Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама.
Кәсіби тұрғыда жаңа сатыға қадам басып, білім жүйесіне енген жаңалықтың қыр-сырын зерттей бастаған сәтімізде арнайы курсқа баруымыз бағдарлама туралы туындаған сұрақтарымыздың жауабын табуға берілген мүмкіндік секілді көрінді.
14-ші қарашадан бастап 2 желтоқсанға дейін біздің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған «Жаңартылған бастауыш білім беру бағдарламасы» атты үш апталық курста толық нұсқасын меңгерудің сәті түсті.
Ғылым мен техниканың күн санап өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Соған орай оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр.
Қазіргі таңда оқушылардың құзыреттілік біліктерін, алған білімдерін шынайы өмірлік жағдаяттарда тиімді қолдана білу қабілеттерін дамыту мәселесінің маңыздылығы арта түскені айқын. Оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру, әлемдік білім кеңістігіне ену, түлектеріміз әлемнің қалаған оқу орнына түсіп, өмірлік білімін жалғастыру – білім беру процесінің негізі болып табылады.
Заман талабына сай оқушы бойында сындарлы ойлау және АКТ мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, әр түрлі зерттеу дағдыларын қалыптастыру үшін АКТ пәні енгізіледі. Бастауышта зерттеу жүргізу дағдыларын қалыптастыратын және өмір сүретін әлем туралы жаңа «жаратылыстану» пәні енгізіледі. Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериялық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді.
Кіріктірілген білім беру бағдарламасында тіл пәндерінің берілу жайы да өзгеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалымын, айтылымын, оқылымын, жазылымын – жетілдіруге бағытталған.
Бағдарламаның мәні – баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек.
Молдагалиева Лена
Қостанай облысы, Қостанай ауданы,
Н.Наушабаев атындағы Затобол мектеп-гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі