Home » Мақалалар » Жаңартылған оқыту бағдарламасы негізіндегі физика пәнінің ерекшелігі

Жаңартылған оқыту бағдарламасы негізіндегі физика пәнінің ерекшелігі

Тәуелсіз елдің негізгі тірегі — білімді ұрпақ. Қазіргі таңда білімдінің алға түсіп, бәйгеден озып келетін заманы енді туды. Мемлекет болашағының кепілі — жастарға білім мен тәрбие беру мәселесінен өткір мәселе жоқ екені белгілі. Қазақтың кемел талантты ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек», — деген. Қазіргі ұстаздар алдындағы міндет: ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес оқушының білімі терең, іскер және ойлауға қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Мұндай талапқа сай қызмет істеу үшін ұстаз үздіксіз ізденісте кәсіби білікті болуы тиіс. Инновациялық оқыту нәтижелері оқушының өз бетінше әрекет етуі арқылы білімді меңгеруіне ықпал етуі тиіс. Оқушының ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымдық көзқарастары мен танымдық белсенлілігін арттыруда, зерттеушілігі арқылы шығармашылық икемділігін дамытуда, біліктілікке ұмтылуда, яғни тұлғаны жан-жақты дамытуды жүзеге асыруда оқу үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу шешуші рөл атқарады, оң нәтиже береді.

         Жаңартылған білім мазмұны жағдайындағы мектептің ерекшелігі – оқудағы жетістіктер нәтижелі сипатқа ие, ал оқу процесі оқушылардың әрбір сабақта білімді «табудағы» белсенді қызметімен сипатталады. Бұған қол жеткізуді әрбір мұғалім өзінен бастайды, ол жаңару үрдісінің әлеуметтік қырларын көрсетеді. Белсенді оқу оқушының мұғалімді енжар тыңдап қана қоймай, белсенді жұмысқа тартылуын көздейтін оқыту және оқу әдістерінің бірі болып табылады. Физика сабағында топтық және жұптық жұмыстар, рөлдік ойындар мен дебаттар қолданылады. Қызметтің мұндай түрлері оқушылардан өздері тапқан ақпаратты талдау және түсіндіру үшін зерттеужәне жоспарлау дағдыларын қолдануды талап етеді, басқаларды оқыту нәтижелері бойынша таныстырылымдарды, болашақта өз дағдыларын жақсарту мақсатында басқа нәтижелерді бақылауды және талдауды қажет етеді. Мұғалім оқушының білім алу үдерісінде оның оқу мақсатына жету үшін өзіндік реттелуі арқылы ойлау және іс – әрекетін жоспарлау дағдыларын дамытудың маңызы зор. Физика сабағында теориялық мәтінді, графиктерді, кестелер мен сызбаларды және формулаларды талдау сияқты оқу материалдарын талдаудың барлық түрлеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Оқушылардың ғылыми ойлау және танымдық қабілеттерін дамыту – физика пәні мұғалімінің маңызды мақсаттарының бірі. Оқу үдерісі оқушының ойлау дағдыларының дамуына ықпал етуі үшін талдау, салыстыру, сәйкестендіру, дербес, ортақ және ерекше белгілерін анықтай білу, абстракцияландыру, жалпылау, қорытынды жасау сияқты ойлау амалдарын қолдануды үйрету керек. Оқу үдерісінде оқушылардың теориялық және практикалық ойлау дағдыларын қатар қалыптастырудың маңызы зор. Ғылыми ойлаудың сипаттары – зерттеу мақсатын анық белгілеу, ғылыми болжамдар жасау, зерттеу әдістемесін белгілеу, зерттеудің негізгі кезеңдерін анықтау, зерттеу жұмыстарын жасау, алынған нәтижелерді талдау және қорытындыларды тұжырымдау болып табылады. Бақылау, тәжірибе жасау, алған білімдерін жүйелеу және жалпылау, физикалық теория негізінде құбылыстарды түсіндіру, шығармашылық таныту, теориялық ойлау сияқты қабілеттерін қалыптастыру оқушылардың ғылыми ойлау дағдыларының дамуына ықпалын тигізеді.

Физика саласы бойынша оқушылардың білім, білік дағдыларын қалыптастыру негізгі орта және жалпы орта білім беретін мектеп бағдарламасында жетекші орын алады. Бұл әлемнің біртұтас ғылыми бейнесін қалыптастырудағы физиканың практикалық маңызы­мен айқындалады. Физика – табиғат туралы ғылым. Оның мақсаты – заттар мен денелердің, құбылыстар мен процестердің физикалық қасиеттерін танып-білу, табиғат құбылыстарының заңдылықтарын зерттеу. Физика пәнін табысты оқыту мұғалімнің тікелей кәсіби тәжірибесі мен құзыреттілігіне, оқу үдерісі нәтижелеріне басым көңіл бөлуіне байланысты. Қазіргі кезде табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет деген ойдың жақтастары көбейіп келеді. Бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді. Бұл жаңартылған білім бағдарламасы оқушы үшін де, мұғалім үшін де тиімді. Мұғалімдер оқушыларының не білетінін және нені жасай алатынын, сондай-ақ олардың қызығушылықтарын, әр оқушының нені жақсы көретінін болжай білуі керек. Тек өз білімін және шығармашылығын ұштай білген ұстаз ғана жаңаша білім береді. Әрбір жаңашыл мұғалім өзінің шығармашылық әрекетін дәстүрлі стильден алшақтап, үнемі жа­ңашыл идеялар жетегінде жүрсе, білім сапасы жақсара түсері сөзсіз. Жаңартылған білім беру мазмұны ұстаздардың ізденісіне, балаларға деген сүйіспеншілігіне, кәсіптік деңгейіне байланысты. Мұғалім оқыту, тәрбиелеу, дамыту, қалыптастыру қызметі арқылы шәкіртін шығармашылық жолға жетелейді. Нәтижесінде қоғам талабына сай тұлға қалыптастырады. Білімнің сапасы – ең алдымен мақсаттың және нәтиженің сапасы, одан кейін басқарудың, ұстаздың, педагогикалық әрекеттің, оқушының сапасы, ең соңында педагогикалық үрдістің сапасы. Бұл – жаңа кезеңде адамдарды өмір сүруге баулу үшін бұрынғыдан да жоғары деңгейде білім беру деген сөз. Демек, бүгінгі заман мұғалімі қазіргі қоғамдық-әлеуметтік талаптарға жауап беретін, жан-жақты, білімді, жаңашыл ойлау дағдысын мең­герген, оқушының жан-жақты дамуын ұйымдастыра алатын заманауи тұлға болуы керек. Қорытындылай келе, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша менің көкейге түйгенім: алдымызға бір мақсат қоя отырып, сол мақсатқа жету жолында шәкірттердің жүрегіне жол тауып, әрекеттендіре білу шеберлігіне жетсек, егемен елдің ұл-қыздары білімді де білікті болып шықпақ. Соның арқасында біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз. Ғылымдардың ғылымы физика пәнінде жаңартылған әдіс-тәсілдерді күнделікті сабақта қолданып, оқушыларымның пәнге деген қызығушылығын, ғылымға деген деген ынталарының артқанын көрдім. Ұстаздықтың ұлы жолында өзімнің бар күш жігерімді салып, еліме пайдамды тигізіп жатсам, бұл ғаламда одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын.

 

Бегалиева Райхан Жұмаділлақызы,
Шымкент қаласы
Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектеп -лицейінің
физика пәні мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.