Бүгінде жаңартылған білім мазмұны мұғалімнің педагогикалық инновациялық қызметіне үлкен серпін әкелді. Себебі білім беру үрдісіндегі өзгерістер оқушының білім сапасын арттыру мен тілдік қарым-қатынастың жақсаруына ықпалын тигізеді. ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының көздеген мақсаты экономиканың орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қол жетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру деп атап көрсетілген. Маңызды мақсатқа жету жолында еліміздің білім саласында ауқымды шаралар атқарылуда. Соның бірі жаңартылған білім мазмұны бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың үшінші деңгейлі бағдарламасының негізінде оқыту. Аталмыш курстың тыңдаушыларының бірі ретінде курстан алған әсерім күшті, үйренгенім де көп болды.
15.01-26.01 күндері Республикамыздың түкпір-түкпірінен үкілеген үмітпен келген ұстаздар қауымы Астана қаласында екі апта бойы бір-бірімен тәжірбие алмасты. Тренеріміз Абай Батырұлы Қалшабектің терең білімді, жаңа формациялы білікті маман екендігіне көзіміз жетті. Әсіресе жаңартылған білім мазмұнын егжей-тегжейлі түсіндіріп қана қоймай, практикада қалай тиімді іске асыруға болатындығына үйретті.
Курс барысында оқыту үрдісі шығармашылық аймаққа айналды. Тренер әр күні үш оқытушыны кезекшілік қылып сайлады. Мақсаты — кезекші мұғалімдер өздері білетін әдістерімен тәжірибе бөлісу керек. Барлығы да бір-бірін қайталамауға тырысып, әдістемелік тұрғыдан мықты екендіктерін дәлелдеді. Ару қала Астанадан Рудныйға тамаш көңіл күймен оралдым. Әдістемелік қоржыным білім жаңалықтары мен әдіс-тәсілдерге лық толы. Санама сіңірген сан түрлі жаңа технологиялармен сабақ жүргізгенде нәтижесі көңіл қуантады. Әсіресе топтық жұмысты тиімді ұйымдастыру сабақ мақсатына жетудің ең оңтайлы жолдардың бірі деп топшылаймын. Жеке тұлғалық ерекшелігіне байланысты кейбір студенттер топтық жұмыстарда шабыттанып, тың қасиеттерін ашуға мүмкіндігі болады. Топтың көшбасшысы тағайындалып, тіпті бір ауыздан қабылдаған топ ережесін сабақ бойы естен шығармайды. Ең қызығы топтардың бірін-бірі бағалауы ашық және еркін формада өтеді . Мұндай бағалау студенттерді бірін-бірін құрметтеуге, еңбекті әділ бағалауға, ой қортындысын шығаруға тәрбиелейді.
Танымал педагог К.Д. Ушинский «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» демекші тынымсыз ізденістегі мұғалімдер үшін аталмыш курстың мұғалім үшін берері мол.
Осындай курстардың арқасында мұғалімде жаңа ой, жаңа ізденіс, жаңа талап, тіпті жаңа мақсаттар мен жаңа қызығушылықтар да пайда болады.
Жайлаубаева И.Ж,
Ы.Алтынсарин атындағы РӘГК-нің
арнайы пәндер оқытушысы