Home » Мақалалар » ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ АЯСЫНДА БИОЛОГИЯ ПӘНІН ОҚЫТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ АЯСЫНДА БИОЛОГИЯ ПӘНІН ОҚЫТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Биылғы жыл, біз үшін ерекше жыл, өйткені Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өткен жылғы, яғни, 2018 жылдың 5 қазандағы Жолдауында 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялаған болатын. Ал біз мұғалімдер, ұстаздар жастардың болашақ жоғары кәсіби маман ретінде қалыптасуына ықпал етуіміз керек. Ол үшін мектептен сапалы білім беруіміз қажет. Қазіргі кезде тұлғаны жан-жақты білімді, танымы кең, ойы ұшқыр, зерек, саналы, жауапкершілігі зор, қоғам талаптарына сай қанағаттандыратындай етіп қалыптастыру ең маңызды мәселелердің негізгісі болып отыр.

Бұндай түйткіл мәселерді шешу үшін білім берудің жаңартылған мазмұнын тиімді пайдаланып, ондағы озық әдіс-тәсілдерді ретімен, тиімді пайдалану керек екені дау тудырмайды. Болашақтың осы шақтан да нұрлы болуына ықпал жасап, адамзат қоғамын жетістікке жеткізетін құдіретті күш тек біздің білімде. Яғни, білім беретін мұғалімдерде. Біздің білім берудегі басты мақсатымыз – жан-жақты дүниетанымы кең, өмір сүруге бейім, өзіндік ой-толғамы бар, адамгершілігі озық, бәсекеге қабілетті жеке Тұлға тәрбиелеу. Осы мақсатты жүзеге асыруда оқушыға білім мазмұнын терең түсіндіре отырып, игерген білімін таразылай білу керек екені де басты мәселе. Оқушылардың сабақтың өту барысында меңгерген біліміне талдау жасап, келесі сабаққа жоспар құру үшін кері байланыстың пайдасы зор. Кері байланыс оқушының оқу желісі қалай өткені және қандай нәтижеге қол жеткізгендігі туралы ой-пікірін тыңдауға негізделеді. Кері байланыс сабақ барысында оқушылардың өз бетімен орындайтын тапсырмаларының соңында жүргізіліп отыруы қажет деп білемін. Себебі, кері байланыс – рефлексия мақсаты – еске түсіру, өзінің сабақ барысындағы біліміне баға беру, оны талқылау және мәселелерді жеңіп шығу жолдарын қарастыру. Мұғалім қандай да бір оқушының кез келген кері байланысын жазған парағын оқи отырып, сабақ барысының сәтті-сәтсіз шыққан тұсын және тиімді іс-әрекет түрлерін, келесі сабағын қалай жақсартуға болатынын алдын ала болжай біледі.

Осы орайда 2019 жылдың 15.04-26.04. аралығында «Өрлеу» БАҰО АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша ПҚБАИ ұйымдастыруымен Келес ауданында «Жаңартылған білім беру аясында «Жаратылыстану» және «Биология» пәні бойынша» біліктілік арттыру курсы өтті.

Курстан алған әсеріміз өте көп. Біз үшін 2 апта көзді ашып-жұмғандай тез өтті. Осы ретте қазақтың «Ақылды көп жасағаннан сұрама, көп білгеннен сұра» деген жақсы бір сөзі ойыма оралып отыр. Біздің білімге деген ықыласымызды оятып, дәріс берген тренеріміз Медетова Лаура Сухрапқызына алғысымыз шексіз. Көңіл қойып, ой түйетін маңызды сәттер ерекше: шиыршықты оқытудың мазмұны, жаңа бағдарлама бойынша әр сабаққа қысқа мерзімді жоспар құрастыру, белсенді оқыту, төрт дағды бойынша (айтылым, тыңдалым, жазылым, оқылым) оқып үйренген тренингтер біздің педагогикалық білімімізді тереңдете түсті.

Еңбек жолымды заман талабына сай жаңаша бастауға, нағыз педагог ретінде танылуыма бірден – бір жол ашты деп ойлаймын. Мен өз іс – тәжірибеме өзгерістер енгізе отырып, оқушыларымды жаңа қырынан таныдым. Болашақта барлық үйренгендерімді үнемі жетілдіріп, әрбір сабақтарымда қолданамын деп нық айтамын.

 

Кенжаева Айнур Эгамбердиевна,
Түркістан облысы, Келес ауданы, Қошқар ата ауылдық округы
№ 25 С.Сейфуллин атындағы жом

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.