нұр-Сұлтан қаласындағы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының базасында латын негізді қазақ жазуын меңгертетін «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» тақырыбындағы республикалық оқыту курсы өткен болатын. Бұл жөнінде Ә.Қарсабаева: «Оқыту орталықтарының оқытушылары мен ересек тұрғындарды оқыту үшін филологтар мен лингвист ғалымдар семинар сабақтар өткізіп, мазмұнды дәрістер оқыды», — дейді өз сөзінде.
Жалпы, бұл курстың мақсаты – латын негізді жаңа қазақ жазуының әліпбиі мен емле ережелерінің құрылымын, жаңалықтарын, емле нормаларының ғылыми негіздерін меңгерген, ересек аудиторияға оқытып, түсіндіре алатын білікті тренерлер дайындау болып табылады. Ал Ақмола облысынан 14 адам қатысады деп жоспарланған.
Облыстық тіл орталығы алдағы уақытта «Рухани жаңғыру негізі – мемлекеттік тіл» тақырыбында басқармалар мен департаменттерде танымдық дәрістер оқып, бейне сабақтарын әлі де жариялауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, тіл комитетінің жұмыс жоспарына сәйкес оқытушыларын сәуір айының аяғында курстан өткізуді белгілеген.
Ақмола облысы
Өңірлік коммуникациялар қызметі