Home » Білім және тұлға » Жаңашыл маманның жарқын жолы

Жаңашыл маманның жарқын жолы

«Жақсының жақсылығын айт» бағдарламасы бойынша Алаштың астанасы болған киелі Семей шаһарындағы №7 «Ақ бота» ясли-бақшасында болып қайттық. Балабақшаның әдіскері Кошанова Ардақ Дамирқызымен мәнді де мағыналы сұхбат жасай отырып, балабақшаның тыныс-тіршілігімен таныстық. 1984 жылдан бері балалар үшін елеулі еңбек етіп келе жатқан осынау шаңырақтың бүгінгі таңда шығыс өңірінде мәртебесі биік, ұжымы сыйлы. 67 жанды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ясли-бақшада тәрбие-білім беру үрдісін 33 педагог жүзеге асырады. Олардың барлығының педагогикалық білімі бар, оның ішінде 23 жоғары (68%), 10 орта арнаулы (32%) білімді маман.

Біздің басты ерекшелігіміз — 1998 жылдан бастап педагогикалық ұжымымыз «STEP by STEP» технологиясы бойынша жұмыс істеді. 19 жыл ішінде көптеген жетістіктерге жеттік. Біріншіден, балаларымыз өз ойларын еркін айта алатын болды. Екіншіден, балалардың белсенділігі арта түсті, бір жағынан тәрбиешілердің бойында да ізденуге талпыныс күшейді. Сондай-ақ, белсенділік орталықтарындағы топтық жұмыстармен жекелей жұмыстар балалардың білім деңгейін көтеруге және қабілеттерін ұштай түсуге көп септігін тигізгеніне көзіміз жетті. «STEP by STEP» Корпоративтік қорымен бірлесіп жұмыс істеген 19 жыл ішінде педагогтардың 80% аталған әдістеме бойынша оқып, педагог-фасилитаторлар және бағдарлама үйретуші сертификатын алды. Оқу кешенінен өткен тәрбиешілердің барлығы «STEP by STEP» корпоративтік қор ұйымдастырған семинар-тренингтердің, республикалық және халықаралық конференциялардың белсенді қатысушылары – дейді Ардақ Дамирқызы.

Осындай заманауи орданың меңгерушісі Байскакова Ділдаш Секенқызы ұжыммен жұмыс жасаған 10 жылдың ішінде жаңашылдық пен ізденісті алдыңғы орынға қойған екен. Баланың пікіріне аса мән бере отырып, оның болашақтағы өз таңдауына осы бастан қадам басуына себеп болатын осы технологияның пайдалы тұстарын ескерген ұжым басқа да балабақшаларға үлгі болардай.

Бала күннен мұғалім болуды қалаған Ардақ Дамирқызы балабақшада 15 жыл қызмет еткенін айтып өтті.

— Жалпы үш арнайы дипломым бар. Алдымен Семей педогогикалық колледжінде бастауыш сынып маманы бойынша оқу оқыдым. Соңыра Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде құқықтану мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Мектепке дейінгі тәрбиелеп оқыту бойынша көп салалы колледжді тәмамдадым. Үш түрлі мамандықты алғаннан кейін таңдауым балабақшаға түсті. Міне, содан бері осы салада талмай еңбек етудемін. Ең бастысы бала кезден мұғалім болғым келді және сол арманыма жеттім.

Өз ісінің маманы 2016 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталыпты. Әлі де болсын балабақшаның өркендеуіне үлес қосып, болашақ үшін, балдырғандар үшін барымды саламын деп алдыға жоспар қойған Ардақ Дамирқызы бастысы сан емес, сапа екенін баса айтты. Қазіргі күнде әдіскер маман жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Өз басы креативті әрі шығармашыл болып келетін жастарға көңілі толатынын, олармен бірігіп жұмыс жасау қиынға соқпайтынын айтып өтті. Балдырғанды тәрбиелеп бастаған қызмет жолы осы таңда бір арнада ғана шектелмей, жас мамандарды да қоса тәрбиелеп, оларға бағыт-бағдар беріп жүрген Ардақ Дамирқызына берген сұхбаты үшін алғыс айтып, жұмысына толағай табыстар тілейміз.

Лаура Көкше

Семей қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.