Home » Мақалалар » ЖАҢАРТЫЛҒАН МАЗМҰН ЖАҒДАЙЫНДА ОҚЫТУ НӘТИЖЕСІНЕ БАҒДАРЛАНУ ТИІМДІЛІГІ

ЖАҢАРТЫЛҒАН МАЗМҰН ЖАҒДАЙЫНДА ОҚЫТУ НӘТИЖЕСІНЕ БАҒДАРЛАНУ ТИІМДІЛІГІ

Куракова Роза Нсангалиевна
«Өрлеу» БАҰО»АҚ филиалы
Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,
«Инновациялық технологиялар және жаратылыстану (гуманитарлық) ғылымдары пәндерін оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы,
PISA және Жобалау пәні тренері,
ҚР Білім беру ісінің үздігі

Еліміздегі білім беру жүйесін жаңғыртудың басты мақсаты — еліміздегі білімнің сапасын және бәсекеге қабілетін арттыру болып табылады.

Бұл мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер қойылып, шешімін табу жолдары іске асуда:

  • Оқу-тәрбие үрдісіне заманауи әдістемелер мен технологияларды енгізу;
  • «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының тәжірибесін  қазақстандық білім беру жүйесіне тарату;
  • педагогикалық кадрлардың кәсіби дайындық деңгейін арттыру;
  • педагогикалық ұжым іс-әрекетінің жаңашылдық бағыттылығын қалыптастыру;
  • кәсіби біліктілікті жетідіруде сараланған негізде ғылыми-әдістемелік көмек көрсету;
  • нормативті құжаттар, мемлекеттік білім стандартын, тәрбие, білім берудің жаңа бағдарламаларын, оқу жоспарларын, әдістемелік нұсқауларды талдап-игеру жұмыстарын ұйымдастыру;
  • мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасу әрекетін, өзін-өзі бағалау, өз білімін көтеру, кәсіби шеберлігін арттыру жолдарын анықтау;
  • мұғалімдер мен оқушыларды ғылыми- зерттеушілік, шығармашылық жұмыстарға баулу, ынталандыру;
  • білім саласына әлемнің үздік жетістіктерін енгізу.

Қазақстан Республикасында білім беру жүйесіндегі модернизациялау үдерісі — білім мазмұны мен сапасын арттыру, білім берудің ұлттық моделін жетілдіру, ақпараттық технологиялар жөнінде жаңаша педагогикалық көзқарас қалыптастыру секілді кешенді шараларға тікелей қатысты. Әлем тәжірибесі көрсеткендей, кез-келген мемлекеттің экономикалық жетістігі сол елдің білім жүйесі мен азаматтарының білім дәрежесіне байланысты. Өйткені, білім арқылы ғана қоғамның интеллектуалдық капиталы мен инновациялық әлеуеті қалыптасады.

Коғам өз бетімен білім ала алатын және алынған білімін өмірдің түрлі жағдайларында қолдана білетін жеке тұлғаның қалыптасуын қамтамасыз ететін оқытудың жаңарған  технологияларына көшу талабын қойып отыр.

Бүгінгі күн талабына сай, ғылым жетістіктерін терең меңгеріп білім сапасын көтеру үшін ең алдымен жоғары білікті маман педагогтарды дайындау, мектептердің материалдық техникалық базасын нығайту, жақсы жабдықталған сыныптар мен дәріс оқитын аудиториялар, сапасы жоғары дәстүрлік немесе электрондық және мультимедиялық оқулықтар мен оқу құралдары ауадай қажет. Қазір білім алу үшін шекара жоқ, бүкіл әлемдік кеңістік пайда болды.

«Білімге үш жол алып барады: ойлау, оқу жолы – бұл ең парасатты жол; еліктеу, ұқсау жолы – бұл ең оңай жол», — деп  Конфуций айтқандай әр адам теориялық білімін тәжірибеде жүзеге асыруды мақсат ететіні сөзсіз.

Еркін әрі белсенді ойлауға, оқу тәрбие үрдісін  модельдеуге, жаңа идеяларды өзі туындатып, іске асыруға қабілетті мұғалімнің кәсіби құзыреттілігінің деңгейін көтеру проблемасы – қазіргі әлеуметтік- экономикалық жағдайда өзекті проблемалардың бірі болып табылады.

Білім берудің жаңа бағыттарының басты ерекшелігі – оқытудың нәтижесін алдын ала болжап, мұғалімдердің қызығушылықтары мен ізденімпаздығы негізінде білімі мен біліктерін жетілдіріп, оны сана «сүзгісінен» терең зерделей отырып, ғылыми-шығармашылық әлеуетін үнемі дамытуға және рухани толысуға ұмтылысын қалыптастыруды бағдар тұтады.

Жеке тұлға бойындағы ашылмаған, сыры мол мүмкіндіктерді дамытудың бастау көзі – шығармашылық қызығушылықты қалыптастыру. Шығармашылық қызығушылық – тұлғаның ізденімпаздық қабілет сапасын дамытудың негізгі өзегі болып табылады. Бұл өз кезегінде оқушылардың жобалау-зерттеушілік әрекетіне алып келеді.

Оқушының жобалау — зерттеушілік әрекетін қалыптастыру үшін мына қағидалар есте болғаны жөн:

  • оқушыларды өз бетінше әрекет етуге үйрету;
  • нақты нұсқауларға қарағанда баланың ұсынысына көңіл аудару;
  • талқылау кезінде баға беруге асықпау;
  • білім алу барысында балаларға көмектесу:
  • өз бетінше проблеманы шығару;
  • проблеманы өз бетінше шешу дағдыларын қалыптастыру;
  • пәндер мен құбылыстар арасындағы байланысты бақылау;
  • ақпартты талдау, талқылау, жүйелеу, топтау және жинақтау;
  • өзіндік пікірін айту және өз идеяларын ашық түрде ұсыну;
  • қате пікірінен бас тартуға, шыдамдылық танытуға үйрету.

Міне, осы негізде орындалған шығармашылық еңбектің нәтижесі адамды қуаныш сезімге бөлеп, қызығушылық тудырады.

Ұлы ағартушы К.Д.Ушинскийдің: «Балаға күштеп білім беруден гөрі, баланың білімге деген құштарлығын ояту ең маңызды мақсат», — дегені білім мен тәрбие саласындағы мұғалімдерге терең ой салады. Сондықтан қазіргі заманда оқушының білім алуға құштарлығын ояту үшін мұғалім көп ізденіп, сабақтың тиімді өтуіне жағдай жасауы тиіс. Білім сапасы оқушының білімге деген құштарлығы мен қызығушылығына тікелей байланысты.

Оның бастысы – оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушының оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу, әрекет ету. Мақсатқа жету оқушының өзі арқылы іске асады.

Осы мақсатта еліміздің білім беру жүйесінде қолданысқа енген жаңартылған білім мазмұнының басты ерекшелігі – оқушылардың жан-жақты бейімділігін, игерген білім, білік, дағдыны тәжірибеде қолдану қабілетін, функционалдық сауаттылығын дамытуды көздейді.

Бұл өз кезегінде ынтымақтастық қағидасы арқылы жүзеге асады. Ынтымақтастық  оқушы – мұғалім, оқушы-оқушы, ата-ана – мұғалім жүйесінде қарым-қатынасты жетілдіруді көздейді. Іс-әрекеттің жетісті болуы сенімнен туындайды, яғни жеке тұлғаға сенім білдіргенде ғана адамды дамытуға бағытталған ұмтылыс пайда болады.

Жаңартылған білім мазмұнында  барлық білім алушылар үшін тиімді оқыту үдерісін ұйымдастыру қажеттілігін ұмытпау керек. Күтілетін нәтижеге бағытталған жаңа білім беру жүйесі білім мазмұнын меңгеру  үрдісінде оқушылардың құзіреттіліктері мен өмірлік дағдыларының қалыптасуын қамтамасыз етеді.

Демек,  білім мазмұнын жаңғырту  үрдісі мұғалімдердің  көзқарасын  түбегейлі  өзгертумен қатар жүргізілуі тиіс. Сонда ғана шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдер  оқу-тәрбие үрдісін  алға  жылжытуы және оның негізгі бағыттарын біз ойлағаннан әлдеқайда жылдам жүзеге асыруды жалғастыра берері сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. «Жаңа тұрпатты мұғалімнің кәсіби іскерлік сапалары» Қазақстан мектебі журналы, №9 2011ж.
  2. «Өзгеріс. Тәжірибе. Ойтолғау» Ғылыми әдістемелік журнал «Ұстаз» (қосымша) 1 (41) 2016

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.