Бүгінгі қоғам ойы ұшқыр, ізденімпаз, шығармашыл, білімді жастарды талап етеді. Тәуелсіз еліміздің болашағы болар, жас ұрпақты тәрбиелеу, талапқа сай білім беру- қай уақытта болмасын кезек күттірмейтін негізгі мәселелерінің бірі. Еліміздің өркендеп, өсуі, өзге елді таңдай қақтырып, туымыздың көгімізде желбіреп мәңгі тұруы болашақ жастардың қолында.
Ендеше жас ұрпақты тұлпардай қылып тағалап топқа қосу — біздің ел алдындағы басты міндетіміз, өмірлік ұстанымымыз, алға қойған мақсатымыз деп білемін.
Осы міндетті абыроймен атқарып, ұстанымын мықты ұстанып келе жатқан білім ордасының бірі 128 жалпы орта білім беретін мектеп. Сөзімнің айқын дәлелі мектептің бүгінгі тыныс тіршілігі, жасалып жатқан қарқынды жұмысы мен жеткен жетістіктері, алғыр, ізденімпаз шәкірттері. Әрқашан ізденісте жүретін мектеп ұжымы бүгін өздерін мақтап емес мақтанып айтатын дәрежеге жеткен. Жаңа заман мұғалімі дайын білім көзі ғана емес, шәкірттерінің танымдық іс-әрекетінің ұйымдастырушысы және үйлестіруші болып, білімнің құндылық сипатына терең мән беруі, сапаға бағытталған білім беруде жаңа әдіс-тәсілдер табуға дағдыланған маман болуы қажет.
Әрқашан әдіс алмасып, білім мен тәжірибесін шыңдаудан жалықпайтын 128 жалпы орта білім беретін мектеп ұжымы он үшінші наурызда “оқу мен оқытуда кері байланыс берудің тиімді тәсілдері» тақырыбында қалалық семинар өткізді.
Семинарға мектептен 80 мұғалім қатысты. Әдіс алмасуға келген мұғалімдер тарапынан семинар жоғары дәрежеде өтті деп бағаланып, мектеп басшысы Р. Т Бейсебаеваның көрегендігі мен ұжымның ұйымшылдығына, мектептің көз тартар сәулетімен, ішкі жабдықталуы және безендірілуіне деген таңданыстары мен ризашылықтарын білдірді. Ал, семинарда өтілген сабақтар мен коучингтер, қолданылған әдіс -тәсілдер ауыз толтырып айтарлық бөлек дүние. Әдіс алмасып,тәжірибе арттыруға келген ұстаздар әр бір сабаққа талдау жасап, озық тәжірибе мен ізденістің нәтижесіне жоғары баға берді. Семинарда кіріктірілген сабақтар мен коучинг сабақтар да өтілді.
Мектеп басшылығының көрегендігі көрініс табатын тағы бір айта кетерлік жағдай семинарда жас мамандардың үздік сабақтар өтуі. Математика пәні мұғалімі Келес Бексұлу, ағылшын тілі пәні мұғалімі Райымова Жадыра осы оқу жылының басында жұмысқа қабылданған жас мамандар. Бұл жас мамандардың үздік сабақтары мектепте жас мамандарға барлық мүмкіндіктер қарастырылып, қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанының айқын дәлелі.
Абзелова С.Т.
Шымкент қаласы,
№128ЖОМ
директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары