Home » Мақалалар » Жаңа буын оқулықтарына (5-сынып. «Атамұра») пікір

Жаңа буын оқулықтарына (5-сынып. «Атамұра») пікір

Келешек ұрпақтың жан-жақты білім алуына тигізер пайдасы орасан ақпараттық-коммуникациялық  технологиялар елімізге ене  бастағаннан-ақ, педагогтарға арналған курстар тоқтаған емес. Бұл — еліміздің білім саласы арқылы алдыңғы қатарлы өркендеген елдер қатарында болудың ізгі қадамы.

Мен бірнеше курстарда оқыдым. Өрлеу Біліктілікті арттыру Орталығында,  Педагогтардың Шеберлік Орталығында қызмет істейтін, ұстаздарға ұстаз бола білген,  білікті маман иелері: Арзиева Алия Тоқтамысқызы,  Ибраева Жанар Мухаметкалиевна,  Мейрханова Зухра Жузбаевна, Рыскелдиева Гүлмира Дәулетқазықызы есімді тренерлерден жаңа оқулардың қыр-сырын үйреніп, ал бағдарламаны бірге оқыған мұғалімдермен достасып та кеттік. Курста ой бөлісу, тәжірие алмасу, білім мен біліктілікті дамыту мақсатында желілік қауымдастық топтар  құрдық.  «АлиА»,  «Өрлеу», «МАН-нан дайындық», «Әуезов ауданы мұғалімдері», «Әдістемелік кеңес», «Креативті мұғалімдер»,  тағы басқа ватсаптағы, фейзбуктағы чаттар арқылы қарым-қатынасымыз тоқтаған емес. Электронды күнделікті пайдалануды да үйреніп алдық. Бір қызығы, қанша курс оқысаң да, неге? қалай? нәтиже? деген сұрақтар толастамайды, білмегенім бар-ау деп, ізденуден жалықтырмайды. Әлі де бір білмей жүргеніміз бардай!

Міне,  жаңа буын оқулықтары туралы пікір жазғалы отырдым.  Екі рет  Алматы қалалық конференцияда оқулық сараптамасында  болдым.  Жаңартылған мазмұндағы оқулар басталғанда-ақ  2017-2018 оқу жылында

5-сыныпқа, ал 2018-2019 жылдары 5-сыныптарға  («Атамұра») және 6-сыныптарға («Мектеп»)  қазақ тілінен және орыс тілді мектептердегі 1-сынып пен 8-сынып (Т2. «Көкжиек. Горизонт»)  қазақ тілі  мен әдебиетінен сабақ бердім. Бүгін 5-сынып оқулығы  жайлы пікірімді тізіп көрейін. Әр бөлімге және бөлім бойынша берілген тілдік бағдарға тоқталып өтемін.

  1. Т1. Қазақ тілі 5-сынып «Атамұра» баспасы.

І бөлім. МӘДЕНИЕТ: ТІЛ ЖӘНЕ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Мәтін мазмұндары өте жақсы. Тапсырмалары да  ұнайды. Жоспар жазғанда басқа әдістемелік нұсқаулықтарға жалтақтамай-ақ, оқулық ішінен тақырыпқа сай  тапсырмаларды алуға болады. Ахмет Байтұрсынұлының мақалалары, мақал-мәтелдер, әсіресе, Нұрлан Жұмабаевтың Жапония ғалымдарының ана тілін зерттеуі туралы мәтін, сөйлеу және амандасу этикасы тамаща берілген. Оқулықтағы «Адамдарға ұнауға мүмкіндік беретін алты ережені» постерге жаздыртып, талай күн тақтаға ілдіртіп те қойдым.

Тілдік бағдар жайлы.  Қазақ тілінің дыбыстық жүйесі.  Қазақ әліпбиінде 42 әріп бар. Сары түспен берілген ережеге көңіл аударыңызшы.

 

Оқып көріңіз. Оқушылар үшін басқатырғыш жұмбақ ретінде берген бе дерсің!?

Ал «Үндестік заңы» схемаға салынып, түсінікті берілген әрі тапсырмалары да сай берілген.

ІІ бөлім. КИІМ.СӘН.ТАЛҒАМ.

Қазақ халқының ұлттық киімдерінің ерекшеліктері туралы, киім киінудегі талғам туралы  тәрбиелік мәнде жақсы-жақсы мәтіндер берген.

Тілдік бағдарда  «Оқшау сөздер» туралы жақсы, түсінікті  жазылған.

ІІІ бөлім. ОТБАСЫЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕР МЕН МЕРЕКЕЛЕР.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы тәлімі терең  мәтіндер мен тапсырмалар бар.

Тілдік бағдар. «Орфоэпия мен орфография».

ІV бөлім.   ЖАНУАРЛАР ӘЛЕМІ МЕН ӨСІМДІКТЕР ДҮНИЕСІ.

«Қазақстан жануарлары» кітабынан, «Жануарлар әлемі» энциклопедиясынан , «Қазақстан ғылымы» кітабынан еліміздегі жануарлар мен өсімдіктер жайлы қызықты мағлұматтар қамтылған мәтіндер жақсы берілген.

Тілдік бағдар. «Сөздің тура және ауыспалы мағынасы», «Синонимдер мен антонимдер»,  «Көп мағыналы және омоним сөздер» түсінікті, жеңіл тілмен жазылған.

  1. БОС УАҚЫТ ЖӘНЕ ХОББИ

Осы тақырып маған ерекше көрінді, балалар хобби туралы түсінік алып, бос уақыттарын табысты  өткізудің пайдасын түсінді.   «Ата-анамның хоббиі» тапсырмасын орындау кезінде оқушылардың ата-аналарымен тақырып жөнінде байланысқа түскені, хобби туралы әңгіме-дүкен құрғандары маған шынайы ұнады. Сыныпта» әкемнің  хоббиі  — темекі тарту», «анамның хоббиі — тамақ істеу» дегенді айтқан балалардың  үйде ата-аналарымен хобби туралы сөйлесіп, әкесінің хоббиі — футбол көру, ал анасының хоббиі — дүкен аралау екендігі туралы эсселерінде жазып келгендерін оқығанда,  жымиып отырдым. Мүмкін, балаларының  хобби туралы  әңгімесі  «темекі тартқыш» әкелерге әсер еткен болар немесе  мектеп пен отбасы арасында өзара әрекеттесуге негізделінген жылы қарым-қатынастың қалыптасуының бір ілгегі осы шығар.

Тілдік бағдар. «Туынды сөздер», «Күрделі сөздер», «Көркем әдебиет стилі», «Ауызекі сөйлеу стилі»  бәрі орынды, тапсырмалары да сай.

VІ. ҚИЯЛ ӘЛЕМІ

Аты айтып тұрғандай, бұл бөлім баланы армандауға, қиялдауға, шығармашылық әрекетке  шақырады.  Ертегі құрастырып, қиял әлеміне шарлауға бағыттайды.

Тілдік бағдар.»Зат есім. Зат есімнің мағыналық түрлері».

VІІ. КӨЛІК ЖӘНЕ ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ

Тақырыбы алғашқыда жат көрінгенімен, бұл —  баланың қауіпсіздігіне арналған, баланың жол белгілеріне назар аударуға шақыратын тақырып.  Бір кездері сынып жетекшілер қағаз журналдарға «Жол қауіпсіздігі» деген бетті толтырып қоятынбыз. Не үшін? Қағаз жүзінде ғана.  Қазір, міне,  әр бала көз алдымызда  жол белгілері туралы оқиды, интерактивті тақта немесе суреттер арқылы танысады, жазады, біледі.  «Көлік түрлері» тақырыбы әрі техниканың дамуына назар аудартса әрі  баланың өмір қауіпсіздігіне, жеке басының өміріне аса жауапкершілікпен қарауына, қауіпті жағдайлардың алдын алуларына   бағыт-бағдар береді.

Тілдік бағдар.»Сын есім. Сын  есімнің мағыналық түрлері».

VІІІ. АДАМНЫҢ СЫРТ КЕЛБЕТІ МЕН МІНЕЗІ

Оқушының сыртқы келбеті мен жүріс-тұрысына, мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына, өзін жақсы жағынан таныта білуге ынталандыратын және айналадағы адамдарды тануға бағыттайтын әдемі тақырып.  Абайдың «Он сегізінші қарасөзі» де, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым — Қожа»  фильмі де осы тақырыпта әдемі үйлесім тапқан.  142-беттегі 13-тапсырма  «Сыпайылық пен сөйлеу мәдениетінің ережелері» оқушының бойына жақсылықты дарытатыны сөзсіз, мақал-мәтелдерді түсіну арқылы сөздің қару да, демеу де бола алатынын сезінеді.

 ІX. АСПАН ӘЛЕМІНІҢ ҚҰПИЯЛАРЫ.

Не айтсам екен!  Астрономияға байланысты тақырыпты да қазақ тілінде, яғни ана тілінде де оқу — оқушының қазақ  тіліне деген сүйіспеншілігін арттырып, тұлғаның адами құндылықтармен қатар, зияткерлік дамуына, жан-жақты интеллектуал болуына жақсы әсер беруі әбден ықтимал. Аспан әлемі туралы, Күн мен Ай туралы аңызды балалармен қосыла өзім де қызыға оқыдым.

Тілдік бағдар. «Сан есім. Сан  есімнің мағыналық түрлері». Сан есім де осы тақырыпқа сай келе қойған. Мәтіндердегі көптеген сандарды оқушылар мағыналық түрлеріне қарай талдап шығады.

  1. САЯХАТ ЖӘНЕ ДЕМАЛЫС.

Өте жақсы тақырып. Оқушыларды қазақ жерінің тұмса табиғатын сақтап қалуға, патриоттыққа  тәрбиелейді,  табиғатқа деген танымдық қызығушылығы артады, табиғатты аялауға, қадірлеуге бағыт-бағдар береді.  Туризм мен саяхаттауға қызығады, ел көруге, жер көруге ынталанады.  Қазақтың тұңғыш жиһанкезі Шоқан Уәлиханов туралы  да қызықты мәліметтер берілген. Былтырғы оқу жылында  — сынып оқушылары тұңғыш саяхатшы-ғарышкер  Деннис Энтони Тито туралы таласа  оқып, орбита бойымен Жер планетасын айналу үшін 150 000 доллар жұмсағанын,  кейбір оқушының ол ақшаны 1 бөлмелі пәтерден қанша пәтер сатып алуға болатынын айтып талдағанда, танымдық әрекеттеріне   өзім де  таңданып қалдым.

          Тілдік бағдар. «Төл сөз бен автор сөзі»,  «Төл сөз бен төлеу сөз»,  «Төл сөздің тыныс белгілері».  Төл сөздер туралы дәстүрлі оқулықтарда 8-сыныпта берілген болатын.  Ал қазіргі оқулықтарда 5-сыныптан берілгені өте дұрыс. Қолдаймын. Бірақ, осы аталған бөлімде «Төл сөз бен төлеу сөздерге» арналған тапсырма мүлдем жоқ.

Тоқ етері. Әр бөлім бірнеше атауларға бөлінген. Мысалы, Мәдениет: Тіл және қарым-қатынас» бөлімі «Тіл және қарым-қатынас», «Адамзат үшін тілдің маңызы», «Сұхбаттасу мәдениеті», «Тілдік қарым-қатынас талаптары», «Нәтиже сабақ» атты сабақ тақырыптарына бөлінген. Тақырыптары сабақ мазмұнын ашып тұрғандай әдемі.

«Саяхат және демалыс» бөлімін қорытқанда, оқушының бірі кино көрудің демалысқа жатпайтынын айтқанда, жаңа буын оқулықтарының жаңа бір қырын сезіндім. Қазақ тілі оқулығы арқылы оқушының дүниетанымы кеңейіп, жан-жақты дамуына да, өзін-өзі тани білуіне де ықпал етері даусыз.

Кемшін тұстары: І бөлімдегі дыбыстар туралы қателер реттелсе және соңғы бөлімдегі тілдік бағдарға сай жаттығулар ескерілсе екен. Жаңартылған мазмұндағы оқулар бойынша 5-сыныптарға былтыр және биыл, екі жыл қатарынан беріп, осындай қорытындыға келдім.

 

Ақмарал Шатемірқызы
Алматы қаласы Әуезов ауданы
№173 мектеп-лицей қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
жоғары санатты, зерттеуші-педагог

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.