Әр күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде заман көшінен қалып қоймай уақыт талабына сай ертеңгі болашақ жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға зор жауапкершілікті жүктейді. Ол мұғалімнен үздіксіз ізденуді, өз білімін үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Өйткені еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың қолында. Мұғалімнің шеберлігі мен жетістігі – сапалы білім және жақсы тәрбие алған шәкіртінде. Бұл – қоғам талабына сай туындайтын қажеттілік. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр құя алады». Мұғалімнің ізденісі, жан-жақтылығы, білімін қаншалықты жетілдіргенімен айқындалады. Шығармашылық әлеуеті дамыған мұғалім өз кәсібін жете меңгеріп қана қоймай, өзін-өзі жан-жақты дамытуға қол жеткізеді. Осы орайда мұғалім білімін жетілдіруді үздіксіз жүргізіп отыратын «ӨРЛЕУ» БАҰО АҚ филиалы “Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” тарапынан Іле ауданы №31 орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімдеріне 15.05-02.06.2017 ж. аралығында «Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында қазақ тілінде оқытатын мектептердің бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы» тақырыбында курс ұйымдастырылды. Курста Іле ауданының 32 мұғалімі өз білімдерін жетілдіруде. Курс барысында ұстаздар жаңартылған білім беру бағдарламасы, оның құрылымы, тиімді оқу үдерісін жүргізуге қажетті педагогикалық тәсілдемелермен танысты. Ықшамсабақтар өткізіп, өзідерінің оқыту тәжірибелерімен бөлісті. Критериалды бағалау жүйесін түсініп, қолдана білудің жолдарын көрсете білді.
Жаңартылган бағдарлама бойынша білім берудің мақсаты: кең ауқымды дағдылардың негіздерін меңгерген оқушы тұлғасының үйлесімді қалыптасып дамуына қолайлы білім беру ортасын құру болып табылады. Осы мақсатты жүзеге асыруда төмендегі дағдыларды оқушы бойында қалыптастыру барысындағы негізгі міндеттер:
— білімді функционалдықпен және шығармашылықпен қолдану;
— сын тұрғысынан ойлау;
— зерттеу жұмысын жүргізу;
— коммуникативті қарым-қатынас тәсілдерін, оның ішінде тілдік дағдыларды пайдалану;
— топпен және жеке жұмыс жасай білу.
Дәстүрлі білім беру мен салыстырғанда жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Атап айтатын болсақ, пән мазмұнының спиралді қағидатпен берілуі, Блум таксономиясы бойынша оқу мақсаттарының иерархиясы, бір білім беру аясындағы және пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру мақсатында «ортақ тақырыптардың» берілуі, оқу үдерісін ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлар арқылы ұйымдастырылуы, оқытудың тәрбиелік әлеуетін арттыру, оқушының адамгершілік-рухани қасиеттерін қалыптастыру, оқушының білім алу үдерісіне белсене қатысуы.Осы ерекшеліктерді жүзеге асыру барысында оқушы алған білімін өмірде қолдана отырып, жахандану жағдайында өз өмірін құра алатын тұлға қалыптастыру басты мақсат болып есептеледі.
Оқыту үрдісіндегі қазіргі қарым-қатынас екі жақты болуы керек. Бұрынғы оқушы тек тыңдаушы, орындаушы болса, ал қазіргі оқушы – өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек.
Білім – адамзаттың терең және үйлесімді дамуын бекітетін құралдардың бірі, прогрестік, әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторы. Қазіргі білім беру үрдісі адамның ішкі табиғи мүмкіндіктерін ашып, әр адамның өзінің «Менін» сезінуге, толықтыруға көмектесетіндей, сыртқы әлеммен әлеуметтік қарым-қатынастарда өз орнын табуға, өзін шығармашылықпен өзгертуге белсенділік танытуға ықпал етуі тиіс. Бүгінгі таңдағы қоғам кәсіби білімі жетік, құзіретті, бәсекеге қабілетті мамандарды талап етеді. Білікті ұстаз, білімді маман болу үшін — әрбір мұғалім өз білімін үздіксіз көтеріп отыруы тиіс.
А.А.Самарканова
«Өрлеу»БАҰО» АҚ АОБПҚБАИ
«Басқару және білім сапасы»
кафедрасының аға оқытушысы
Алматы қаласы