«Іскер басшысы бар ұжым озбақ, жақсы дәстүрді жалғастырып созбақ» — деп даналарымыз айтқандай, қазіргі кезеңде жарты ғасырлық өзіндік тарихы бар, Шымкент қаласындағы байырғы білім ошақтарының бірі №19 Ө.Жәнібеков атындағы жалпы орта мектептің директоры А.Ш.Шокибасов мектеп ұжымында жаңартылған білім беру бағдарламасын іске асыру үшін қажетті біліктері мен дағдылары қалыптасқан көшбасшы ретінде көрінсе, оқу-ісінің орынбасары Сапарбаева Г.С. жаңа форматты мұғалімдердің шығармашылық ізденістерін шыңдауға өз үлесін қосып келеді
Біздің өміріміздің кез – келген саласындағы сапалы өзгерістер, әсіресе білім беру саласындағы өзгерістер мұғалімнің оқыту үрдісіндегі алатын орны мен рөліне жаңаша көзқарасын қалыптастырусыз жүзеге асуы мүмкін емес. Дана халқымыз «Ой өзгермей, адам өзгермейді» дегендей, орта білім беру мазмұнын жаңарту бағытында енгізіліп отырған жаңа мақсаттар мен міндеттерді, жаңа технологияларды, құзіреттілікке бағытталған бағалаудың жаңа формаларын алдымен мұғалімнің өзі жан – жақты игермейінше, сапалы білімге қол жеткізе алмаймыз. Шындығында, мұғалімнің алдында оқушыларға білім мен тәрбие беруде үлкен жауапкершілік тұр. Әрбір оқушыны оқытып тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл мұғалім керек. Жаңа, тез өзгермелі, білімді де білікті, тың серпіліске, өзгеруге дайын және жаңа талап межесінен көріне алатын шығармашыл да кәсіби шебер мұғалімдерді қажет етіп отырғанына көзіміз жетті.
Жаңа істің ұйытқысы болып жүрген мектеп басшыларының бастамасымен мектебімізде ақпан айында «Жаңартылған білім-жаңашылдыққа бастама» айдарымен онкүндік өткізді. Бұл онкүндіктің мақсаты: жан – жақты дамыған, өнегелі, рухани ізденісі мол жас ұрпақты тәрбиелеу. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үздіксіз үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Онкүндік барсында деңгейлік білім беру бағдарламасы негізінде білім алған ұстаздар ашық сабақтар өткізіп, іс-тәжірибелерін ортаға салды. География пәні мұғалімі Ермаханбетова А. «Халықтың ұдайы өсуі» тақырыбында 8-сынып оқушыларымен жаңа форматта өткізген сабағы елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған оймен ұштастырыла байланысты. Мұғалімнің шеберлігі мен оқушылардың ізденісі қоршаған ортаны танымдық зерттеу барысында дидактикалық мақсаттар іс жүзінде асырылды. Сонымен бірге мектеп ұстаздары қазақ тілі-мемлекеттік тіл, қарым-қатынас тілі – орыс тілі және ағылшын тілі – әлемдік кеңістікті тану тілін оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолдана біледі. Жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде сабақ барысында тиімді қолданып жүрген жаңашыл ұстаздардың бірі орыс тілі пәнінің мұғалімі Байбағысова Гүлнара Дубекқызы. Мұғалімнің 5-сынып оқушыларымен өткізген ашық сабағына қатыса отырып, оқушылардың сын тұрғысынан ойлау, АКТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу,жеке,жұппен, топта жұмыс істей білу дағдыларының қалыптасқанын байқадық. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Искендирова Шарбану онкүндік барысында сыныпаралық «Тіл білгірлері» танымдық сайысын өтті. Ана тіліміздің қадір-қасиетін дамытуға, құрметтеуге, оқушыларды топ алдында еркін сөйлеуге баулуға, озық ойлы оқушыны анықтап,олардың танымдық көзқарасын қалыптастыруға шыңдады. Белсенді оқу арқылы әр оқушының жеке қабілеттерін, шығармашылығын, ішкі мүмкіндіктерін дамытады. Ол үшін бастауыш класс мұғалімдері белсенді іс-әрекеттің стратегияларын (барлық сыныппен, топпен жұмыс, жұппен жұмыс, кері байланыс) қолданулары қажет.Бастауыш сынып мұғалімі Сағымбекова Г.мен Бердалиева С. оқушыларына тек дайын білімді бермей, өз бетімен ізденуге үйретуде. Тарих пәнінің мұғалімі Жорабекова Н. «ХIХ ғасыр II жартысының Қазақстандағы әкімшілік-территориялық реформалар» мазмұнын оқушыларға меңгерту үшін қолайлы орта қалыптастыра отырып, сурет-иллюстрациялар бойынша әңгіме құрастыру, өзіндік жұмыс,тарихи диктант арқылы проблемалық жағдаяттарды айқындауға бағыттайды. Бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегияларын қолданады.
Қорыта айтқанда, оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде пайдалана білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған.Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады.
А.Жұматаева,
Шымкент қаласы
№19 Ө.Жәнібеков атындағы жалпы орта білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі