Бүгінде білім, ғылымға қойылатын талап артып, тәрбиеші — педагогтардың алдына үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді» деп атап өткен болатын. Менің ойымша, осынау күн сайын қарыштап дамып келе жатқан өркениет дәуіріне біз, жастар, нақты қадам басуымыз керек. Осы жолда жас маман өз ісінің білгірі, өз саласының майталманы болу аса маңызды.
Мен өз мамандығымды сүйемін. Сондықтан мен осы мамандықты таңдадым. Бүгінгі таңның талабына сай тәрбиеші ретінде өз құндылықтарыма аса мән беремін. Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыздың «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген өсиетін мен де ұстап, ұстаздық жолды таңдадым. Мен де «Сен де бір кірпіш, дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген Абай өсиетімен өсіп келе жатқан дүниенің бір кірпіші-жас маманмын! Өзім да анамын. Балбақшада жұмыс істеймін. Алдыма келген әр бүлдіршіндерімді өзімнің бүлдіршіндерімдей жақсы көремін. Күн сайын оларды құшақтап, маңдайларынан сүйіп ерекше бір күйге бөленемін. Мен олардан мейірімімді аямаймын, себебі, мен — тәрбиешімін, мен-анамын. Біз баламен жарты күн бойы біргеміз, баламен бірге күліп, тіпті кей кезде баламен бірге жылайсың. Олардың былдырлаған тілін, әдемі сөздерін қалай жақсы көрмеуге болады. Міне, сол себепті де мен өз мамандығымды сүйемін. Менің ата-анам мені «Өз еліңнің ұлтжанды азаматтары болыңдар» деп тәрбиелесе, балабақшадағы балаларды да солай тәрбиелеймін. Тәрбиенің бастауы қалай амандасудан бастап, елдің рәміздері мен әнұранын үйретіп, бала санасына «Отан» деген киелі ұғымды қалыптастыру.
Кейде адамдар: «балабақшада біреудің баласын қалай тәрбиелейсің? үйде бір-екі баламен шаршаймыз» деп жатады. Олар түсінсе ғой. Мынау жаңа ғасыр осы менің алдыма келген кішкентай бүлдіршіндердің ғасыры екенін. Талды қалай ексең солай өседі деген.Менің алдыма 3,4,5 жастағы әлі оң солын танып-білмейтін балалар келеді. Олардың ішінде әр ұлттың балалары бар қазақ, орыс, неміс, кәріс т.б. Олардың барлығына Қазақстан деген елде тұратынын, оның көпұлты екенін айту, оның маңызын түсіндіру менің тәрбиеші ретіндегі міндетім.
Ойымды қорыта келгенде, «Ұстаздық — ұлы іс» деп кемеңгер жазушымызМ. Әуезов айтқандай, бұған лайық болу — үлкен абырой, басты борышым деп есептеймін. Жоғарыда айтқанымда, мен бір ғана тәрбиешілік жолдағы жас маманның рөлін атап өттім. Менің замандастарым әрбірі өзінің мамандығын сүйіп, оған құрметпен, жауапкершілікпен қарайтын болса, үнемі жаңа ойлары мен жаңалықтарын ортаға салса бұл –жаңғырудың жаңа жолы болып биікке көтеріле бермек. Әр жас маман өзінің атқаратын ісін борышым деп санаса ұлттың ұлылығын көрсетер еді. Ойымды Елбасының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жолдауындағы сөзімен түйіндейтін болсам, «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» демек, ұлттық рухымыздың жаңғыру жас маманның, жас өреннің қолында. Өркенит көкжиегіне солай қанат жайып қала бермек…
Конырова Венера Каниевна,
Асан Әлия,
Қарағанды облысы,
Абай ауданы әкімдігінің
«Аққу бөбекжай» ҚМҚК