Сабақ беру – үйреншікті жай ғана
шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер.
Ж. Аймауытов
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Осы орайда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін дұрыс үйрете білу өте маңызды. Педагогтің сабақ өткізу шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастыруы – бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Өз мамандығын толық меңгерген жоғары деңгейлі оқытушының алдынан шыққан оқушы – өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. Бұл ұстаз үшін абырой, яғни үмітінің ақталғаны, әрбір мұғалім осыған ұмтылса ұрпақ алдындағы қарыздың өтелгені.
Менің әдістемелік тақырыбым «Модульдік оқыту технологиясын қолдана отырып, оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын арттыру». Бұл әдістемені мен өз тәжірибемде 2014 жылдан қолдана бастадым. Модульдік оқыту технологияның ерекшелігі сабақтың әр кезеңде орындалатын тапсырмалар оқушының жаңа тақырыпты өз бетінше меңгеріп, алған білімдерін практикада еркін пайдалана білуіне мүмкіндік туғызады. Өз тәжірибемде байқағаным, аталған технология бойынша жұмыс жүргізу білім сапасын едәуір арттыруға және сыныптағы барлық окушының назардан тыс қалмауына, яғни, сабақ барысында бүкіл сынып оқушылары сабақта белсенді түрде жұмыс жасауына ықпал етеді.
Шығармашылық жұмысыммен ұштастыра отырып, 10-шы сынып оқушыларына арналған электронды оқу-әдістемелік құралды дайындадым.
Бұл құралды әзірлеуде ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2012 ж. 8 қарашадағы №500 бұйрығымен бектіліген жалпы орта білім берудің үлгілі оқу жоспарларының вариативтік компоненті есебінен ұсынылған «Абайтану» курсының бағдарламасын, ҚР тілдері дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен Шығыс Қазақстан облысында 2015-2018 жылдарға арналған көптілділікті дамытудың өңірлік бағдарламасын негізге алдым.
Жұмысымның мақсаты «Абайтану» курсының сабақтарында оқушыларға Абай Құнанбайұлының өмір және шығармашылық жолын, өлеңдері мен аудармаларын оқушыларға тереңірек танытып, үштілді білім беру жағдайында әлеуметтік-мәдени және коммуникативті құзіреттіліктерін қалыптастыру болды.
Аптасына 1 рет өткізілетін 34 сағаттық курсты меңгерту барысында жұмысымнан төмендегідей нәтиже күтемін:
- Ұлы ақын шығармаларын талдай білу сауаттылығы;
- Оқушылардың Абай өлеңдерін үш тілде оқи алуы, өз ойларын жеткізе білуі;
- Елжанды, қазақ халқының әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін, ұлттық құндылық ретінде бағалайтын, эстетикалық талғамы жоғары тұлға қалыптастыру.
Оқу-әдістемелік құрал «Қазіргі Абайтану мәселелері», «Абайтанушылар», «Өлең – өнердің басы», «Ұлылардың үндестігі», «Абай – философ», «Абай – біртұтас әлем» атты 6 модульдік тақырыптардан тұрады. Әр сабақта тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын міндетті түрде қолданамын. Сондай-ақ «Қарлы кесек», «Бақытты сәт»,«Тұлғаны таны», «Сиқырлы сандықша»,«Саяхат», «Өз жартыңды тап», «Әңгіме тізбегі», «Сөз ассоцияциясы», «Мен аңға бара жатырмын», «Суретті әңгімеле» т.б оқыта үйрету әдіс-тәсілдерді жиі пайдаланамын. Бұл оқыту ойындары арқылы оқушылардың білімге, үйренуге деген құштарлықтары оянып, оқу қызметінен жағымды эмоциялар алып, қанағаттанады.
Сабақтарда слайдтар қолдану, мультимедиялық проекторды мүмкіншілігіне қарай пайдаланып өткізу оқушылардың пәнге деген қызығушылығын оятып, тақырып бойынша танымын кеңейтеді, білім сапасы да арта түседі. Аталған озық технология оқушылардың жеке тұлғалық күшін арттырып, шығармашылық ойын дамытуына улкен әсерін тигізеді.
Оқушылардың оқу материалын сапалы меңгерту мақсатында жұмыс дәптерінде үш тілде түрлі тапсырмалар ұсындым.
Абай өлеңдерін 3 тілде аудиотаспаға арнайы жаздырып, оқушылардың өлеңдерді алдымен тыңдау арқылы ой-өрісін шыңдауды көздедім.
Әр тақырыпқа сай ғаламтордан алынған бейне материалдар жинақталып беріледі. Сонымен қатар оқушылар тақырып аясында өз бетімен ізденіс жұмыстарын жүргізуге бағытталған тапсырмалар ұсынылған.
Қорыта келе, орыс мектептерінде «Абайтану» арнайы курсын үш тілде оқыту арқылы оқушылар ұлы ақынның шығармаларын кеңінен танып, күнделікті өмірде олардың мән-мағынасын түсіне отырып, дұрыс пайдалануына және өздерінің әлеуметтік-мәдени, коммуникативті құзіреттіліктерін дамытуға мүмкіндік береді.
Мұғалім оқушылардың бойына терең де жан-жақты білім нәрін беру үшін алдымен өзі сауатты болуы шарт. Ол үшін аймақтық, республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми — тәжірибелік конференцияларға қатысқан жинақтарға баяндамаларым енгізілді.
Сондықтан мұғалім әрдайым білімін шыңдап, оқушылардың білім сапасын көтеру үшін әрекет жасау керек. Сол себепті әріптестермен тәжірибе алмасу, білім мен тәрбие беру үдерісіндегі жаңашылдықты назарда ұстау-менің кәсіби өсуімнің көмекшілері деп ойлаймын.
Оқушыларының қатысымдық құзыретін, сын тұрғысынан ойлауын дамытуда модульдік технологияның орны ерекше.
Габдрахманова Алия Даулетбаевна,
№ 29 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі,
Семей қаласы