Home » Эссе » Жаңартылған білім мазмұнына сай эссе жазуда ескерілетін жайттар

Жаңартылған білім мазмұнына сай эссе жазуда ескерілетін жайттар

Аннотация.
Жаңартылған білім мазмұнына сай қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы ескеретін жайттарға тоқталу. Эссе типтеріне тоқталу: сипаттау эссесі, түсіндіру эссесі, әңгімелеу эссесі, дискуссиялық эссе, аргументалды эссе.
Эссе құрылымына тоқталу: кіріспе бөлімі, негізгі бөлімі, қорытынды бөлімі.
Эссе форматы: Кіріспе. Оқырманның көңілін қаратады. Эссе тақырыбымен байланыстағы сөйлемдерден тұрады. Эссе мәтінінің негізгі бөлімін құрайтын  3 немесе одан да көп негізгі идеяны қысқаша ашады.
Негізгі бөлім.  Эссенің ең көлемді бөлігі.  3 немесе одан да көп жақсы құрастырылған абзацтан тұрады (бір абзац кіріспеде берілген бір идеяны ұстанады). Әрбір абзац басты бекіту және детальдармен қолдап отыратын минимум алғанда 4 немесе 5 сөйлемнен тұрады. Бір идеядан екінші идеяға ауысу үшін өту немесе ауысу сөздері мен фразалардың арқасында оқырманға  мәтін мазмұнын игеруге көмек болады. (мысалы, сонымен қатар, одан басқа, тағы да бір себебі болып табылатыны… және т.б.)
Қорытынды. Эссені қорытындылайды. Қысқаша 3 негізгі идеяны атайды (кіріспедегі сөздерді қайталамай) Мықты бекітумен аяқталуы мүмкін (эмоционалды болуы да мүмкін)
Мақала мәтіні
«Ұстаз адамның жан-жақты түсінігі мол, қандай істі болса да тез шешіп, тұжырымдай алатын, ұшқыр ойлы, көреген, батыл һәм шешен болуы тиіс», — дейді әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби, ал ұлы Абайдың: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озбақ», — деген сөздері ұстаздық мамандықтың болмысын ашатын сөздер емес пе?
Сондықтан кәсіби шеберлігі шыңдалған, компоненттілігі жоғары, өз ісінің технологы болу ұстаздан нені талап етеді десек, ол мұғалімнің шығармашылық іс-әрекетінің мазмұны зерттеушілік қызметтен, жеке ізденістерден, оқушымен, ата-анамен де тығыз ынтымақтастықтан тұрады. Нәтижеге бағытталған білімдендірудің жаңа жүйесіне көшу мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруда да жаңа көзқарасты қалыптастыруды, ал мұғалімдерден құзырлылықтарын үнемі дамытуды талап етеді.
Сол себепті бүгінгі таңда білім алушыларға сапалы білім беруде бағдарламаларға да біршама өзгертілу енгізілгенін ескере келіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту әдістемесіне де жаңартылған білім мазмұны енгізілген.
Қазақ тілін қазақ мектебінде ана тілі ретінде дәстүрлі оқытуда грамматиканы «тіл формасынан тіл мазмұнына қарай жүрумен» оқытып келсе, грамматиканы функционалдық оқытуда «тіл бірлігінің қызметінен оның формасына қарай жүру» логикасына қарай өзгерді.

Бір жағынан, нақты мән мәтінде, мәтінде қандай грамматикалық  құралдар қатысып тұрғанын көрсету мақсаты көзделінсе, екінші жағынан, грамматикалық тәсілдер тобы арқылы берілетін семантикалық функцияларды талдау мен жинақтау көзделеді.

Грамматиканы функционалдық тұрғыдан оқытуда грамматикалық бірліктердің функциялары мен формалары  тығыз бірлікте қарастырылады.

Грамматиканың формалды жағы – грамматикалық бірліктердің таптарға  жіктелуі, категорияларға бөлінуі арқылы танылады.

Енді осы грамматикалық бірліктердің  мәтінді құруға қатысуда қандай функционалдық мағыналық қызмет атқарғанын таныту функционалдық грамматиканың міндеті болып табылады.

Сөйтіп, грамматикалық дағдыларды қалыптастыру бірізділігі оның білдіретін мағыналық қызметімен тығыз байланыста жүргізілуі керек. Ондай мүмкіндіктер  мәтіндерді қолдана отырып оқытуда молынан табылады.

