Қазіргі таңда білім беру саласының алдына үлкен міндеттер қойылып отыр. Көрсетілген негізгі міндеттерді шешуде әрбір білім ордасы өзін-өзі дамытуға, жаңартуға бет алып жатыр.
Елбасы өз Жолдауында: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек» деп атап көрсетті. Бүгінде білім ордалары әлемдік оқыту әдістемелеріне негізделген Назарбаев Зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін басшылыққа алып, жұмыс жасауда. Сондай шәкірттің ертеңіне байыпты бағдармен қарайтын, үйрететін үлгісі бар білім ұясының бірі – Қызылорда облысы, Қызылорда қаласында орналасқан Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернаты.
Мектеп-интернатқа оқушылар 6-сыныптан кейін конкурстық негізде қабылданып, жаратылыстану және математика бағыты бойынша тереңдетіп оқытылады. Мектепте типтік үлгідегі химия, биология, физика кабинеттері заманауи үлгіде жабдықталған.
Дарынды балаларды оқытуды инновациялау, элитарлық білімнің функционалдығын қамтамасыз ету және педагогика-психологиялық жағынан қолдау көрсету мақсатында бай кітап қоры бар кітапхана, компьютермен жабдықталған 36 оқу кабинеті, электронды оқу залы жұмыс жасайды. Білім ұясы заманға сай технологиямен жабдықталып, теориялық берілген білімді практикамен ұштастыратын кабинеттер кешені толық интернетке қосылған.
Тәрбиеленушілер 5 мезгіл тегін тамақ, жатақханамен қамтамасыз етілген.
Облыс көлемі бойынша дарынды балаларға білім беріп, нәтижеге бағыттау, облыс абыройын жоғарыдан көрсету — мектептің педагогикалық ұжымы мен дарынды шәкірттердің алға қойған мақсаты.
Мектеп – интернатта электронды оқу залы, электронды тест орталығы, 40-қа жуық пәндік кабинеттер, мектеп – интернат типтік жобада салынғандықтан, 200 орындыққа есептелген акт зал мен үлкен спорт зал, спорт алаңы жабдықталған. Оқу ғимаратта 40 орыннан тұратын электронды оқу залы, демалыс бөлмесі, кітап қорын жинауға арналған 2 бөлмесі бар кітапхана жұмыс жасайды.130 орындық асхана, медициналық орталық және «Жас дарын» ғылыми-практикалық орталығы тәрбиеленушілерге қызмет етеді.
Тұңғыш Президент күніне арналып арнайы жабдықталған саяси – ақпараттық залы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ерлікке тағзым» залы, «Білім нұры», Еркін Әуелбековтың туғанына 85 жыл толуына орай ашылған Е.Әуелбеков залы, «Рухани жаңғыру» залы, «Менің бастамам-менің Отаныма» шығармашылық галереясы, «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының орталығы, «Арт-студио», IT кабинеті, робототехника, интеллектум кабинеттері, би залы және жетістіктер залы заманауи үлгіде жабдықталған. Дарынды шәкірттердің замануи үлгіде білім алуына аталған залдар мен кабинеттердің қосар үлесі көп.
Мектеп-интернатта ғалымдар, білім магистрлары және облыстық, республикалық деңгейдегі педагогикалық олимпиада жеңімпаздары қызмет етеді. Қазіргі таңда 51 мұғалім қызмет атқарады. Магистрант – 10 мұғалім, көпдеңгейлік біліктілік арттыру курсынан өткен мұғалімдер саны – 26, І деңгейліктен – 6 мұғалім, ІІ деңгейліктен – 8 мұғалім, ІІІ деңгейліктен – 12 мұғалім. Жоғары және бірінші санатты мұғалімдер саны – 33. Ғылым кандидаты – 3, Қазақстан Республикасының Білім беру Үздігі –2, Қазақстан Республикасының Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісі –2, Астана қаласының 20 жылдығына арналған Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы медалі – 1, Республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы – 4, Облыс әкімінің 1 миллион сыйақы иегерлері – 5, «Үздік мұғалім» кәсіби байқау жеңімпаздары – 4. Педагогикалық олимпиада жүлдегерлері (математика) — 3, «Дарынды балаға — талантты ұстаз» байқауының жеңімпазы -2, Облыстық, Республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» жеңімпаздары – 7, «Республикалық педагогикалық идеялар жәрмеңкесі» байқауының жеңімпазы – 1, Физика пәнінің мұғалімдері арасында «Үздік физик — 2015» конкурсының жеңімпазы – 1, Облыстық әлеуметтік педагог байқауының жүлдегері – 1, математика пәнінің мұғалімдері арасында өткізілген Облыстық пәндік олимпиаданың бас жүлдегері – 1 (автокөлік), Математика пәні мұғалімдері халықаралық олимпиада жүлдегері – 2. Осы жетістіктердің нәтижесінде мектеп-интернат 2016 жылы «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық конкурсының жеңімпазы атанып, 17 миллион теңге сыйақы иеленді.
Осындай оқушыларға білім беріп, тәрбие үйретіп жүрген ұстаздар қауымының да жеткен жетістіктері бір төбе. Ондай үлгілі мұғалімдер қатарында Қызылорда облысының білім беру ісінің үздігі Б.Абдуллаева, математика пәні бойынша өткізілген облыстық олимпиадада бас жүлде – автокөлік иегері Ш.Жиенбаев, Республикалық «Үздік педагог – 2012» жүлдегері Ж.Дінисламов, «Үздік педагог – 2015» жүлдегері А.Смағұл, «Үздік педагог – 2016» жүлдегері Ш.Бейсенова, «Үздік педагог – 2018» жүлдегері Ә.Жақсылықоваларды ерекше атауға болады.
Облыс әкімінің 100 мың теңге сыйақы иегері А.Саянова, 1 миллион теңге сыйақы иегерлері А.Алпысова мен Г.Нұрмаханова, республикалық «Дарынды оқушыға-талантты ұстаз» кәсіби байқауының жеңімпаздары С.Болатқызы, Л.Әубәкірова, «Үздік педагогикалық идеялар жәрмеңкесі» байқауының жеңімпазы Ж.Дінисламовты мақтанышпен айтуға бола
2018 жыл мектеп-интернат педагог қызметкерлері үшін кәсіби жетістіктер жылы болды. Мектеп-интернатымыздың майталман мұғалімдері республикалық 6 кәсіби конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.Атап айтсақ, математика пәнінің мұғалімі Жиенбаев Шаймағанбет 2018 жылы 9-10 қаңтар аралығында өткізілген ІV Халықаралық математика, физика және информатика пәндерінің мұғалімдері мен олимпиадалық резерв тренерлерінің ашық Республикалық шығармашылық байқауының мұғалімдер лигасында «ІІІ дәрежелі диплом» иеленсе, 2018 жылы 1 – 2 желтоқсан аралығында өткізілген V Халықаралық математика, физика, информатика пән мұғалімдерінің олимпиадасының II дәрежелі жүлдегері атанды.
Информатика пәнінің мұғалімі Дінисламов Жүсіп – «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсының жеңімпазыатанып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әубәкірова Ләззат Сержанқызы «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсынан II дәрежелі «Диплом» иеленіп, жеңімпаз атанды.
Мектеп-интернаттың тағы да ерекшелігі — оқу-тәрбие бағдарламалары мен жоспарлары.
Оқу жұмыс жоспарының «Жеке тұлғаны бағыттау компоненті» және «Шығармашылықпен зерттеушілік әрекетінің негіздері» (сабақтан тыс жұмыстар үшін әр сыныпқа 0,25 еңбекақы мөлшері) бойынша «Оқу сауаттылығы», «Тарихи таным», «Химия» үйірмесі, «Физика» үйірмесі, «Бионика» үйірмесі, «Логика», «Мәдениет әлемінде» және үштілді білім беру саясаты шеңберінде үштілде еркін диолог жүргізе алатын, өз халқының мәдениетін бағалайтын, басқа халықтардың мәдениетін түсінетін және құрметтейтін Қазақстанның азаматтын қалыптастыруға негізделіп, «Study English» курстарына сағаттар бөлінеді.
Сондай-ақ, жылына 1500 сағат есебінен жоғары білікті мамандарымен (жоғарғы оқу орындарының) шарт жасау негізінде жекелеген курстар және дәрістерге сағаттар бөлінеді. Мектеп-интернат Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетімен арнайы келісім-шартқа отырып, университет ғалымдары дарынды шәкірттерге тереңдетілген білім беруге, жас ғалымдарды тәрбиелеуге бағытталған жұмыстар жасайды.
ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Бүгінгі таңда заманына сай, зерделі, ой-өрісі жоғары азаматты қалыптастыру – мемлекетіміздің стратегиясы болып отыр. Дарындыларға арналған білім ордасы жыл сайын мемлекеттік тәуелсіз бақылау ҰБТ-ға қатысып, нәтижелі жұмыстар көрсетуде. Мектеп-интернаттың ҰБТ мониторингісіне қарасақ, өсу динамикасын көре аламыз.
№ | Оқу жылы | Бітірушілер саны | Халықаралық ғылыми жоба жеңімпаздары | ҰБТ-ға қатысқан | Орташа балл |
1 | 2014-2015 | 67 | 18 | 49 | 94 |
2 | 2015-2016 | 26 | 5 | 21 | 93,1 |
3 | 2016-2017 | 39 | — | 39 | 87,1 |
4 | 2017-2018 | 29 | — | 29 | 103,2 |
Тәуелсіз елдің дарынды ұрпақтары «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері атанып, мектеп атын биік шыңға шығарып келеді.
№ | Оқу жылы | Бітірушілер саны | Орташа балл | Алтын белгі | Үздік аттестат |
1 | 2014-2015 | 67 | 93,5 | 5 | 4 |
2 | 2015-2016 | 26 | 93,1 | 2 | 4 |
3 | 2016-2017 | 39 | 87,1 | 8 | 1 |
4 | 2017-2018 | 29 | 103,2 | 6 | 6 |
Мектеп-интернат қабырғасында тәлім алған түлектеріміз, білімнің шыңына шығып, ғылымның сырын ұғына түсіп, бәйге атындай бапталып жарқын өмірге жол ашып, қазіргі таңда түрлі салада қызмет атқарады.
Мектеп мәдениеті — бұл ұжым мүшелерінің қабылдаған рухани, мәдени құндылықтардың жүйесі. Бұл өз ретінде ұжым мүшелерінің ойлауындағы, сезімдеріндегі, іс – әрекетеріндегі негізгі ұстаным, бағдар беруші және жол сілтеуші, нәтижесінде мектеп ұжымында қалыптасқан ынтымақтастық орта және жағымды психологиялық ахуал. Міне, мен осы ахуалды дарынды мектеп ұжымынан көремін.
Қорытындылай келе, үйрететін үлгісі бар білім ұясының табалдырығынан бастап, төріне дейінгі аралықтағы жетістік пен нәтиже кімнің де болса мерейін өсіреді. Мұның барлығы — жұдырықтай жұмылған бірлік пен табанды еңбектің жемісі.
Абдуллаева Балзия Абдикаримовна,
Қызылорда қаласы.
«Қызылорда облысының білім басқармасының
Еркін Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған
№ 4 облыстық мектеп – интернаты» коммуналдық мемлекеттік
мекемесінің директоры.