Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық гимназиясының іс-тәжірибесінен…
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде 2016 жылы 1-сыныптар, 2017 жылы 2, 5, 7-сыныптар, 2018 жылы 3-6,8,10 сыныптар, 2019 жылы 4, 9, 11, 12-сыныптар рет-ретімен жаңартылған білім беру мазмұнына өткелі отыр.
Бағдарлама мақсаты: сапалы орта білім беруге тең қол жеткізуді қамтамасыз ету, зияткер, дене бітімі және рухани жағынан дамыған, табысты азаматты қалыптастыру.
Бағдарламаның міндеттері: педагог кәсібінің беделін және олардың сапалық құрамын арттыру, орта білім беру мазмұнын жаңарту.
Осы ретте, өзгерген бағдарлама мына жағдайлардың өзгеруін талап етеді:
- мектептегі оқу процесінің өзгеруін;
- ата-аналармен жұмыс жүйесінің өзгеруін;
- мектеп педагогтері мен оқушы, ата-ана қарым қатынасының жаңа жүйесін қалыптастыруды қажет етеді.
Жаңартылған білім мазмұны бойынша мектебімізде оқитын оқушылар: 2017-2018 оқу жылындағы 1-сыныптар оқушыларының саны – 126, 2-сыныптарда – 103 оқушы, 5-сыныптарда – 87 оқушы, 7-сыныптарда – 111 оқушы,барлығы мектеп бойынша оқушы саны 427 құрайды.
2017-2018 оқу жылы жаңартылған білім мазмұнына өткелі отырған сыныптардың ішінде 4, 7-сыныптарға басты назар аударып, осы сыныптармен жұмысымызды бастап кеттік. Өйткені 4-сынып оқушылары бастауышты аяқтап орта буынға аттағалы отырған, ал 7-сынып өтпелі жастағы оқушылар, олардың бұл кезде үлкен даму өзгерісіне ұшырайтыны бәрімізге белгілі. Осы ретте осы оқушыларды қабылдап жаңартылған бағдарламамен жұмыс жасайтын сынып жетекшілер мен пән мұғалімдеріне үлкен қолдау көрсетуіміз қажет. Барлық пән мұғалімдері, басшылар БМЖ курсын аяқтап отыр. Бірақ сол жұмыстың бірізділігін жүзеге асырып, бір жылда жаңа жүйеге түсіп кету үшін, сонымен қатар оқушыларымыздың жаңа да, күрделі тапсырмаларды физиологиялық, психологиялық тұрғыда қабылдауын жеңілдету үшін мектеп ұжымы болып ұйымдасып жұмыс жасауға үшін жаңа жоспарлы жұмысқа кірістік. Алдымен, жаңартылған білім мазмұнының ерекшеліктеріне басты назар аудардық. Олар:
- Рухани–адамгершілік негізді күшейту;
- Дағдыларды дамытуға көңіл бөлу;
- Пәндер бойынша білімнің кіріктірілуі;
- Өмірден алынатын мысалдар;
- Тәжірибелік жұмыс;
- Мұғалім іс-әрекетіндегі еркіндік;
Міне осы ерекшеліктерді үнемі біз жадымызда ұстап, жұмыстануымыз керек. Алдымыздағы оқушыларымыздың болашақта нағыз еліміздің азаматы ретінде қалыптастыруымыз үшін қажет. Бұл бағыттар бойынша мақсатты жұмыс сабақта, тәрбие жұмысында, психолог, әлеуметтік педагог жұмыстарында жүргізіледі. Осы жерде біздер пәндер бойынша білімнің кіріктірілуі, яғни интеграцияға тоқталсақ.
«Білім алу – батылдық, оны толықтыру — даналық, ал шебер қолдана білу – өнер» деген Моцей Танасьтың сөзін еске алайық. Мұғалімнің өз білімін шебер қолдана білуі ғана әрқашан нәтиже әкеледі. Табысты нәтижеге жету үшін ұжымдасып, пәндер бойынша мұғалімдердің өзара ұйымдасып жұмыс жасауы, қоғамдастық құра отыра желілікте тәжірибе алмасып, пәндерді байланыстыруымыз қажет болып отыр. 11 жылдық білім жағдайында біз пәндердің бірлестігін пән мұғалімдерінің санына қарай, ұқсас пәндерді біріктіріп бірлестік құрайтынбыз. Ендігі 12 жылдық мектеп жүйесіндегі бірлестіктердің кіріктіруін білімнің кіріктірілуімен жасақтауымыз қажет болып отыр. Жаңа жүйеде денешынықтыру пәнінің өздігінен бөлек тұруы, және оны ерекшелендіріп қойған себебіміз бұл бағыт енді жаңғыртуды талап етеді.
Жаңартылған білім жүйесі бойынша бағдарламадағы өзгерістерге келетін болсақ, ұзақ мерзімді жоспарды дайын күйінде ұсынып отыр. Бұл жерде оқу мақсаттары бекітілген, оны өзгертпей пайдаланылу талап етілуде. Орта мерзімді жоспар интеграция арқылы жүзеге асады. Орта мерзімді жоспарда тақырыптар, тараулар пәндер бойынша кіріктірілген пәндер өзара сабақ тақырыптарын, мақсаттары мен нәтижелерін салыстыра отырып жасақтауы қажет етеді. Әдіс-тәсілдерді қолданғанда оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру қажет. Жаңа буынға келген оқушылардың бастауыштағы өткен материалдарының ауқымын да ескеріп, ортақ шешімге келу қажет. Ал қысқа мерзімді жоспарда сабақ мақсаты Блум таксономиясы бойынша анықталады, бұл да жаңартылған бағдарлама талабы. Сабақтарда жүргізілетін қалыптастырушы баға критерийі Блум таксономиясы бойынша анықталады. Ал жиынтық баға дегеніміз бұл сырттан келіп алынатын бақылау бағасы. Осы екі баға нәтижелері бір-біріне жақындаған жағдайда ғана бағалауда шынайылық болып, білім сапасы артатын болады.
«Өзгеріс – күрделі үдеріс» — деп деңгейлік бағдарламалар аясында жұмыс жасап жүргенімізге биыл 4-5 жыл болды. Өзгеріс үнемі болады. Өзгеріссіз өмір ол өліммен тең. Әрине өзгеріс бар жерде, проблема бар. Проблеманы шешу үшін шешімдер қабылдауымыз қажет. Ғалым Ицках Адизестің айтуы бойынша өмірде проблема жоқ, Қытай тілінде «проблема» деген сөз «мүмкіндік» деген мағынаны білдіреді. Яғни біздің алдымызда проблемалар емес, мақсатымызға жетуге көптеген мүмкіндіктер тұр. Неге осылай болып жатыр деп отыра бермей, «Не үшін» мен өзгеруім керек, оған қандай қажеттілік бар, мен қандай нәтижеге келемін деген дұрыс болар. Мектепке келіп жатырған өзгерістерді дұрыс шешімдер шешу арқылы басқара білуіміз қажет.
«Ілім үйреніп, оны басқаларға үйретпеу, мол дүние жинап, оны көміп қойғанмен бірдей» — деп Мұхамбет пайғамбарымыз айтқан деген сөз бар. Ендеше бар білгенімізді, жинағанымызды әрқашан бөлісіп, бір-бірімізге қолдау көрсету арқылы біз еліміздің болашақ ұрпағына өнегелі тәрбие де, жоғары білім де бере аламыз деген сенімдемін.
Атагараева Улданай Айткалиевна,
«Құрық орта мектеп-гимназиясы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
директорының әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары