Жаһанданудың әсері алты құрлықты жайлап, инновациялық технологиялар әлемді билеген заман келді. Күні кеше ғана аңыз секілді естілетін «сымсыз телефон» бүгінгі заманда екінің бірінің қолында жүр. Жаратылыстану ғылымы алға шыққан дәуірде гуманитарлық саланың да шет қалмауы маңызды. Себебі, тәрбие мен білім секілді қос сала тамырлас әрі қанаттас. Осы себепті, гуманитарлық ғылымды жаңа дәуірдің талаптарына сай ұрпақ жадына сіңірудің маңызы артып келеді. Дамыған алдыңғы 30 елдің қатарынан көрінуді көздеген Қазақстан да осы бағытта жұмыс жүргізуде. Нақтырақ айтқанда, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Ұлттық код» және «Қоғамдық сананың жаңғыруы» секілді бұрын айтылмаған ұғымдардың қоғамда талқыға түскені осыны дәлелдей түседі.
Еліміздегі білім беру жүйесіндегі жаңа өзгерістерге орай ұстаздардың біліктілік дағдылары мен деңгейлерін тың дәрежеге көтеруде Астана қаласы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Осы орайда аталған институттың жаңартылған мазмұн бойынша біліктілікті арттыру курсынан өткен ұстаз ретінде пікір-пайымымды білдіргім келеді.
«Қазақ тілді мектептердегі «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсынан үстіміздегі жылдың наурыз айында ғана 30 мұғалім 160 сағаттық біліктілікті арттыру курсынан өттік. Төрт апта көлемінде теориялық білімнен сусындатып, алған білімді тәжірибеде қолдана білудің егжей-тегжейін түсіндірген курс тренері Баянғали Ғалымжанұлы Ғалымжановтың шеберлігіне тәнті болдық.
Тренердің парасаты мен пайымы алғашқы дәрісте-ақ тыңдаушыға зор жауапкершілік жүктейді. Сондай-ақ, өткізген әрбір сабағы – жоғары дәрежедегі шеберлік сағат. Бір деммен өтеді!… Уақытты аңғармайсың!… шаршамайсың!… Мұқият тыңдап, ойланып қана ой кешесің!…
Ұстаздарға жаңартылған білім бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізуінде көрсеткен бағыт-бағдары, тіл үйретудегі әртүрлі әдіс-тәсілдері, тіпті, сабақты дәлізде, мектептің қысқы бағында, кітапханада, аулада, өткізген жаңашыл идеясы мұғалімдердің талабына тың серпін береді. «Оқушылар да осы гүлдер тәрізді. Олардың да өсіп-дамуы үшін үлкен күтім керек» деген еді сабақ барысында. Терең білімді, жан-жақты дамыған жеке тұлға тәрбиелеуде мұғалімнің рөлінің қандай болу керектігін қарапайым мысалмен айқындап берді.
Курс барысындағы көңіл қойып қуанарлық, ой түйерлік сәттер өте көп әрі ерекше: тиімді оқытудың әдіс-тәсілдері, сабақты тиімді жоспарлау, жұмыстардың дұрыс бағалануы, дағдылар бойынша (айтылым, тыңдалым, жазылым, оқылым, тілдік бағдар, түсіну-жауап беру, анализ-интерпретация, бағалау-салыстыру) оқушы ретінде қатысқан тренингтер біздің білімімізді тереңдете түсті.
«Бағалаудың дұрыс болуы – адамның дұрыс болуына алып келеді» деген тренердің тағылымды сөзі тыңдаушылардың әрқайсысын толғандырмай қоймады. Ойы ұшқыр білікті тренер тыңдаушының қызығушылығын арттыра біледі. Өткенге баға беру, Тәуелсіз Қазақстанның азат буыны ретінде болашақты болжау турасында ойы ұшқыр. Жол сілтеуде ұстанымы түзу. Бәлкім, осы ізгі қасиеттерімен болар, тыңдаушылардың ешбірі курстан бей-жай немесе ойланбай қайтқанын көрген емеспін. Ойлы адамның ойландыра білетін де қасиеті Баянғали Ғалымжанұлын өз буынынан оқ бойы озық ұстаз ретінде таныта түсетін секілді.
«Жоспарсыз құрылған шаңырақтың берік болмайтыны секілді, жоспарсыз жұмыс та берекелі болмайды» дейді тренер, демек, жас буынмен, яғни тікелей оқушымен жұмыс жүргізетін мұғалімді бұл ойлы сөз толғындыра түсері сөзсіз. Оқушылармен сабақ өткізер алдында тиімді жоспар құру – жас буынның білім нәрін терең сусындауына серпін береді. Мұғалім бар жан-тәнін, ой-ақылын, бойындағы барлық әлеуетін оқушының білімін арттыруға салғанда ғана еңбегі ақталады, мерейі үстем болады. Соның дәлелі ретінде әріптесім, курс тыңдаушысы Ғ. Орманов атындағы № 7 мектеп-гимназияның мұғалімі Асылбекова Ғалия Ыдырысқызының курс бойынша кері байланысын қоса кеткім келеді.
КЕРІ БАЙЛАНЫС!
(Тренер Баянғали Ғалымжанұлына!)
Қыстың міне, соңғы айы тамаша…
Білімімді арттырмақ боп жаңаша!
Бұл курсқа келіп қалдым асығып,
Көңіл шіркін, алып ұшып балаша!…
«Қандай кісі береді екен, сабақты»
-деген ойлар мазалады оңаша?…
Не де болса, жақсы әсер алармын,
Менде бәрі бәрі рас тамаша!
Сол- ақ екен, кіріп келді бір кісі
Жүзі жылы, ұзын бойлы ер кісі.
Сөзге шешен сөйлегенде сөзінен
Байқағаным рухы биік өр кісі.
Жайлы орта қалыптастыру негізі,
Ұйымдастырушылық қабілеттің белгісі.
Танысудың өзінен- ақ түйгенім,
Мың кісіге татитындай бұл кісі!
Келе сала баурап алды барлығын,
Әрбір жанның ұққандай сыр сандығын!…
Бұл не деген қасиет деп таң қалсам,
Ұстаздықтың меңгеріпті бар заңын.
Әр сабағы бір-бірінен өтеді,
Идеясы жүректерге жетеді.
Фантазиясы сабақтағы неше бір
Қияларға алып сені кетеді…
Сөйлегенде көмейінен бал тамып,
Отырады әр ойымен таң қылып?
Шеберлікпен берген әрбір сабағы
Жадымызда тұрар мәңгі жаңғырып.
Миға шабуыл жасаудың да шебері,
Тұнып тұр-ау, бойында шын өнері.
Терлеп тұрған маңдайынан оқыдым,
Біз екенбіз, әрі қарай сенері…
Әсіресе топтық жұмыс барысы
Алаңдағы ұстаздардың тартысы…
Тартыс егер нәтижелі боп жатса,
Тренердің шеберлігі, нар ісі.
Ал ұстазым, жаңалығың көп болсын!
Әдістерің курсанттарға дөп қонсын!
Ашық алаң шайқасына түскенде,
Сарбаздарын бір тетікпен басқарар
Сіздің әрбір тәсіліңізді еске алар,
Шыңның нағыз бигіне шыға алар
Шәкірттеріңіз шын мәнінде көп болсын!
«А» дегенде Абайдың, «Ә» дегенде Әлиханның ұлылығын ұрпаққа таныту, таныту арқылы ұлттық тұтастыққа мысқалдай болсын сеп қосу – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің парызы деп білемін. Осы тұрғыда ұстаздардың айқын мақсатына қанат бітіріп, біліктілігін арттыруда өзінің сүбелі үлесін қосып жүрген осындай тағылымы мол тренерлерге «Өрлеу» Біліктілікті арттыру орталығы Астана қаласы бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтына айтар алғысымыз шексіз. Енді тек курстан алған білім-білігімізді шәкірттерімізге сіңіру жолында жемісті еңбек ету бізді күтіп тұрғаны ақиқат…
Нұрән Әділетқызы,
Астана қаласы,
№84 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі