«Ақыл кере, білім таңдап аларға,
Білім керек іске жақсы қарарға.
Жарамды мен жарамсызды көрерге,
Керектіні-керексізден бөлерге
Жүсіп Баласағұн
Жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы әзірленіп, тәжірибеге енді.
Біз бұл жаңалықты қалай түсініп, қалай қабылдап жатырмыз? Ата-аналар мен оқушыларымыз бағдарламадан қаншалықты хабардар деген сұрақтар барша қауымды толғандырары сөзсіз.
«Білім негізі бастауышта» деген қанатты сөздің негізінде де үлкен шындық пен жауапкершілік жатыр.
Міне, биылғы оқу жылында менің де шәкірттерім бастауыш сыныпты аяқтап, жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы бойынша 5-ші сыныпты бастағалы отыр. Бұл оқушылар үшін оқулық та, оқыту процесі де, бағалау да, қойылар талап та жаңаша. Сондықтан бұл оқу бағдарламасының 5-сыныпқа көшкен оқушыларға біршама қиындықтар туғызары сөзсіз. Осы қиындықтардың алдын алу мақсатында жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы бойынша біліктілік курстарын аяқтаған ұстаздар қауымы мектеп психологымен, әлеуметтік педагогпен бірлесе отырып, оқушыларды 5-ші сыныпқа бейімдеу мақсатында біршама жұмыстар бойынша жоспар жасалып, бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Сыныбымда 22 оқушы. Оқушыларымның көпшілігі гуманитарлық бағытқа бейім. Оның креативті ойлай алатыны – 8 оқушы, бейнелеу өнеріне бейімі – 4 оқушы, өнерге бейімі – 7 оқушы, спортқа бейімі – 6 оқушы, өз бетімен кітап оқуға бейімі — 10 оқушы.
Жасыратыны жоқ, бұрынғы жылдардағы іс тәжірибемде оқушыларымыздың 5-ші сыныпқа барған кезде өз білім деңгейлерін дәлелдей алмайды деп, нәтижелерінің төмендейтіндігін байқайтынбыз.
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, 5-ші сыныпта берілетін материал көлемі, мысалы әдебиеттік оқуда ертегілер мәтін көлемі жағынан 3 есеге көбейеді екен. Мәтін шрифтісі кішірейеді, көрнекілігі өзгереді. Осындай ерекшеліктерді ескеріп, орта буын мұғалімдері оқушылардың бейімделуіне көмектесіп, осы өзгерістерді оқушыларымыз қиындық деп емес, жаңа бір мүмкіншілік деп түсінуіне жағдай жасау қажет.
Бағдарламаның ең тиімді жағы коммуникативтік төрт дағдыға баса назар аударылуы. Бұл төрт дағды бір сабақтың үстінде өзара байланысты бірізділікпен жалғасын тауып жатады. Топта өз ойларын туралы талдауы негізінде әр оқушы жеке жұмыс жасап ойын ережесінің нұсқаулығын жазады. Тыңдау нәтижесінде алған мәліметтерін талдап, жеке жұмыс жасау арқылы жазылым дағдысы орын алады. Әр оқушы өз жұмысын жеке-жеке таныстыру кезінде оқылым дағдысы пысықталады. Осылайша бір ғана тапсырманы орындауда коммуникативтік 4 дағды бір-бірімен сабақтастықта көрініс тауып, оқушы бойында қалыптасуы бағдарламаның басты ерекшелігі. Сауат ашу үдерісінің ең басты мәселесі мен мақсаты оқушылардың белсенді әрекеттерін ұйымдастыру. Белсенді әрекеттер арқылы оқушылар білімді өздігінен меңгереді, үйренеді. Демек «не білу» емес, «не жасай білу» «Сауат ашу пәнін» оқытудағы негізгі қағида болып табылады.
Оқушылар бастауыш сыныпта оқытылатын әр пәндік саланы түсінетіндігін көрсете отырып, өз білімдерін алдағы уақытта басқа жағдайларда қолдана білулері қажет.
Сондықтан оқушыларды алған білімдерін кез-келген жағдайға қалай бейімдеу керектігін біліп, болашақта кездесуі мүмкін күрделі тапсырмаларды шешуге икемді болуға баулу – бастауыш сынып мұғалімінің алдында тұрған күрделі де жауапты іс.
Бұл бағдарлама бойынша бастауыш сыныпқа енгізілген жаңа пән –жаратылыстану пәні. Ал, дүниетану пәні бұрынғыдан өзгеше, яғни зерттеуге негізделіп құрылған. Енді мұғалім оқушыдан тақырыпты мазмұндап беруін талап етпейді, керісінше, ғылыми түсініктерін дамытып, тәжірибелік әрекетін ұйымдастыруға, сол арқылы тарих,қоғамтану, география, физика, химия пәндерінің негізін бастауыштан қалап, оқушының пәннің негізін дұрыс түсінуіне ықпал етеді.
Математика пәніне енгізілген өзгерістер сандар, алгебра, геометрия, жиын, логика элементтері, модельдеу салалары сияқты 5 салаға бөлініп, спиральді ұстаным негізінде дамытылған.
Биылғы жыл 4-сынып түлектерін шығарып, оларды алғашқы қабылдағандай күй кешудеміз. Жаңарған білім мазмұны – жаңаша қызметті талап етеді. Біздің ұжым мүшелері осы жаңаша қызметте бірлесіп қызмет етіп, сапа жылына сапамен қызмет етеміз деп отырмыз. Өзгеріс мұғалімдерді де, басшыны да, ата-ананы да айналып өтпейді. Осы ретте бірлесіп етілген қызмет нәтижесін береді деген сенімдеміз.
Бектлеуова Баян Төлепбергенқызы
«Құрық орта мектеп-гимназиясының»
жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі