Жаңартылған білім мазмұны — еліміздің білім саласына жаңа леп алып келген тың үдерістің бірі. Қазір жалпы білім беретін орта мектептерде осы бағдарламаның мән-маңызы тереңдете түсіндіріліп, ұстаздарға сабақ беру барысы үйретілуде. Бұл тарапта Семей қаласындағы физика –математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің де атқарып отырған шаруасы аз емес. Жуырда Зияткерлік мектеп ұстаздары шаһарымыздағы №3 жалпы білім беретін орта мектебінде өткізілген пәндік апталыққа белсене ат салысты. Кезекті іс-шара аталмыш мектептер арасындағы тәжірибе алмасудың тағы бір дәлелі деуге болады.
Елімізде білім саласында енгізілген жаңартылған оқу бағдарламасы мұғалімнің де, оқушының да жауапкершілігін талап етеді. Мәселен, бағдарламаның негізгі идеяларының бірі — концептуалды оқыту, оның бір шешімі — пәнаралық байланыстарды орнату арқылы оқушыға ғылым мен білім туралы біртұтас көзқарас қалыптастыру болып табылады. Оны жүзеге асыруда оқу үрдісіндегі сабақтармен қатар, сабақтан тыс іс-шаралар да маңызды орын алады.
Осыған орай, жалпы білім беретін орта мектептердің бірінде менторлық міндетін атқарушы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі – Құралай Қалиева «Өнертапқыштық мәселелерді шешу теориясы» бойынша шеберлік сыныбын өткізді. Мұғалім осы арқылы қаламыздағы басқа да мектептердегі әріптестеріне, оқушыларға осы теория жайлы ақпарат беру, таныстыру және үйретуді көздейді.
Жалпы Құралай Ақылбердіқызы өткен жылы Астана қаласында НЗМ мектептерінің мұғалімдері үшін ұйымдастырылған, Ресейлік педагог – тренер Анатолий Гиннің қатысуымен өткізілген біліктілік курсында үйренгенін өз тәжірибесіне енгізіп, бүгінгі күні НЗМ оқушылары үшін «Өнертапқыштық есептерін шешу» деп аталатын таңдамалы курсын жүргізуде.
Шеберлік сыныбына №3 – жалпы білім беретін орта мектебінің оқушылары мен ұстаздары қатысты. Аз уақыт ішінде олар өнертабыстық заттар мен өнертапқыштық мәселелер, оларды шешудің теориясы туралы мағлұмат алды. «Креативті алаң» формасында ұйымдастырылған сайыста оқушылар мен мұғалімдер де белсенділік танытты. Берілген тапсырманы орындауда ыждахаттық танытып, аса жауапкершілікпен қараған қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, тапсырмадағы мәселені шешудің жолын ұсынды. Нәтижесінде қоршаған ортадағы табиғат иелеріне деген қамқорлық көрсетуді сөз етті. Өз ұсыныстарында биология, информатика және ақпараттық технологиялар пәндері бойынша білімдерін қолдана алды. Қызу талқылау кезінде мұғалімдер де түрлі сұрақтар қою арқылы оқушылардың идеяларын жетілдіруге ықпал етті. Сайысшылар жұмысының нәтижесін оқушылар мен мұғалімдерден құралған бағалаушылар тобы жұмысқа қорытынды жасады. Сонымен бірге, қатысушылардың қызығушылығын тудырған «Өнертапқыштық мәселелерін шешу теориясы (Теория решения изобретательских задач)» бойынша Ғаламтор желісіндегі біліктілік курстары мен мүмкіндіктері таныстырылды. Достық қарым-қатынастағы кездесу қатысушылардың және шеберлік сыныбын өткізуші мұғалімнің бір-біріне алғыс білдіруімен аяқталды.
Семей қаласындағы физика-математикалық бағыттағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі