А.С.Нурмухамбетова, аға оқытушы,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы,
Қостанай облысы бойынша ПҚ БАИ
«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында,
Ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»
Н.Ә.Назарбаев
Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер-бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген болатын. Қазіргі уақытта кез-келген мемлекеттің XXI ғасырдағы жаһандық аренадан алатын орны оның интеллектуалды әлеуеті, мамандардың біліктілік және шығармашылық шеберлік деңгейімен сипатталатыны белгілі. Қазіргі уақыттың оқушысы сыни ойлап, өзін-өзі бағалай алатын, алған білімін күнделікті өмірдегі жағдайларға қолдана алатын, бәсекеге қабілетті жан-жақты дамыған тұлға болуға тиіс.
Қазіргі жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының бірден-бір шарты – оқу орындарындағы білім беру үрдісіне жаңа инновациялық технологиялар ды енгізу екендігі сөзсіз түсінікті. Ғылыми-техникалық прогрестен қалыспай, жаңа педагогикалық инновацияларды уақытылы қабылдап, өңдеп, нәтижелі пайдалана білу әрбір ұстаздың негізгі міндеті болып табылады – бірыңғай мақсатпен біріккен және оқыту мен тәрбиелеудегі инновациялық технологияларды қамтыған, оқыту, тәрбиелеу және басқару түрлерінің, әдістері мен оқу құралдарының жиынтығы. Оқушыға белгілі бір көлемдегі білім, білік дағдыларды меңгертумен қатар дүниетанымын кеңейтіп, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту бүгінгі күннің басты талабы деп отырмыз. Осыған орай, әрбір ұстаз барлық жаңалықтар мен әдістерден хабардар болып, оқыту түрлерін, әдіс-тәсілдері мен құралдарын жетілдіріп, оларды тиімді қолдану жолдарын іздестіріп, өз кәсібін шығармашылықпен дамытып отыру қажеттілігі заман талабынан өз-өзінен туындап отыр. Мақсат – оқушылардың танымдық қабілеттерін, яғни өзінше ойлау қабілетін арттыру, елестету мен есте сақтауын, дағдысын, білім сапасының дамуын қамтамасыз ету. Жалпы білім беруде баланың білімін, білігі мен дағдысын емес, оның тұлғасын, білім алу арқылы дамуын бірінші қойып отырған жөн.
Онда:
— білімді ізгілендіруге
— оқыту сапасын арттыруға
— басқару тиімділігін жетілдіруге
— оқушылардың дамуына бақылау жасауға
— оған сәйкес бағалауға болатыны дәлелденіп отыр.
Бұған көптеген педагогикалық технологияларды пайдалану арқылы жетіге болады. Технология – оқушы мен ұстазға бірдей қолайлы жағдай тудырушы оқу процесін ұйымдастыру және жүргізу, бірлескен педагогикалық әрекетті жобалау, «шеберліктің» жиынтығы.
Білім сапасын арттырудағы жаңа инновациялық технологияларды оқып, үйреніп, сараптай келе, мынадай тұжырым жазуға болады.
— Білім алушылардың білім, білік сапасын арттырудағы жаңа инновациялық технология түрлері сан алуан, оларды таңдау және одан шығатын нәтиже оқытушының кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты;
— Жаңа инновациялық технологияларды енгізу жүйелі әрі мақсатты түрде жүргізілгенде ғана жетістікке жеткізуге болады;
— Жаңа инновациялық оқыту технологияларын енгізу барысында әрбір оқу орнының материалдық техникалық базасының бүгінгі талапқа сай емес екендігі, әрі жетіспеуі, кадрлық әлеуметтің төмендігі көп кедергі жасайды.
Қорыта келгенде, жаңа инновациялық педагогикалық технологияның негізгі, басты міндеттері мынадай:
— әрбір білім алушының білім алу, даму, басқа да іс-әрекеттерін мақсатты түрде ұйымдастыра білу;
— білім мен біліктілігіне сай келетін бағдар таңдап алатындай дәрежеде тәрбиелеу;
— өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, дамыту;
— аналитикалық ойлау қабілетін дамыту.
Бүгінгі таңдағы педагогтің білім беру жүйесіндегі инновациялық ізденістің мақсаты білім беру үрдісін ұйымдастыруды өзгерту, оқу пәндерінің интеграциясы, дүниежүзілік білім беру мәселелеріне сәйкес оқыту мазмұнын мақсатты іріктеу.
Демек, Қазақстанның бүгіні мен ертеңі жас ұрпақтың еншісінде. Бұл мұғалімнен өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Педагогикалық кәсіптің құпиясы тек оқыту ғана емес, не үшін және қалай оқыту. Бұл ретте мұғалімнің біліктілігі, әдіскерлігі үлкен рөл атқарады. Ал кәсіби шеберліктің жоғарғы шегі шығармашылық еңбек, оқу-тәрбие үрдісін жаңашылдықпен, өзгеріспен құра білу, яғни инновациялық қызметті жүзеге асыру. Оның негізгі көрінісі оқыту мен тәрбиелеудің, дамытудың технологияларын, әдіс-тәсілдерін ендіре отырып, жұмысты ұйымдастыру.