Қазақ тілін оқытудың жаңа басым бағыттары: функционалдық, мәтінге негізделген, коммуникативтік әрекет.

Сондықтан қазақ тілі сабақтарының заманауи талаптары: тіл бірліктерінің мәтін құраушы және көркем-мәнерлі функцияларын таныту негізінде құрылған жаңа білім мазмұны, грамматиканы функционалдық негізде оқытудағы мәтіннің білім көзі ретіндегі маңызды орны, қазақ тілі мен қазақша сөйлеу және жазба тілінің тұтастықта танылуын көздейтін жаттығулар жүйесі.

Жазылымға арналған сабақ құрылымы:

Жазылым — төрт дағдының бірі және ол өнімді дағдылар қатарына жатады. Яғни өнімді  дағды дегеніміз – тіл құбылыстары туралы ережелерге, модельдерге  сүйене отырып сөйлеу немесе жазу. Жазылым түрлері: тізім жасау, құттықтау қағазы,  электрондық хат, күнделік, хабарлама, әңгімелер, эссе және т.б.

Жазылым түрлерінің әрқайсысының өздеріне сай ерекшелігі болады. Ол жазылым түрлерінің құрылымына және мақсаты мен шешуі тиіс міндеттеріне байланысты болып келеді. Мысалы, жазу стилінің деңгейлері: ресми (ғылыми, іс қағаздар стилі) және бейресми (ауызекі сөйлеу сөздері); жазуда мәтінді немесе ақпаратты  жазудың өзіндік тәртіптері ақпараттарды орналастыру реті; мәтіннің ұйымдастырылуы.

Жазылым дағдысын қалыптастырудың  бірнеше жолдары бар. Солардың ең бастылары — продуктивті жазылым және жазылым үдерісі.

Егер жазылымды үлгі беру арқылы үйретсек, мұны продуктивті жазылым деп атаймыз. Яғни мұғалімдер жазылым түрлерінің үлгісімен таныстырып, мәтінмен жұмыс жасатуы керек. Белгілі бір жазылым үлгісі оның мазмұнымен, лексикасымен, стилімен және құрылысымен таныс болуға көмектеседі. Сонымен қатар, үлгілер оқушыға қалай жазуы керек туралы идеяны да береді.

 Ал егер мұғалім оқушыларға жазылымның барлық қадамдарымен жұмыс жасауды қамтамасыз етсе, бұлд жазылым үдерісі деп аталады. Толығырақ айтқанда, жазылымды жоспарлаудан бастап, алғашқы нұсқасын жаздырту, түзету, тексеруге дейінгі оқушылардың әрекетін ұйымдастыру. Бұл оқушыларға жазылымның әртүрлі аспектілерімен әртүрлі уақытта жұмыс жасай білуге дағдыландырады. Мысалы, жоспарлау кезеңінде идеяларды ойлап табады және ұйымдастырады, алғашқы нұсқасын жазу кезеңінде өз ойларын жеткізу үшін қажетті сөздерді, сөйлем құрылымдарын іздейді, түзету және тексеру кезеңінде жазылымның ұйымдастырылуы, сауаттылығы, ондағы идеяларды бағалауға, яғни өз жұмысының артықшылығы мен  кемшіліктері  туралы ойлануға мүмкіндік береді.

Белгілі бір жазылымды толық орындау үшін бірнеше қадамдар жасалады:

  • Әуелі жазылуы көзделген нәрсені анықтап алу;
  • ойыңды дұрыс жеткізуді жоспарлау;
  • шимай нұсқасын (өзгертілуі мүмкін жазылым түрі) жазып көру
  • түзету және редакциялау ( қателерді түзету және мазмұнын толықтыру)
  • тексеріп шығу (сауаттылыққа тексеру және түзеу)
  • дұрыс нұсқаны (екінші немесе соңғы нұсқаны жазып шығу) жазу.

Орта мерзімді жоспардағы  оқу мақсаттарын жүзеге асыруда ұсынылған әдіс-тәсілдермен қатар, мұғалім өзі тиімді деп тапқан басқа  әдіс-тәсілдерді де  қолдана  алады.

Эссе магниті. Магнит оқырманның көңілін тарту үшін және қызықтыру үшін  қажет. Логикалық тұрғыдан алғанда эссенің алғашқы сөйлемі магнит болғаны дұрыс.

