Бүгін ағымдағы жылдың 25 қыркүйегінде Жаңаөзен қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен #Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу мәселелері бойынша кездесу болып өтті
Іс-шараға қала әкімі Мақсат Ибағаров, қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Нұргүл Жанназарова, жас мемлекеттік қызметшілер, аудан жастары және қоғам өкілдері, бюджеттік мекеме қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында аумақтық департамент басшысы Н. Жанназарова жаңаөзендіктерді Екатеринбургте өткен бокстан Әлем Чемпионатының алтын медаль иегері Бекзат Нұрдәулетовтың жеңісімен шын жүректен құттықтады. Сондай-ақ, мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жобаның маңыздылығына тоқталып өтіп, кадрлық резервке іріктеу тәртібі мен механизмдерін көрнекі құралдарын қолданып, бейнероликтерді көрсету арқылы түсіндіріп өтті.
«Цифрлық әрі озық елдердің қатарына қосылуды мақсат еткен еліміздің жас мемлекеттік қызметшілерді, квазимемлекеттік сектор мен бизнес-қауымдастық өкілдерін Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Президенттік жастар кадрлық резервіне белсенді қатысуға шақырамын»,- деді өз сөзінде Нұргүл Алмасқызы.
Сонымен бірге, қала әкімінің орынбасары Аманғали Нұрдәулетов бұдан бұрын өзінің «Үздік мемлекеттік қызметші» республикалық байқауына қатысып, жобаны презентациялау мен эссе жазудағы тәжірибесімен бөлісіп, жастарды белсенді қатысуға, мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырды.
Аумақтық департамент басшысы Н.Жанназарова Жаңаөзен қаласына іссапары аясында қалалық ХҚКО-да болып, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнаманың сақталуы, қызмет алушыларға қолайлы жағдайдың жасалуы және кедергісіз қызметтер көрсету мәселелері бойынша көшпелі бақылау жүргізді.
Департамент басшысы қызмет алушы тұрғындармен тілдесіп, орталықтың қызметі бойынша ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Шара барысында, бұдан бұрынғы ағымдағы жылдың мамыр айында жүргізілген бақылау барысында анықталған кемшіліктердің жойылмағандығы анықталды. Атап айтқанда залдағы жарықтандырудың әлсіздігі, анықтама алу терминалының (ПОД) техникалық жағдайы жақсартылмаған. Осыған орай, аталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті ұсынымдар енгізілді.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтерді барынша электрондық форматта алу және «Цифрлық агент» ? мобильдік қосымшасын тұрғындармен кері байланыс механизмін жетілдіру мақсатында жұртшылыққа кең көлемде жеткізу мәселелері көтерілді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Маңғыстау облысы бойынша департаментінің
баспасөз қызметі