Бүгінгі қоғамда бірен-саран адам болмаса Абайды оқып түсініп, бойына дарытып жүргендер қатары шамалы. Абайдың асыл қара сөзін қазақтың жарқын болашағына балар бүлдіршіндер ордасында тәрбие құралы ретінде пайдалану рухани, адами биіктікке ұмтылу. Ұлы тұлғаның образын шеберлікпен сомдап, қара сөзін мәнеріне келтіре жеткізе білген өнерлі жігітпен, гүл көктемді перде артында көлеңкелі қойылыммен көрсеткен бишілер өнері кезекті семинарымыздың бастауы болды.
«Адамның бар қызығы бала деген …» мюзикл мен тамсандырған балабақшалар арасындағы дәстүрлі семинар –практикум Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №56 «Береке» балабақшасында жалғасты.
Семинар тақырыбын «Мектепке дейінгі ұйымдардағы жаңашылдықпен –тәжірибеден нәтижеге жету» деп алған. Мақсаты- интеллектуалдық шеберлікті шыңдау, тәжірибе алмасу.
Алғашқы кіріспе сөз алған Гүлсім Әзімжанқызы Алипбаева ұжымына жылы сөзбен шабыт беретін басшы ретінде көзге түсті. Сөзге шорқақ кейбір әріптестеріне үлгі болсын деген ниетпен әуелгі сөзді мекеме басшының жылы лебізінен бастадық.
— «Жаңашылдыққа бойы құмар, заманауи талапқа сай, әлемдік бәскелестікке өз деңгейінде қарым-қабілетімен жете алатын ұрпақ тәрбиелеу біздің еншімізде. Сондықтан қалап алған мамандығымызда атқарар жұмысымызға абырой тілеймін. «Береке» балабақшасының педагогикалық ұжымына әрқашан сенемін, сеніммен жұмыс атқарып келеміз. Қоғамға, еліне, әлемге сай ұрпақ тәрбиелеу мақсатында қолға алған ісіміздің бір бөлігімен сіздерді таныстыру үшін бас қостық»,- мақаламның ішіне өзгертпестен кірістіруді жөн санаған меңгерушінің ойын нақты әрі өтімді жеткізуі таңданысымның бастамасы.
Ұжым педагогтарын Абай жырларымен қанаттандыра білген меңгерушінің ізденісімен «Абайды тану-қазақты тану» дейтін ұстанымдағы ұлтжандылығы еріксіз бас игізбек.
Бағдарламаға сай әсем безендірілген зал ішіне қазақы қонақжайлылықпен ортасына қазақи дөңгелек үтел қойылған.
Семинарға арнайы қонақ ретінде шақырылған Еуразия Ұлттық университетінің профессоры,педагогика ғылымдарының кандидаты Жұмабекова Фатима Ниязбекқызының ғылыми жетекші ретінде педагогтарға жол көрсетуі үлкен мәртебе.
Кластер жетекшісі №54 «Нұрай» балабақшасының меңгерушісі Иманбаева Зариякүл Мұсабақызымен бірге серіктес №59, №67, №75, №76, №86, №89 балабақшаларының меңгерушілері, тәрбиешілер және қонақ ретінде №70,№91 білім ордаларының меңгерушілері бірнеше жеке меншік балабақшалардың басшылары да қатысты.
Көрермені көп болған басқосуда 4 педагог жұмыстарын көрсетті.
Америкалық ғалым Тони Бьюзеннің «Интеллект –карта әдісін» тәжірибеде тиімді пайдалануды әріптестеріне көрсеткен психолог Ахметова Гульдана Галиоллаевна бүлдіршіндерге ақпаратты қабылдау өңдеу және сақтау үдерістерін жоғары дамытатын зияткерлікке баули отырып, есте сақтау, ойды графикалық түрде білдіретін әдістің ерекшелігін әріптестеріне жасату арқылы көрсетті. Адам қиялы шексіз, көрген дүниесін қиялымен ұштастыра отырып, еркін жеткізуге келгенде бұл тәсілге қызыққан педагогтар қатары көп болды.
«РIay chips» арқылы зияткерлік қабілетін дамыту тақырыбында тәжірибе алмасып әріптестерімен тек ағылшын тілінде түсінісуге ұмтылған II санатты ағылшын тілі маманы Ибрагимова Айжан Шакировна балалардың интеллектуалды дарынын ашу, белсенділіктерін арттыру, көру, есту. тыңдау, қабілеттерін дамыту қазіргі заманға сай зияткер, smart тұлға дайындау мақсатына өз әріптестерін сендіре алды.
Дәстүрден тыс Эбру әдісін түрлі тәсілде қолдануды көрсеткен I санатты тәрбиеші Асхар Жұмагүлдің сумен, көбікпен және педагогтарға тың дүние сүтпен қалай сурет салуды көрсеткен тәжірибелік жұмысы жоғары баға алды. Баланы шығармашылыққа тәрбиелеу мен сенімділікке баулитын өнердің құдіреті осы болса керек.
Келген қонақтар мен меңгерушілерге тың жаңалық күтпеген тосын сый болған жұмыс тәрбиеші Напбаева Дана Алданазарқызы көрсеткен «Реджио Эмиля әдістемесі мултисенсорлық тәсіл арқылы балалардың даму ортасын ұйымдастыру» тақырыбындағы тәжірибелік жұмысы болды.
Бүгінде кез-келген балабақшада кездесетін сенсорлық бөлмелердің қалай жұмыс жасап жатқанын тікелей бейне камерасы арқылы үлкен экраннан көрерменге көрсету ғылыми жетекші Фатима Ниязбекқызының ойын дүп басып түсініп, ұсына білген осы балабақша тәрбиешілерінде ғана кездесті. Сенсорлы бөлмеде әріптестерімен бірге ғарыш әлеміне саяхаттап, «Болашақ» әлемдік балабақшаның құрылысын құм арқылы салған тәрбиешілердің үйлесім тапқан топтық жұмыстан алған шабыттары көтеріңкі көңіл- күймен жеткізгендегі жылы лебіздерінен білініп тұрды.
Ашылғанына 10 жылдан асқан тек қазақ тілінде 350-ден астам бүлдіршінге тәлім тәрбие беріп отырған білім ордасында 3 жоғары және бірінші санатты, II санатты 5 педагог жемісті еңбек етуде.
2016 жылдан бастап балабақша меңгерушілігіне тағайындалған 26 жылдық еңбек өтілі бар жоғары дәрежелі маман Гүлсім Әзімжанқызы мен ұжымына сыйлы білім ошағы ашылған күннен бастап қызмет етіп келе жатқан білікті әдіскер Мұстафаева Венера Ахметқызы көрер көз тамсанар, береке мен бірлігі жарасқан тамаша ұжымды алға бастап келе жатқан мамандар.
Қара сөзің қадірін түсініп, қазақы болмыстан ажырамаған ұжымда өнерімен таңдай қақтырар ер азаматтардың қазақтың ұл-қыздарын ән ағасы Шәмшінің әндерімен сусындатып жүргені сөзбен айтып жеткізе алмас қуаныш.
Қос музыкант Жапаров Жаслан Қыдырбайұлы, Төлегенов Хазрет Мейрамғалиұлы мен денешынықтыру пәнінен сабақ берсе де өнерімен өрге жүзген Усербаев Асқар Бөртебайұлының өнері тамаша….
Қазақ өнерін өзінің ұлттық бояуы қанық өлмейтін туындылары арқылы танытқан махаббат пен сағынышқа толы Шәмші әндерімен сусындатқан әнші жігіттерге қандай құрмет көрсетілсе де артық болмас.
Олимпиадалық шеңбер құрып бұл күнгі жұмыстарына баға беруге әріптестерін шақырған ұжымға таңданыстан, алғыстан, тебіреністен, қызығушылықтан басқа ештеңе айта алмаған қауым бұл күні тек педагогтік жұмыс ғана емес, жандарына рухани азық алып қайтты.
Семинарды белгілі сазгер Ескендір Хасанғалиевтың «Ата мекен» әнімен аяқтауы да ұжымның рухты жырлардан күш алған талғамдары биік, нағыз өр мінезді озық та үлгі аларлық білім ордасы екенін дәлелдеді.
Басшылыққа келер жанның іштей өзіне деген сенімі, білімі болса жеткілікті шығар деген ойымды өзгерткен Гүлсім Әзімжанқызының тарапына «басшы өз мамандығын мақтаныш ете білгенде ғана орнына лайық» деген сөзді қосқым келеді.
Қазақ қоғамына ұлттық құндылықтарды жоғалтпаған, өз тіліне, өнеріне жанашыр жандар керек. №56 «Береке» балабақшасы қазақ балаларын әлемге қазақилығымен таныта алатын мен көрген балабақшалардың алдыңғы қатарында.
Биіктік шынайы ортаға ғана жарасар…
Біз көріп тамсанған бейнелеріңізден ешқашан өзгермесеңіздер деген ғана тілек айтқым келеді.
Әлия Ғалымбекқызы,
Нұр-Сұлтан қаласы, «Білім айнасы»