Home » Мақалалар » Жаңашылдықтың бастауы – рухани жаңғыру

Жаңашылдықтың бастауы – рухани жаңғыру

Бүгінде білім, ғылымға қойылатын талап артып, тәрбиеші – педагогтардың алдына үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағ­дайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгер­туге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді» деп атап өткен болатын.
Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыздың «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген өсиетін мен де ұстап, ұстаздық жолды таңдадым., «Ұстаздық – ұлы іс» деп кемеңгер жазушымыз   М. Әуезов айтқандай, бұған лайық болу – үлкен абырой, басты борышым деп есептеймін.  Менің замандастарым әрбірі өзінің мамандығын сүйіп, оған құрметпен, жауапкершілікпен қарайтын болса, үнемі жаңа ойлары мен жаңалықтарын ортаға салса бұл –жаңғырудың жаңа жолы болып биікке көтеріле бермек. Әр жас маман өзінің атқаратын ісін борышым деп санаса ұлттың ұлылығын көрсетер еді.
Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу Елбасы мақаласының өн бойына алтын арқау болып өрілген. Тәуелсіздіктің нығаюы, дамыған елге айналуымыз үшін қазақстандықтар алға батыл қадам басып, жоғары технологияларды меңгеруі, озық стратегиялармен жарақтануы, халықаралық коммерциялық һәм концептуалды жоба­ларды ілгерілетуі маңызды. Бұл – Қазақстан көшбасшысы айтқан «бәсекеге қабілет­тіліктің» бір шарты.
Тәуелсіздік ала отырып, Қазақ елі «күрес кеңістігіне» аяқ басты. Бодандықтағы ел бәріне мойынсынуы, көндігуі, ассимиля­цияға ұшырап, жойылып кетуі мүмкін. Тәуелсіз елге ешқашан ертеңге енжарлық танытуға, саяси және экономикалық өмірге селқос қарауға болмайды. Оның үстіне мемлекеттілікке төнген жаһандық сын-қатерлер саны артқан сайын «күрес кеңістігі» де кеңеюде. Тәуелсіз мемлекеттер үш басты аждаһадай анталаған экстремизммен, сепаратизммен, терроризммен күресуге мәжбүр. Жас мемлекеттер тәуелсіз ел ретінде өмір сүруі үшін күресуге мәжбүр. Бұл күрестен мемлекет ешқайда қаша алмайды. Қашса, тек тарихтың қойнауына, тұңғиығына ғана жол тартады. Сондықтан Мемлекет басшысы жат идеологияларға ұлттық құндылықтарымыз бен отаншылдығымыз арқылы төтеп беретінімізді атап көрсетті.
Елбасы мақаласының «Прагматизм» атты бөліміне назар аудартқым келеді. Батыста, ірі державаларда болып жатқан сайлау науқандары тіпті дамыған елдерде де жұртшылықтың бос демагогия мен популизмге қарсы иммунитетінің жоқтығын, өтірік – қаңбақ, шын – салмақ екенін түсіне бермейтінін паш етті. Әлемде шын жүйріктердің емес, «тіл жүйріктердің» заманы туған ба дерсіз. Бұл ха­лықаралық қоғамдастық кезігіп отырған кезекті «сын-қатер» болса керек.
«Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады» деген
Н.Назарбаев алдағы онжылдықтардың ұранына «реализм мен прагматизмді» ұсынады.
«Жалғандық жарға жығады» дейді қазақ даналығы. Біз – бабалар батасы дарыған, ата аманатын аялаған елміз. Сондықтан Елбасы Тәуелсіздік жылдары қоғамды елді өркендетер түбегейлі жаңаруларға жұмылдырды. Білім биігіне, ғибратты ғылымға, өнімді еңбекке бағдарлады. Бұл – қалыпты өмірді қауіпті өмірге айналдырмаудың және нақты жаңғырудың қамы.
Біз ұлтымыз бойындағы тек жақсы қасиеттерді дамытсақ, озық білім мен үздік жаңалықтарды дарытсақ,  болашағы зор  мемлекетке айналамыз.

Қорыта айтқанда, бұл елбасымыздың ұтымды қағидасы, халқына деген үндеу өсиеті деп білемін. Ішкі руханиятымыз арқылы, сыртқы өзгерістерді жақсы жағынан қабылдап, жаңғырудың даңғыл жолына түсуге көшбасшымыз болашақ мына бізге дара жол көрсетті. Ол соқпақтардан қалай өту керектігін айтып, бағыт бағдар берді. Ендеше, көкжиектен ауытқымай, ұлт көшбасшысының өскелең ұрпаққа мензеген дара жолымен биік шыңдарды бағындырайық.

 

Каллибекова Дариға
Оңтүстік Қазақстан облысы
Мақтарал ауданы
Мақтарал аграрлық колледжі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.