Home » Жаңалықтар » Жаңаөзен қарттарының айтары бар

Жаңаөзен қарттарының айтары бар

Осыған дейін Маңғыстау облысының Қоғамдық кеңестері мүшелерінің бірінші съезінде және Қарақия аудандық ардагерлер үйінде көтерілген сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу шаралары бұл жолы Жаңаөзен қаласында жалғасын тапты.

Кезекті кездесудің ардагерлер үйінде өтуі кездейсоқтық емес. Себебі үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарай білген халықпыз. Сол себепті Департамент басшысы Жаңаөзен қаласындағы ардагерлер үйінде болып, қарттармен жүздескенді жөн санады.

Басқосуда сөз алған Нұргүл Алмасқызы бүгінде өңірімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ауқымды шаралар өткізілуде. Нәтижесі де жаман емес. Десе де қоғамымызда жең ұшынан жалғасу әліде болса кездесіп отыр. Сол себепті қоғамның барлық өкілдерін сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша тарту маңыздылығын жоғалтпай отырғандығын айтты.

«Егер бұрын тек пара алғандар жауапқа тартылса, бүгінде керісінше пара бергенге де жауапкершілік қарастырылған. Сыбайлас жемқорлықты мейлінше төмендету үшін түрлі бағдарламалар енгізілуде. Соның бірі мемлекеттік қызмет түрлерін электронды түрде алу сервисі. Яғни бір терезе қағидаты бойынша бірыңғай өтінішті және құжаттар топтамасын тек бір жерге тапсыру арқылы қызмет алуыңызға болады. Бұл да сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша қолға алынған жобаның бірі», — деді ол.

Департамент басшысының сөзін мұқият тыңдаған жаңаөзендік қарттар бұл істен шетте қалмаймыз деп сендірді. «Тәрбие-тал бесіктен» демекші сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы әрбір шаңырақта, түрлі басқосуларда жиі айтылып тұрса деген бастаманы бірауыздан қолдайтынын жеткізді. Осылайша қарттар Отанға деген сүйіспеншілік, еңбекке ұмтылу және адал болу жолында қоғамның барлық өкілдеріне өздерінің ақылын айтып отырмақ.

Сондай-ақ көпті көрген көнекөз қариялар ұрпақ тәрбиелеуде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі орасан болуы тиіс дегенді айтты. Бүгінде теледидардан тәлім-тәрбиеге шақыратын бағдарламалар жоқтың қасы, керісінше адамның сана-сезімі және мінез құлқына кері әсер тигізетін хабарлар, зорлық-зомбылық туралы кинолар көрсетіліп жүргендігін айтты. Ал қазіргі таңда адам баласын рухани тазалыққа, адамгершілікке, ізгілікке шақыратын мазмұнды бағдарламалар көбейсе деген ізгі тілектерін жеткізді.

Жасыратыны жоқ, бүгінде заңның белшесінен басып отырғандардың қатарында жас мемлекеттік қызметшілер аз емес. Ал сыбайлас жемқорлыққа жол бергендерге мемлекеттік қызметке жол жабық. Сондықтан да сыбайлас жемқорлыққа қоғам болып соққы жасау қажет. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, осындай жағымсыз деректерден бетін аулақ қылу үшін ізгілік пен зұлымдық, ар-намыс пен арсыздық туралы әңгімелер жастарға көбірек айтылса деген бастама көтерілді.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.