Home » Жаңалықтар » Жаңартылған білім-жаңа бастама

Жаңартылған білім-жаңа бастама

Әлемдік өркениетке қадам басқан еліміздің  білім беру саласы жаңа жүйеге көшу барысында ұлтымыздың  болашағына тірек болар азаматтарды тілдерді жетік меңгерген, терең білімді, жан-жақты  дамыған жеке тұлға етіп қалыптастыруды басты фактор ретінде қарастырып отыр. Осы мақсатты жүзеге асыруда Орал қалалық Ж.Молдағалиев атындағы №2 мектептің үлесі ерекше. Аталмыш білім беру ұйымы әлемдік білім беру жүйесінің көшінен қалмай, дамудың басым бағыттарын негізге ала отырып, жаңартылған білім мазмұнынының жаңа талаптарын барынша орындап келеді. Елбасымыз Н.А. Назарбаев «Дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін, біз жоғары білімді ұлт болуымыз керек», – деп атап көрсеткеніндей, өскелең ұрпақтың функционалдық сауаттылығын арттыру жолында жұмыла қызмет етіп жүрген мектеп ұжымы биыл  кезекті «Пәндерді жаңартылған білім беру жағдайларында оқыту: басымдықтар, педагогикалық тәжірибе» атты тамыз кеңесін ата-аналардың қатысуымен өткізді. Жаңартылған бағдарлама бойынша мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету, қалыптастырушы бағалаудың әдістерін тиімді қолдану арқылы өзара тәжірибе алмасу, жаңартылған білім берудің ерекшелігі туралы ата-аналармен ой бөлісу мақсатында ұйымдастырылып  отырғанын бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің меңгерушісі А.К. Имангалиева көпшілікке кеңінен таныстырып өтті.

Қалалық, облыстық байқау жүлдегерлерінің өнерін тамашалаған соң, тарих пәнінің мұғалімі Г.А.Тулегенова өз баяндамасында жаңаша бағытта жұмыс жасау ұстаздар қауымы арасында зор шығармашылық  шабыт туғызып отырғанын,  бұған дәлел 67 ұстаздың 35-і  жаңартылған білім беру курсынан өтіп, сертификатталғанын алға тартты. 2017-2018 оқу жылында жаңартылған білім бағдарламасы бойынша 1,2,5,7 сынып оқушылары білім алып, сапалы  нәтиже көрсетсе, 2018-2019 оқу жылында 6,8 сынып оқушылары көшетіндігінен  хабардар болдық. Мектеп психологы К.Г.Сакауованың  ұйымдастырған «Менің қалауым» атты психологиялық тренингіне ата-аналар мен ұстаздар қызығушылықпен, зор ынтамен қатысты. Конференция секция отырыстарымен жалғасты. I санатты бастауыш сынып мұғалімдері  Р.Т.Бисакаева мен Т.Б.Кулбатырова «Оқу мақсаттарына жетуде оқушыларға қиындықтарды анықтау мен көмек көрсетудегі қалыптастырушы бағалаудың рөлі» тақырыбында шеберлік сыныбын, II санатты физика пәні мұғалімі А.М.Ермекова мен  II санатты математика пәні мұғалімі А.А.Арыстанова «Математика және физика сабағында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту»,  I санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ж.К.Жолтанова мен II санатты ағылшын тілі пәні мұғалімі Н.Э.Кенжеалиева «Пәндік тілдік кірігу- көптілді білім беру шарты» тақырыптарында шеберлік сыныптарын көрсетті. Ел болашағы үшін бар ынтасымен жаңалық атау­лыны жылдам қабылдап үл­геретін ұстаздар қауымы – қо­­ғамды алға сүйреуге атса­лы­сып отырған үлкен күш, сондықтан ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болулары үшін, оқушылардың бойына қажетті дағдыларды дарыту жолында мұғалімдер тынымсыз еңбектенуі керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында, ұстазға артылар жүкті бағамдай беріңіз. Бүгін мектеп партасында отырған бүлдіршіндер ертең ел тағдырын шешетін азаматтар. Олардың сапалы білім алуын бүгін қамтамасыз ету – мұғалімнің басты міндеті. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», — деп Абай атамыз айтқандай,  озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне үлесін қосары анық. Сондықтан  «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, болашақ ұрпақ тәрбиесіне  ата-аналар да асқан жауапкершілік танытса, мәңгілік ел болуға ұмтылып талпынса, нұр үстіне нұр болары даусыз дер едім.  Ж.Молдағалиев атындағы №2 мектептің  еңбегінің жемісті болуы үшін жан-тәнімен құлшына жұ­мыс істеп жүрген ұстаздарының, ата-аналар тарапы­нан да, балалар тарапынан да разылыққа бөленіп жүргені қуантады. .

 

Жұлдыз Есенаманова

Ағылшын тілі пәні мұғалімі

Орал қаласы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.