Home » Жаңалықтар » Жаңашыл бағыттағы жас мамандар

Жаңашыл бағыттағы жас мамандар

Білім үйрен, керексізден жирен де, білгеніңді қорлама ұсақ күйбеңге! -демекші, іздену мен зерттеу нәтижесіндегі алған білімін  басқалармен бөлісу жас мамандардың көрегенділігі.
«Ертеңін ойлайтын, болашағына үмітпен қарайтын көшпелі ел ең алдымен ұрпақ тәрбиесіне, біліміне ерекше назар аударады», — деп Елбасымыз  Н.Назарбаев айтқандай, еліміздің елеулі азаматтарын тәрбиелеуде  талаптан тысқары қалмай, белсенділік танытып жатқан Оңтүстік Қазақстан Облысындағы Ордабасы ауданы.
Аудандық білім бөлімінің 29.01.2018 ж. №81 бұйрығының №1 қосымшасына сәйкес,  2018 жылдың ақпан айының 27-жұлдызында ОҚО  Ордабасы ауданы бойынша білім бөлімінің АПӘК әдіскері Пернебай Шырын Әбдіқайымқызының жетекшілігімен және Шұбар елдімекеніне қарасты ЖШС «Аяна» балабақшасының меңгерушісі Керімбаева Құралай Әбділнасырқызы мен бақшаға көп жылдар бойы еңбегі сіңген әдіскері – Жанар Садыкованың  ұйымдастыруымен «Шығармашылық жұмысқа қажетті құжаттарды меңгерту» әдіс-тәсілдері тақырыбында семинар өтті.
Семинарды өткізудегі негізгі мақсат: мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жас мамандарына білім беру жүйесіндегі шығармашылықпен жұмыс жасау,  көкейкөзділігінің негізгі құралы білімдарлығын, эстетикалық талғамын, шығармашылық кәсіби шеберлігін және балаға тиімді білім берудің тәсілін меңгерту.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған «Аяна» балабақшасы ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Балаға қажеттінің барлығы аталған балабақшада қолжетімді болғандықтан,  баланың да, тәрбиеші жас мамандардың да  жұмыс жасауға деген құлшынысы  жоғарыламаса, төмендемесі анық. Себебі, балаға керек құрал жабдықтардың барлығы құрылтайшысы – Әбутәліп Монтайұлының  тарапынан қолдау тапқан.
АПӘК әдіскері Пернебай Шырын Әбдіқайымқызы сөз алып, балабақша меңгерушісі Керімбаева Құралай Әбділнасырқызы «Аяна» балабақшасының тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Психолог Д.Жылхайдарованың «Жақсы көңіл-күй жан азығы» тақырыбындағы тренингімен бастау алып, тәрбиеші А.Досмуратованың  «Өнер – өмір жемісі» тақырыбындағы шебер қолдардың жұмыстары мен апликация арқылы сөйлеуді дамыту мақсатындағы ойындарымен жалғасын тауып, Ж.Умбетбаеваның «Мен кім боламын» тақырыбындағы сюжетті-ролдік ойындар мен тәрбиеші Н.Игіліков пен А.Байбекованың жетекшілігіндегі «Үйшік» ертегісі, көлеңке театры сынды драмалық қойылымдарымен бөлісті.
Семинар барысында  Ордабасы ауданы бойынша барлық балабақшадан жиналған тәрбиеші мамандар;  актерлік қабілеттерімен, қолөнер шеберліктерімен, психологиялық ойындарымен, бала тәрбиелеудегі жалпы шығармашылық жұмыстарымен көпшілік қауымды таң қалдыра білді. Ізгілікті ізеттеп, ел тізгінін ұстауға бағыт беру жолында талаптанған жас мамандардың еңбектері қуантарлық дүние.
Жас бүлдіршіндерді табиғи бейімділігіне қарай бағыттауда тәрбиеші мамандардың кәсіби шеберлігі маңызды. Кәсіби шеберліктерін түрлі әдіс-тәсілдермен көрсетіп, білгенімен бөлісіп, білмегенін үйрену,  шығармашылық тәжірибелерін шыңдау — заман талабы.
Еккен егіннің өнімді болуы оны күтіп баптауында болса, балаға сіңген еңбегіңіздің жемісті болуы берген тәрбиеңіз бен біліміңіздің тереңдігінде. Бала біздің бақытымыз, байлығымыз, болашағымыз! Қазақстанның болашағы!
Баланың бабын тауып, тілін білетін білікті маман ғана  құрметке лайық!

Алдабергенова Мадина Серікқызы,
ОҚО, Шымкен қаласы,
«Білім айнасы»

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.