Сізге магниттерді құруда қандай тәсілдері белгілі?

  • Жақсы сұрақ қойыңыз (оқырманды тақырыпқа тартатындай)
  • Қызықты бақылаудан бастаңыз (М: кейінгі кездерде осындай жайттар айтылып жүр…)
  • Күтпеген бір нәрсе жазыңыз (ешкім ойламайтындай)
  • Танымал нақыл сөздерді пайдаланыңыз (Құлақтан кіріп бойды алар…)

/ Мысал келтіру/

Өз абзацтарыңызды құрастырыңыз:

Кіріспе сөйлем немесе басты бекітуде

Мысалы: Үй жануарын асырамас бұрын кейбір ескеретін жайттар бар…

Ескерту: Эссе негізінен бірнеше абзацтардан тұрады (3-тен 10-ға дейін). Автордың тақырыпты дамытуда және оны оқырманның қабылдауының тұрғысынан алғанда эссенің  оптималды көлемі – бес-алты абзацтардан тұрады.

Әңгімелеу эссесінде – автор тек жағдайды қарапайым әңгімелемейді, сонымен қатар өз сезімі және оған деген қарым-қатынасын да көрсеткісі келеді.

Кез келген оқиғаны әңгімелеуде келесі компоненттер маңызды:

  • Орны
  • Кейіпкерлер
  • Сюжет
  • Ой
  • Көңіл күй (атмосфера: сергектендіретін, жағымды, анықталмаған, қорқыныш ұялататын және т.б.)

Кіріспе.

  • Орынды суреттеу
  • Кейіпкерлерді таныстыру
  • Оқырманды келешекте болатын жағдайға дайындау
  • Магнит
  • Бекіту

Магнит. Әңгімелеу эссесінде магнит оқырманды келешекте не болатынын өзі табуына ой салады.

«Өмірімде ешқашан дәл осылай уайымдаған емеспін. Аэропортқа жіберген жолдағы соңғы үш сағат, мәңгілікке  созылып кеткендей болды. »

Негізгі бөлім

  • Басты интрига
  • Көбіне хронологиялық тәртіп қолданылады (1-абзац – оқиғаның басталуы, 2 – дамуы, 3,4 …- кульминация және шешім)

Байланыс – сөйлемдері

1-абзац: Бірақ бір жайт менің сенімділігімді шайқалтты.

2-абзац: Бірде, қала ішін аралап жүріп қатты қарным ашқанын сездім. Баған жанына қаймықпастан бірден жақындадым да,  кезекке тұрдым.

3-абзац: Өз кезегімді күтіп тұрып, үлкен плакатты оқып шықтым. Тәттіге тапсырыс бермей-ақ қоюға болатынын біліп қуандым.

4-абзац: Өз тапсырысымды беріп, қызығушылықпен табаққа қарадым.

              Қорытынды

  • Қорытындылайтын идея

Соңғы сөйлем пікір, ұсыныс, жаңалықтан тұруы мүмкін.

Оқушылар эссе, әңгіме, шығарма жазуға көбінесе сыныпта дайындалады. Ондай дайындық мұғалім басшылығымен сынып оқушыларының түгел қатынасуы арқылы жүзеге асады.

Оқушылардың шығармашылық жазу жұмысында өз беттерімен істейтін жұмыстарының негізгі үлгілері төмендегідей болады.

  1. Көркем мәтіннен қажетті материалдарды (үзінділер мен цитаталар) таңдай білу.
  2. Шығармашылық жазу жұмысының жоспары бойынша әр бөлімнің аражігін дұрыс байланыстыра білу.

Оқушылардың шығармашылық ізденісін, өз бетімен жұмыс істеу

дағдыларын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын жазба жұмыстарының бірі – сурет бойынша әңгіме жазу. Оқушыларды мұндай жазба жұмысына дағдыландыру арқылы суретшінің көздеген ойын білдіруде суреттегі әрбір деталь мен бояудың атқаратын қызметін анықтауға болады. Ал бұл әдебиеттегі форма мен мазмұнның бірлігін танып білуге тәрбиелейді. Сондай-ақ оқушылардың эстетикалық талғамын дамытып, белсенділігін арттыруда да маңызы зор. Шығарманың бұл түріне жаттықттыру үшін мұғалім алдымен сурет бойынша оқушылармен ауызша әңгіме жүргізеді. Ол әңгімеде суреттің мазмұны мен суретшінің бейнелеген объектісіне деген қатынасы, сезімі аңғарылатындай болуы керек. Бұл арқылы мұғалім оқушыны сол байқағандарын ауызша, жазбаша суреттеп беруге дайындайды. Сөйтіп, сурет бойынша шығарма жазуға үйрету үш бағытта жүргізіледі:

  1. Сурет элементтерін талдау.
  2. Сурет бойынша әңгіме құрастыру.
  3. Суретті көркем мәтінмен байланыстырып әңгімелеу.

Ал жаңартылған білім мазмұны бойынша шәкіртіміз жазылымға тән келесі жұмыстарды орындай алулары абзал: мәтін бөлімдеріне (кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды) жоспар құра білуі; хат, хабарлама, жарнаманы жанрлық ерекшеліктеріне сай етіп жаза білуі; сюжетті суреттер негізінде әңгіме жаза білуі; эссенің бөлімдерін меңгеруі (кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды); мекен мен оқиғаны сипаттайтын не суреттейтін эссе жаза білуі.

Мысалға тоқталар болсақ, «Бейбіт өмірдегі батырлық» тақырыбында:

Қазіргі бейбіт өмірде батырлық жоқ деуге болмайды. Алдымен, «бейбіт» дегеніміз не? «Бейбіт» деген – тату-тәтті, соғыссыз, ұрыс-керіссіз, таласып-тармасу деген не екенін білмейтін, егеменді, ешкімге тәуелді емес өмір. Енді бейбіт өмірде батырлық жасау деген – барып біреумен ұрсысу, жаумен шайқасу дегенді білдірмейді. Онсыз да батырлық жасауға болады. Мысалы: көшедегі қарт адамға, не болмаса кішкентай балаларға көмектесу.

Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова секілді ата-бабаларымыз кезінде қолдарына қару алып, Отанын қорғауға барды. Сондай қиын-қыстау кезде батырлық жасау оңай емес еді. Себебі, жаумен шайқасып жүріп, өзінің де жағдайын ойламай, елін жаудан қорғады.

Ал, қазіргідей бейбіт өмірде өмір сүріп жатқанымыз ата-бабаларымыздың арқасы. Біз қазір тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Әрине, батырлықты екінің бірі істей алмайды. Ол үшін міндетті түрде мықты болудың қажеті жоқ. «Білекті бірді жығады, білімді жығады.» Қазіргі заманда да батырларымыз бар. Олар өздерінен бқрын басқа адамдарды ойлап, соларға көмекке дайын тұрады. Батырлық деген өзін-өзі жеңе білу деп те айтуға болады. Теледидардан көріп қалдым: он бес жасар мектеп оқушысы өрт болып жатқан  үйден екі кішкентай баланы алып шықты. Осыны батырлық деп айтуға болады. Көмекке мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі адамдар да өзінің басына түскен тауқыметін жеңіп, өмірден түңілмеді. Осыны да өзін-өзі жеңу, батырлықтың бір түрі деп айтуға болады. /6 «А» сынып, Серік Аружан. ҚазҰӨУ/

Эссе жазуда шәкірттеріміз еш қиындықсыз өз ойларын қоршаған ортамен

байланыстыра отырып, толық жеткізуге қаймықпастан тартымды жұмыс нәтижесіне жетулері үшін осы жайттарды еске ұстанса деген ойдамыз.

 

Ашикова Маншук Амангельдиевна,
Астана қаласы,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
ҚазҰӨУ-нің дарынды балаларға арналған
мамандандырылған мектеп-интернаты.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Қасымова Ж.Ғ. ҚР Тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған «Қазақ тілі мен әдебиетін сапалы оқыту мәселелері және оның шешілу жолдары» атты облыстық конференция материалдары, Павлодар, Павлодар облыстық білім департаменті Педагог мамандар білімдерін арттыру институты. 2006, 207 б.
  2. Негізгі орта білім беру мектептеріне арналған «Қазақ тілі» пәні бойынша оқу жоспары(оқыту қазақ тілінде жүргізілетін мектептерге арналған) 7-сынып, «Қазақ тілі»  пәні бойынша оқу жоспарын «Назарбаев Зияткерлік мектептері»  ДББҰ және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп құрастырған. Астана, 2017.
  3. Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілінің мәдениеті.Алматы, «Зият Пресс», 2006, 140 б.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.